ҰЛТЫН СҮЙГЕН АСЫЛ АЗАМАТ

894 көрілім

Өнегелі өмірдің берер сыйы көп-ақ. Соның бірі ұлылардың өмірі даралыққа, ерлікке, тұнып тұрған өрлікке жетелейтіндей. Бүгінгі ұрпақ соларға қарап бой түзеп, еліне, ұлтына, жеріне қалай қызмет етудің ақ жолын үйренері ақиқат. Қашанда әділдік пен ақиқат жолында от кешуді бойларына дарытар десек жалған болмас.

Сөз баянын Өзбекәлі Жәнібеков жайында айтайын. Түркістан топырағының киесі дарыған үлкен жүректі ұлт азаматы. Қайталанбас қайраткер тұлға. 1931 – 1997 жылдары ғұмыр кешкен. Қарапайым мектеп мұғалімінен Орталық комитеттің хатшылығына дейін өскен. Қызметнамасы осылай. Бар өмірін ұлтына арнаған қажымас еңбектің иесі. Өзбекәлі Жәнібеков Орталық партия комитетіне хатшы болып барған тұста Шәкәрім Құдайбердіұлын ақтауға ұсыныстар түсіп сол бойынша Орталық комитет комиссия құрған болатын. Біраз кері таластар бола жүріп, ақыры 1988 жылдың сәуір айында Шәкәрімді ақтауға шешім қабылданған. Сол тұста Өзекең аталған комиссияға Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтардың ісін қарауды тапсырған. Осы арқылы олар қатысқан Алаш орда үкіметі қызметі мен Алаш қозғалысын жаңаша бағалаудың басында тұрды. Боздақтарымызды ақтаудың өтінде жұмыстар жасады. Қазақ үшін аянып қалған жоқ, қолынан келгенін жасады. Өмірі ұлты үшін өтті. Торғай обылысын аяқтан тік тұрғызуының өзі неге тұрады. Сол тұста ежелден бар облыстардың өзінде театр жоғын ескерсек, Торғайда театр құрып, сахнасын «Айман-Шолпанмен» ашуы қандай еңбек. Тіпті Торғайдың өлкетану музейін өз қолымен ұйымдастыруы қандай көрегендік. Табиғаты тазалық пен адалдықтан тұратын батыл келген тік мінезді Өзбекәлі Жәнібек Советтік биліктен еш қаймықпастан ұлтына тер төкті. Өмірдің ащы – тұшысын бір кісідей тата жүріп, Ленинградтағы Эрмитаждан Тайқазанды алдырудың машақатты жұмысын да жеңіспен орындады. Мемлекетаралық құжаттарды тыңғылықты мұқият дайындатты. Бөгде ойда болуға Ресейдің де шамасын келтірмеді. Ондай ырық та, мүмкіндік те берген жоқ. Бұл кісі жайлы бір хатқа сыйдыру мүмкін емес. Ерлігі мен еңбегінде аз сөзбен жеткізуде болмақшы емес. Бар болғаны мақтанышпен айта алатын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттің қомқоршысы, зерттеуші – ғалым Өзбекәлі Жәнібектің киелі Түркістанмен тамырлас болғаны үшін де аздап сыр шерттім…

Өзбекәлі өмірін бір кісідей білетін әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің айтуына қарағанда, Абай атындағы педагогикалық оқу орнын үздік бітірген ол Оңтүстік Қазақстанға қызметке орналасқан. Келес ауданындағы мектепке пионер жетекші, тарих пәнінің мұғалімі, кейін мектептің оқу ісінің меңгерушісі, соңынан аудандық комсомол ұйымының жетекшісі болып еңбек етеді.

Өзекең басшылық еткен жылдары алғаш рет Республиканың жастар ұйымының жетекшісі ВЛКСМ Орталық Комитетіне бюро мүшесі болып кірді. Одақта өзінің орнын алды. Өзбекәлі осы қызметте жүріп, ЛКСМ Орталық Комитетінің ғимаратын салуға, жастардың күшімен екпінді құрылыстар жүргізіп, Көктөбенің игерілуіне, жастар ансамблінің құрылуына, жастар театры мен Ғ.Мұратбаевтың Қазалыдағы музейінің ашылуына мұрындық болған. Шынында, Ө.Жәнібеков есімі Ғани есімінен кейін, ізбасары ретінде тарихи орынды иеленді.

Жастар ұйымы атынан ол жылдары Өзбекәлі Жәнібеков шет елге сирек те болса делегация басқарып шығып тұратын. Айталық, бірде Болгарияға Дүние жүзі жастары форумына қазақ жастарын басқарып апарса, екіншіде Въетнамға сапарлаған. Жастардың жетекшілігінен 1970 жылы ол жаңадан ұйымдастырылып жатқан Торғай облысына – облыстық партия комитетінің үшінші хатшылығы қызметіне жіберіледі. Ол кезде облыстың бар басшысы Мәскеуде бекітіледі. Жаңа ұйымдасқалы тұрған облыс басшыларын бекітерде КСРО Бас хатшысы Л.И.Брежнев өзге кісілерге назар аудармай, Өзекеңе қарап «Біздің комсомол бара жатыр екен. Облыс болады» депті үлкен сеніммен! Айтса айтқандай, Мәскеуде Саяси Бюрода бекіп шыққан сол басшылар аудан деңгейіндегі аумақтан Торғайдайын облыстық аймақ жасап шыққан еді.

Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамының қайта тойлануына жасап кеткен еңбегі ел есінен өшпейді. Осының өзінен ұлтқа адалдығы мен ұлы махаббаты аңқып-ақ тұр.

Өмір жолы өнегеге айналған асыл азаматтың есімімен қатар, «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты еңбектері ұрпаққа мұра болып, үлкен тәрбие мектебіне жетелеп барады.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы