КЕНШІ БАҚЫТЫ

1  117 көрілім

Осыдан бірнеше жыл бұрын қолыма Жезқазған қаласынан шығатын «Мысты өңір» газеті түсіп қалды. Ішінен бірден көзіме түскені «Жігіттің сұлтаны» (авторы Нұрперзент Домбай) атты мақала болды. Оқи жөнелдім: «Рысекеңнің бір ерекшелігі – оның қазақылығының молдығы. Өндірісте көп ретте бұл қасиет жетісе бермейтіні бар ғой. Қазақы дәстүр мен әдеп-ғұрыптардан барынша хабардар. Мұның сыртында қарапайымдылығы мен кеңпейілділігі, жолдасқа, досқа адалдығы, бірсөзділігі жаныңды жадыратпай қоймайды».

Иә, бұл мақала өзіміздің Жүйнек ауылынан шыққан Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, құрметті кеншісі, еліміздегі әйгілі «Қазақмыс» корпорациясында басшылық қызметтерде істеген Рысдәулет Есімов ағамыз жайлы еді. Содан бастап мені ауылдан осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын кетіп, Ұлытау төрінде «төре» болған ағамыздың өмір жолы қызықтыра бастады, ол кісі жайлы білгім келді. Соның реті, міне, биыл түсіп отыр. Жақында, өмірден қайтқан ағайындарға бата, тірісіне сәлем қыла ауылға келген Рысдәулет ағамен кездесіп, кеңірек әңгімелескен едім. Оның жастарға үлгі боларлық саналы ғұмырын көпшіліке таныстыруды жөн көрдім.

Рысдәулет Тұрарбекұлы Есімов – 1957 жылы 10 наурызда қазіргі Жүйнек ауылында дүниеге келген. 8-сыныпқа дейін Түркістандағы мектеп-интернатында оқып, жоғары сыныптарды Кентау қаласындағы мектеп-интернатта жалғастырады. Білімнің негізін мектепте-ақ бойына сіңіріп шыққан ол, мектептен соң арманына қанат бітіріп, Алматыға аттанады. Ондағы ойы білікті маман болып, елге қызмет ету еді.

Алматыдағы политехникалық институтты кен инженері мамандығы бойынша 1981 жылы бітіріп, жолдамамен Жезқазғанға келеді. Оқу орнын жаңа бітіріп келген Рысдәулет аға еңбек жолын Оңтүстік Жезқазған кенішінің №17 (үңгілеу) теліміне кен шебері болып орналасады. «Кенші болып, бірден жұмысқа кірісу мен үшін соншалықты қиын болған жоқ, бұл жұмыс маған сәл де болса таныс еді. Бұдан бұрын практикада Донбаста болып, 6 ай көмір қазғанбыз» деп еске алады алғышқы еңбек жолын. Тындырымдылығы мен іскерлігімен бірден көзге түскен жас маманды мекеме басшылығы екі жыл өтпей-ақ учаске бастығы қызметіне жоғарылатады. Араға тағы екі жыл салып, №65 шахтаның бас инженері болды, одан кейін шахта бастығы. Бұл №65 шахта ағамыздың өмірінде ерекше орынға ие.

Жезқазған кеніші «Қазақмыс» корпорациясындағы алдымен ауызға алынатын ең ірі кен кәсіпорны десек, №65 шахтасы осы кеніштің «жүрегі» саналады. Өндірістік жоспар көлемі де жұмысшылар саны да басқа шахталармен салыстырғанда ауқымды бұл шахтаны басқаруға кім болсын соны жібере бермейтіні айтпаса да белгілі. Ағамыз бәрінің үдесінен шыға білді.

1981-1993 жылдар аралығында кен шебері, учаске бастығы, бас инженер, шахта бастығы. 1994-2005 жылдары Батыс Жезқазған кенішінде №31-32 шахта бастығы, ОЖК және БЖК өндіріс орындарында бас инженер, директоры болды. 2005-ші жылы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кен-металлургия комбинатында атқарушы директордың 1-ші орынбасары, 2006-шы жылы Жезқазған комбинатының бас инженері, 2006-2009 жылдар аралығында комбинаттың қауіпсіздік және еңбекті қорғау басқармасының директоры.

«Қазақмыс» компания басшылығы оның еңбегін жоғары бағалап кеншілердің басты наградаларымен марапаттады. І-ші, ІІ-ші, ІІІ-ші дәрежелі «Кенші Даңқы» медальдарының иегері. Қазақстанның «Құрметті Кенші» төсбелгісімен және осы кен комбинатының юбилейлеріне арналған төсбелгілермен, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамоталарымен және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Жүрегі таза, көңілі дархан жан төңірегіндегі ел-жұртқа шапағатын тигізіп жақсылық нұрын себумен қатар, ауылдағы ағайындарды да естен шығарған емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмыссыз қалып, қиналған ауылдағы талай жастар Рысдәулет ағаны сағалап Жезқазғанға сабылды. Олардың біреуінің бетін қайтарған емес, бәрі жұмысқа орналасты. Қазір ол жақта осы жақтан барып орналасқандардың өзі кішігірім бір ауыл болды десек артық айтқандық емес. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы шығар. Рысдәулет ағаны сағалап барып, жұмысқа орналасқан, қазіргі уақытта сол жақта тұрақтап қалған ағайындарының бірі Жақсылық сол уақыттарды былайша еске алады: «1985 жылы Рысдәулетке арқа сүйеп Арқа жеріне бардым. Қақаған қара суығы ұнамаса да Рысдәулет пен Күләштің жылы қабақтарына жылындым. Құстың ұясындай үш бөлмелі пәтерінің бір бөлмесін бізге босатып берді. Сол үйде бір жыл тұрдық. Үйінен қонақтар үзілмейді, үйлері тар болғанымен көңілдері кең дариядай».

Рысдәулет ағамыз зейнеткерлікке шыққаннан кейін Алматыға қоныс аударған. Күләш жеңгеміз екеуі балаларға көмек болсын деп немерелерінің тәлім-тәрбиесін өз қолдарына алған жайы бар, солардың уақытында қосымша сабақтарға, спорттық жаттығуларына баруына көмегін тигізіп отырады. Сонымен қатар, ағамыз бос уақытында «Sky Way» компаниясында менеджер болып жұмыс атқарады. Инженер Анатолий Юницкий жасаған бұл инновациялық көлік технологиясы компаниясы – рельсті эстакада бойымен жүретін электромобильдерді өндірумен және жетілдірумен айналысады. Әлем бойынша көптеген елдерде серіктестік компаниялары бар. Онда танымал ғалымдар жаңа жоба бойынша жұмыстар атқарады.

Иә, қазіргі уақытта Күләш жеңгеміз екеуі бақыт құшағында, үш бірдей қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды құтты орындарына қондырды. Осы жерде реті келген соң айта кетер бір жайт, Күләш жеңгеміз де Кентау қаласынан, атақты композитор Сейдулла Бәйтерековтың қарындасы. Екі жастың үйлену тойында Сейдолланың досы, ақын Мұхтар Шаханов болып тойдың жарты бөлігін өзі басқарған екен. Сол тойда Мұхаң өзінің 1979 жылы жарық көрген «Ғашықтық ғаламаты» атты өлеңдер жинағын қолтаңбасымен сыйға тартқан.

Бәйтерекова Күләш Бәйтерекқызы, мамандығы мұғалім (француз, неміс) Алматыдағы шет ел институтын бітірген. Сәтбаев қаласындағы №27 мектепте мұғалім. Үлкен қызы Эльмира Алматыда, екі институтта оқыған (Нархоз және ҚазГу-дың юр.фак-ін бітірген). Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда кәсіби бухгалтерлер дайындайтын палатасында менеджер болып жұмыс істейді. Ортаншы қызы Гүльмира Алматыдағы ҚазГУ-дің халықаралық қатынастар факультетін бітірген. Алматыда «DHL» ЖШС компаниясында кадрлар және клиенттермен жұмыс істеу бөлімдерінің директоры болып қызмет істейді. Кіші қызы Лаура Алматыдағы ҚазГУ-дің қаржы факультетін бітірген. Қазіргі уақытта Алматыда өзінің жеке бизнесін ашып, дизайнер болып қызмет атқарады.

Әбдіғаппар ЖАҚЫПОВ,

ақын, Жүйнек ауылының тұрғыны.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы