Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Өңірлерді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесінің мәжілісі өтті. Аталмыш жиында, облыстағы ең өзекті деген үш тақырып терең талқыланды. Атап айтсақ, Ауылды жаңғырту жоспары: Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылуы; Мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі тұрғын үй құрылысы мәселелері; Түркістан облысындағы шағын және моноқалаларды дамыту және абаттандыру мәселелері қаралды. Мәжіліс Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Өңірлерді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Алмас Салимовтің төрағалығымен өтті.
2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 24 жаңа нысан құрылысы жоспарланған. Республикалық бюджеттің I-науқанында ұлттық қордан аталған нысандарға деп 3,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінде оның 220 000 мың қаржысы толық игерілген екен. Одан бөлек, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Руслан Тұрғамбаев газбен, жылумен және сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселенің ауқымы жайлы Түркістан облыстық құрылыс басқарма басшысының орынбасары Тәжібай Егетаев баяндады. Осы жылы құрылыс басқармасы тарапынан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 13 жобаны іске асыру жоспарланған. 2021 жылы осы жобалардың іске асырылуына 3,2 млрд. теңге бөлінген. Биыл қаңтар–маусым айы қорытындысымен 1808 пәтер пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 102,2 пайызға ұлғайғанын айтады басқарма басшысы.
Одан бөлек, облыстың аудан, қалаларында биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 118 үйдің, яғни, 7074 пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылдың қорытындысымен 85 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланса, қалған 33 үйдің құрылысы келесі жылға өтпек.
Үшіншіден, Түркістан облысындағы шағын және моноқалаларды дамыту және абаттандыру мәселелері қайта талқыланып, тыңдалатын болды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Полат Тұрсынбаев бұл бағыттағы жұмыстар партияның және қоғамның қатаң қадағалауында екенін айтып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру керектігін ескертті.