ТҮРКІСТАНДЫҚ ҚОС БҰРЫМДЫМЫЗ ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТТЫ

918 көрілім

Кеше ғана Токио Олимпиадасы аяқталса, араға аз уақыт салып тағы бір дүбірлі дода мәресіне жетті. Уфа қаласында өткен жасөспірімдер арасында еркін күрес және грек-рим күресінен 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем біріншілігінде түркістандық қос бұрымдымыз жеңіс тұғырынан көрінді.

Атап айтсақ, Түркістан облыстық Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Нилуфар Раимова әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ол финалдық жекпе-жекте италиялық Аврора Руссодан басым түсті. Тартысты өткен кездесу 8:6 есебімен жерлесіміздің пайдасына шешілді. Айта кетейік, Нилуфар жартылай финалда түркиялық Эльвира Камалоглуды 4:2 есебімен, ширек финалда Беларусь аруы Мария Билиданы таза жеңді. Ал іріктеу кезеңінде тартысты белдесуде ресейлік Анастасия Козлованы (6:5) тізе бүктірді. Сонымен қатар тағы бір жерлесіміз Мадина Аман (59 келіге дейін) үшінші орын үшін белдесуде Анна Шелді (Венгрия) мерзімінен бұрын жеңіп, қола медальға ие болды.

Бүгін Түркістан халықаралық әуежайында қос спортшыны жерлестері, ағайын-туыстары, зиялы қауым өкілдері сән-салтанатпен қарсы алды. Аталмыш шарада сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ел мерейін асырған спортшыларымызға жылы лебізін білдіріп, Түркістан облысы құрылғалы бері бірінші жоғары жетістігіміз деген қуанышын жеткізді. Сонымен қатар әлем чемпионы  Нилуфар Раимоваға 1 000 000 теңгелік сертификат, қола жүлдені қанжығасына байлаған Мадина Аманға 500 000 теңгелік сертификатты қала әкімі Нұрбол Тұрашбековпен бірге салтанатты түрде тапсырды. Өз кезегінде сөзге шыққан қос аруымыз қолдау білдірген жерлестеріне шынайы алғыстарын жеткізсе, спортшыларымыздың бапкері Нұржігіт Ерімбетов алда спортшыларымызға Олимпиада чемпионы болу нәсіп етсін, бүгін ақ пейілмен қарсы алған баршаларыңызға үлкен рахметімізді білдіреміз,- деді.

Райымжан ӘЛІБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары