БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛМІЗ

1  379 көрілім

Елбасымыздың Жарлығымен елімізде 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде 1996 жылдан бері аталып келеді. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбірлік пен ынтымақ болған жерде қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны сөзсіз. Облыс орталығы Түркістанда ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде қаламыз өркендеп, ілгері басып келеді. Мереке қарсаңында бір-бірімен тату-тәтті, ынтымақ-бірлікте өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдері туралы жазуға бел будық.

Манзила мен Эльдарды көптен танимын, екеуі де татар ұлтынан. Менің Қарлығаш апамның көршісі болғандықтан Манзиламен әр кездескен сайын тез шүйіркелесіп, әңгімеміз жараса кетеді. Адамды жатырқамайтын, әрдайым күліп жүретін Манзила қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіпті. Манзиламен әңгімелесе отырып өмірдерегіне қанықтық.

Манзила Фаридқызы Яаппарова 1964 жылы 6 қыркүйекте Түркістан қаласында туылған. Некрасов атындағы №9 мектепті бітірісімен педагогикалық училищеге оқуға түсіп, тәрбиеші мамандығын алып шығады. Түркістан, Кентау қалаларындағы балабақшаларда тәрбиеші болып 10 жыл еңбек еткен. 1996 жылы Эльдар Яаппаровқа тұрмысқа шығып, жас отау иелері атанады. Манзила мен Эльдардың Нұрислам (1997), Айдар (1998) есімді ұлдары Шымкент қаласындағы ОҚМУ жоғары оқу орнының соңғы курсында оқиды.

Ал,Эльдардың мамандығы –  дәнекерлеуші (сварьщик). Манзиланың айтуынша, қаламыздағы «Түркістан» логотипі суреттелген орындықтарды, жаңадан салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің балкондарын дәнекерлеу жұмысында Эльдардың да өз қолтаңбасы бар. Осы орайда, қаламыздың өсіп-өркендеуіне дәнекерлеуші мамандығымен өз үлесін қосып отырған Эльдарға халықтың алғысы шексіз деп айтқымыз келеді.

– Менің көршілерімнің барлығы қазақ отбасылары. Бір көшенің бойындағы көршілер өте тату-тәтті тұрамыз. Атап айтсам, Қарлығаш, Ұлдарай, Нышанкүл, Роза, Нағима, Манзура, Гүлзира, Бақыткүл, Сабира, Зауре апайлардың барлығы керемет жандар. Әсіресе, наурыз мерекесінде барлығымыз бірлесіп, наурыз көже қайнатып, жеті шелпегімізді пісіріп, ақ дастархан басында бас қосамыз. Қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы көремін. Әсіресе, жастар шаңырақ көтеріп, жаңа отау құрғанда екі жақты ата-аналар бір-бірлерін құдалыққа шақырған құда күту рәсімі өте керемет. Көршілерімнің осындай құдалықтарында жиі боламын.

Шіркін, қазақ халқының дастарханы мол ғой, небір дәмді тағамдарынан ауыз тиеміз. Мен өз ұлтымның тағамдарын даярлаумен қатар, қазақ халқының ұлттық тағамдарын, соның ішінде ет асып, бауырсақ пісіремін.

Қаламыздың барша тұрғындарын Қазақстан халқының достығы және бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан халқының ынтымақ, бірлігі мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір сүріп жатқан ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі деп ойлаймын. Осы Қазақ елінде дүниеге келгеніме бақыттымын. Аллаға шүкір, осы егемен Қазақстанның қол жеткізген табыстарының барлығы Елбасымыз Н.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сарабдал саясатының арқасында ауызбіршілікте, ынтымақта өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі әлемдегі жағдай ең алдымен денсаулықты, жақындарымызды, жылы қарым-қатынасты қадірлеу керек екенін түсіндіргендей. Сіздерді осы мерекемен құттықтай отырып, бар жақсылықты тілегім келеді, – дейді Манзила Фаридқызы.

Биылғы жылы Манзила мен Эльдардың отау тіккендеріне 25 жыл толып отыр. Алла қаласа күміс тойларын тойлағалы отырған бақытты шаңырақ иелерінің дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы