АҒАШ КЕСКЕНДЕРДІ ҚАТАҢ ЖАЗАЛАУ КЕРЕК

1  299 көрілім

2019 жылы кесене аумағына Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Экология ғылыми-зерттеу институты 25 түп қараған (акация) ағашын тегін отырғызған. Екі жылға жуық желектерді күтіп, баптау жұмыстарымен институт қызметкерлері өздері айналысып келген. Оған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі де көмектесіп отырған. Тіпті көшеттерді университетке тиесілі «Ғалымдар үйі» ғимараты құбырынан суарып, баптап отырған. Бүгінде өсіп, нәтижесін береді-ау деген уақытта көшет түгілі ағаштың тамырын таппай жер сипап қалған Аманкүл Ақбасова еңбегіміз еш кетті деп ренжулі.

Барын салып, мәпелеп өсірмекші болған жасыл желектің қоршаған ортадан бөлек, тарихи ескерткіштерге орасан пайдасы бар екен. Аманкүл Ақбасова Қожа Ахмет Ясауи күмбезі маңына тектен тек қараған көшетін таңдап алмағанын, жасыл қоршау – тарихи-сәулеттік, археологиялық ескерткіштің сақталуына орасан зор септігін тигізетінін айтады.

– Түркістан облыс орталығы мәртебесін енді иемденген жылдары көлік қозғалысы мен құрылыс жұмыстары жиілеп кеткен болатын. Қараған ағашының шаңды, газды ұстап тұратын қасиеті бар. Біз осыны ескере отырып, қоғамдық негізде ектік. Алдымен дәнді өзімізде өсіріп, баптап алдық. Көшеттің бойы ұзарып, өсіп қалған уақытта кесене маңына жерсіндірген болатынбыз. Ағаштарды қорғау аумағының кедергі жасамайтын аймағына, осындай мәселе туындамас үшін әдейі ектік. Енді міне, сонда да жапа шегіп отырмыз. – дейді Аманкүл Ақбасова.

Қараған топырақ талғамайтын, құрғақшылық пен суыққа төзімді өсімдік. Жапырағы қос қауырсын тәрізді, медицинада оны емдік мақсатта жиі пайдаланады. Оның сағақтары жуан тікенекті болып келетіндіктен бау-бақша мен ғимараттар маңына қоршау ретінде қолданады. Сондай-ақ, ағаш әбден пісіп, жетілген уақытта гүлдеп, айналасына хош иіс береді екен. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Экология ғылыми-зерттеу институты қарағанмен қоса көптеген ағаш түрлерін Жаңақорған зауытына егіп көрген, бірнеше ағаштың ішінен қараған зақымданбай өсіп шыққан екен. Жоғарыда атап өткеніміздей, қараған ағашының суды көп талап етпейтінін, құрғақшылыққа төзімді екенін аңғарамыз. Қаншама жыл күш-қуат пен уақытын арнаған қызметкерлер еңбектері еленбей, ескертусіз алып тастай салғандарына ренжиді.

– Ол көшеттерді отырғызу үшін қаншама адам ерікті түрде еңбек етті. Қурамай өсіп тұрған ағашты тамырымен қопаруға не себеп болды? Бізге неге ескертпеді? Егер ағаштарды алып тастайтынын әкімдік ертерек хабарлағанда, жасыл желектерді басқа орынға көшіретін едік. Кесене маңынан жойылған сол ағаштардың есебін бізге кім береді? – дейді директор.

Аманкүл Ақбасова ағаштардың мәселесімен Түркістан қаласы әкімдігінің «Жасыл Түркістан» КММ арнайы сұрау салып, барып көрген. Алайда, мекеме басшылығы мардымды жауап айтпай, сотқа беріңіз деп шығарып салған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Түркістан үшін баға жетпес асыл мұра. Аманкүл Ақбасованың бастамасымен жерсіндірілген 25 түп ағаш қала үшін киелі мекенге айналған құнды жәдігерімізді таза табиғи жолмен шаң-тозаңнан сақтап қалу үшін ойластырылған. «Судың да сұрауы бар» демекші, кез келген істің жауабы болуы тиіс. Ендігі кезде қала экологиясына өз үлесін қосып, аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың сұрауына тиісті сала басшылығы жауап береді деген үміттеміз.

Қаланы жасыл желекпен көмкереміз деген жауапты тұлғалардың жайқалып тұрған ағаштарды түп тамырымен жоюы тек мұнымен шектелмейді. Өткен жылы темір жол вокзалының қарсы алдын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, аталмыш нысан алдындағы айналма жолдың ортасында әбден жерсінген бірнеше жылдық үлкен шыршалар да жасыл желек ұранының құрбаны болған еді. Сол кезде үлкен шыршалар түбімен қопарылып, орнына жасөскін қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. Бұл істі көрген тұрғындар «шаһарды жасыл қалаға айналдырудың үлгісі осы ма еді?»,- деп жағасын ұстап, билік басындағы азаматтардың ісіне тіпті ашынған жандарды да кезіктірген едік.

Болар іс болды, бояуы сіңді. Алдағы уақытта осындай олқылықтарға жол берілмесе екен деген тілегіміз бар. «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді». Біздің әрекетіміз осы нақылмен астасып, атқарған ісіміз санаға қонымды болып жатса ағаштарымыз мәуелі баққа айналып, ұрпағымыз саналы болып өсері сөзсіз.

Ғалия БИСЕЙІТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы