ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ ТУҒАНЫНА 90 ЖЫЛ

1  515 көрілім

Халқымыздың ғасырлар қойнауына кеткен тарихын, мәдени мұраларын зерттеп, оның келешек ұрпаққа жетуіне алтын көпір болған, көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарих ғылымының докторы Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының үлкен жанашыры.Тәуелсіз мемлекетке айналуымызға өз еңбегін қосқан, өмірі өнегеге толы Өзбекәлі Жәнібеков биыл 90 жасқа толды. Қоғам қайраткерінің 90 жылдығы мен алаңсыз өткен 30 жылдық азаттығымыз тұспа-тұс келмек.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданына қарасты «Сарықамыс» ауылында дүниеге келген. Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Ол еңбек жолын ауыл мектебінде ұстаздық етуден бастаса, кейін әртүрлі басқару мекемелерінде қызмет атқарады. 1977-87 жылдары Қазақстанның Мәдениет министрінің орынбасары, 1987-88 жылы Мәдениет министрі, 1988-1991 жылдары Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарды.

Кеңес үкіметі кезінде қазақ жұрты бастан өткерген небір тағдырлы нәубеттерде ұлттың салт-дәстүрі мен ұстанымдарына, ғұрыптарына қатаң тиым салынған еді. Солардың бірі – Әз Наурыз мерекесін тойлауға тоқтау салған болатын. 1926 жылы Қазақстанда Наурыз мерекесіне ескі ғұрып, мұсылманның діни мейрамы ретінде тыйым салынды.

Алайда, 1988 жылы Наурыз мерекесі қайта тойлана бастады. Оның жаңғыруына көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді. Ұлт жанашыры Өзбекəлі Жəнібеков:«Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды» деп ұлттық мейрамды ресми мереке ретінде қайта әкелді. Қоғам қайраткерінің тікелей атсалысуымен 1988 жылдың 22 наурызынан бастап Наурыз мерекесі елімізде қайтадан ресми түрде ұлттық мереке күні болып белгіленді.

Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың ұлттық мәде­ниетінің өркендеуіне, қазақ тілінің мем­лекеттік мәртебе алуына көп күш-жігер жұмсаған қайраткер. ХХ ғасырдың жетпі­сінші жылдарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруге ұйытқы болған. Оның бастамасымен көптеген этнографиялық мұражайлар ашылды, сонымен қатар қазақ жеріндегі тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Ол Торғайда «Шертер», «Ғасырлар пернесі», Алматыда «Сазген», «Адырна», «Алтынай» ансамбльдерінің құрылып, өнер көрсетуіне ақылшы, демеуші болған азамат. Ө.Жәнібековтің «Қазақтың ұлттық қолөнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар» атты бірнеше жинақтары жарық көрген. Ұлт қайраткері өзінің саналы ғұмырында адам бойындағы асыл қасиетті аша біліп, дарынды жастарды үлкен сахнаға баулыған өнер жанашыры. Ол кісінің ұстаздық еңбегі, өнерлі жастарға қамқорлығы жайлы халқымыздың көрнекті ғалымы, академик Зейнолла Қабдоловтың «Адамнан азамат шығаратын, баладан дана жасап шығаратын құдіретті күш – ұстаз еңбегі. Өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау ұстазға ғана тән. Өзбекәлі Жәнібеков арда туып, өмірде арман қуған жан. Адамдардың неге қабілеті бар, соны өсіруге күш-жігерін жұмсаған жан, өнер жанашыры» деген пікірі Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. 1980 жылы 1 тамызда Орталық Комитеттің ұйғарымымен Респуб­ликалық саз аспаптар музейін ашу туралы қаулы шықты. Өзбекәлі Жәнібеков басқаруымен тоғыз айдың ішінде музей экспонаттарын іздестіріп, Семей облысындағы Абай музейінен ақынның домбырасын, Атыраудан Мұрын жыраудың, Қызылорданың орталық музейіндегі Шашубайдың сырнайын, Ә.Бектасовтың көмегімен Біржан салдың домбырасын алдырып, болашақ «Сазген» ансамблінің аспаптары мен ұлттық киімін дайындап, үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарын жөнге келтірді.

Қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков «Сазген» ансамблімен алғаш Оңтүстік Қазақстан облысын аралады. Қазақстанның әр жерінен үш жүздей экспонат жинады. Осыдан соң «Сазген» ансамблі Югославия, Марий АКСР-і, Түрікменстан, Үндістан жерін аралап, Алжир мен Францияда концерт қойды. Мәскеуге үш рет барып, халықаралық фестивальдерге қатысты. Осы орайда театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай көзі тірісінде: «Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ халқының біртуар азаматы. Өз кезеңінің аса ірі қайраткерлері ретінде салған жолы сайрап жатыр», деп ерекше толғанатын.

Өзбекәлі Жәнібеков дарынды жастарға қамқор болып, олардың қанаттануына, сахналық шеберлігін шыңдауына ерекше көңіл бөлді. Сондай қарындастарының бірі – Мәдина ­Ералиева еді. Сыңғыр дауысты сырнайшы қызды жиын-тойда көріп, әншілігін мойындағаннан кейін «Адырна» ансамбліне әнші ретінде қабылдайды. Ол Мәдинаның орындайтын әндері мен киетін ұлттық киіміне ерекше мән беріп, үлкен сахнаға алып шықты, бағын ашты. Жас әнші өз тыңдаушысын тапты, көпшілік қошеметіне бөленді. Академик Әмен Қайдаров Өзбекәлі Жәнібеков жайлы «Өзағаң туралы көп айтуға да, аз айтуға да болады. Ол кісінің қазақ халқына жасаған жақсылығы, игілікті істері мол. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе әперуге байланысты біз бірігіп еңбек еттік. Ақтаңдақтарды ақтап алуға байланысты көп ақылдасушы едік. Ол кісінің артына қалдырып кеткен ғылыми еңбектері баға жетпес қазына. Қолға алған нәрсесін аяқтауға тырысатын. Қазақ тілі қоғамын құруға мен мұрындық болсам да Өзағаңның көмегі көп болды. Тілімізге мемлекеттік мәртебе беру деген үлкен іс. Сондықтан бұл іске халықты араластыру, елдің санасын ояту керек болды. Осы істердің барлығына жол көрсетіп келген Өзбекәлі Жәнібеков еді» деп еске алады.

Тарих қойнауына үңіліп, халқымыз­дың өмірі мен тіршілігін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеп, ерлігі мен бірлігін паш етіп, келер ұрпаққа баға жетпес құнды еңбектері мен өсиетін қалдырған еліміздің біртуар ірі тұлғаларының бірі – мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі жыл өткен сайын құндылығы арта түсері анық. Қоғам және мемлекеттік қайраткердің дара жолы, қыруар еңбегін ел ұмытпақ емес. Керісінше, жылдар ағымымен биік рухы асқақтала бермек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы