«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» ҚЫЗМЕТІНІҢ САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

1  341 көрілім

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы жандарға жүгінеміз. Күн демей, түн демей қажет кезде бірінші болып жанымыздан табылады. Ауырып, сырқаттанып қалсақ алдымен жәдел-жәрдем қызметіне жүгінетініміз ақиқат. Сондықтан біздер қала аумағында жедел-жәрдем қызметінің атқарып жатқан жұмыстарын газет бетіне жариялауды құп көріп, Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ақайша Аманжоловамен арнайы барып тілдескен болатынбыз.

– Ақайша Әшімқызы қазіргі таңда елімізде індеттің таралуы өршіп тұрған шақта алғашқы көмекте жедел-жәрдем қызметінің алар орны ерен. Кез-келген ауырған жанның алдымен жәдел-жәрдем қызметіне жүгінетіні белгілі. Осы тұрғыда қазіргі жағдай туралы айтып өтсеңіз?

– Қазіргі таңда коронавирус індетіне шалдыққан науқастар немесе оған күдікті ретінде тіркеліп отырған пневмония ауруларына бірінші болып, жедел жәрдем бригадалары барады. Шақырту кезінде көбінесе науқастарда ентігу, жөтелу, қақырықты жөтел, дене қызуының көтерілуімен шағымдар түседі. Бізде алғашқы медициналық көмек көрсетуге барған кезде науқастың жағдайын бақылайды. Соның ішінде ең бірінші қандағы оттегі деңгейін пульс оксиметр арқылы анықтайды. Оны біз сактурация деп атаймыз. Науқаста 95 пайыздан төмен көрсетсе, өкпе организмді оттегімен қамтамасыз ете алмай жатыр деген сөз. Осындай жағдайда және дене қызуы көтерілсе, аурудың тарихы, яғни дене қызуы бар, жөтелген адамдармен байланыста болған деген эпидемиологиялық жағдайын жинаймыз. Егерде сондай адамдармен байланысқан болса, бригада дер кезінде ауруды ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылдайды. Осындай жағдайлар орын алып жатса, бірден call орталығына хабар беріледі. Сосын кезекші жауапты адам ол науқасты қай госпитальға жеткізу керек екені туралы шешім қабылдайды. Біздің Түркістан қаласында екі госпиталь бар. Біреуі қалалық орталық аурухананың жанындағы инфекциялық аурухана госпиталі, ал екіншісі 40 орындық ХҚТУ клиникасында. Яғни, алдымен ол жерде орын бар ма, сол жайында хабар аламыз. Кейде екі ауруханада да орын болмай қалатын жағдайлар болады. Ол кезде аға дәрігерлеріміз басқа аудандардағы ауруханалармен келісіп, сол жаққа жібереді. Қазір бізге жақыны Отырар ауданы және Арыс, Кентау қалалары. Ол жерге жіберілетін болса, науқастың жеке мәліметтері мен ауруы, жағдайының қаншалықты деңгейде төмен екендігі туралы ақпарат алдын ала жіберіледі. Биыл науқастарды тасымалдау бойынша ешқандай мәселе болып жатқан жоқ. Былтыр белгілі бір аудандарда ғана госпиталь ашып, сол жерлерге жеткізіп жүрдік. Ауру қатты өршіген кезде әр ауданның өзінен госпиталь ашылды. Бізде үш ауруханаға жатқызудың түрі бар. Біреуі бақылау, екіншісі провизор, үшіншісі госпиталь. Бақылау дегеніміз ауру шығуы мүмкін деген, яғни науқаспен байланыста болған немесе шет елден келген адамдарды тексеретін орын, провизор деген қолында анализі жоқ, бірақ жөтелі, дене қызуы бар адамдарды қарайтын орын. Ал, госпиталь дегеніміз науқаста КВИ белгісі анықталған жағдайда жеткізілетін орын. Былтыр пневмониядан да қаншама адам қайтыс болғандықтан, қазір пневмония белгісі анықталған жағдайда жедел госпитальға жеткізіледі.

– Түркістан қаласы бойынша орта есеппен жедел-жәрдем стансасына тәулігіне қанша қоңырау түседі?

– Бір тәулікте Түркістан қаласының өзінен 200-300-ге жуық, ал облыс бойынша 2000-ға жуық жедел жәрдем қызметіне шақырту түседі. Жедел жәрдемнің өзі шұғыл медициналық жәрдем көрсету бойынша 4 санатты шақырту болып табылады. Оған поликлиникадан ашылған бригадалар барады, яғни созылмалы аурулар, қан қысымы көтерілген жағдайда. Ал, шұғыл шақыртуларға, 103 барады. Наурыз айының ішінде 51838 шақырту түскен, оның 33230-ын 103 атқарса, 18608 клиникалық бригада атқарды. Облыс бойынша 5 бекет, 17 бөлімше бар. Айырмашылығы бекеттер қалаларда, аудандардағы бөлімше болып табылады.

– Түркістан қаласында қанша жедел-жәрдем бригадасы қала тұрғындарына қызмет етеді? Онда қанша дәрігер-фельдшер мен жүргізуші жұмыс жасайды.

– Облыс бойынша 140 бригада қызмет атқарады. Түркістан қаласында 2 бекет бар. Біреуі қалалық орталық аурухананың жанында, екіншісі бұрынғы балалар ауруханасының орнында. Бірінші бекетте 10 бригада, екіншісінде 8 бригада жұмыс атқарады. Біздегі №225 бұйрыққа сәйкес, 4 санат бойынша, яғни бірінші 10 минут, екінші 15 минут, үшінші 30 минут, төртінші 1 сағат уақыт ішінде жету керек. Бұл шақыртудың түріне қарай, мәселен адам естүссіз жатса, болмаса баланың тамағына бір зат тұрып қалса біз 10 минут ішінде жетуіміз керек. Ол адамның өмірін сақтау үшін бізге әр минут қымбат. Қалада қазір 3-ші арнайы жол сызылып қойды, ол жол тез жету үшін арналып отыр. Қазір бізде дислокация, алшақтату арқылы жедел жәрдем бригадалары орналастырылды. Ол дегеніңіз сол маңдағы ауырған науқасқа жедел жетуді көздейді. Олар қалалық емханада (шнос), Шорнақ елді мекенінде, Ескі Иқанда Түркістан қаласының бригадалары орналасқан. Бұл шұғыл шақыртулар үшін. Бір тәулікте Түркістан қаласының өзінде 200-ден астам шақырту түседі. Әр бригадаға бір тәулікте 15-20 шақырту деген сөз. Бригадамыз дәрігерлік, фельдшерлік болып бөлінеді. Дәрігерлік бригадада 1 дәрігер, 1 фельдшер, бір жүргізуші, ал фельдшерлік бригадада 2 фельдшер, бір жүргізуші. Біздің жүргізушілердің өзі шұғыл жағдайға үйренген. Мәселен, ауыр жағдайларда оларға арнайы тапсырма берілмесе де, арнайы апараттарды алып, жеткізіп, көмектесіп жүреді. Бес дәрігерлік, он үш фельдшерлік бригада қызмет етеді. Бізде күнделікті сағат 8-де ауысым болады. Егер 7-ден 55 кеткенде шақырту түссе де сол күні демалысқа шығатын бригада барады. Себебі, шұғыл жағдайдағы шақыртулар түссе 5 минут күтіп тұра алмаймыз. Бұнымен қоса, бізде «көмек» бағдарламасы бар. Ол сағат 8:00-де ашылып, 24 сағатта жабылады. Бізде автоматтандырылған жүйеміз осы «Көмек» бағдарламасы. Келген шақыртулардың бәрі осы жерге түседі. Бізде call орталығында 30 пульт болса, жұмыс атқаратын 15-20 диспетчер бар. Одан бөлек, 7 эвакуатор (Шақыртуды қабылдап реттеуші фельдшер) жұмыс жасайды. Мысалы, Түлкібасқа шақырту түссе, 67-ші бригадаға хабар беру үшін сол ауданның эвакуаторы отырады. Диспетчер эвакуаторға жібереді де, ол 67-ші бригадаға хабар береді. Аудандар бөлек, бәрі қалада болмағандықтан диспетчер тікелей бере алмайды, қайсы бригада бос екенін білмейді. Ауылдарда да дислокация бар. Мәселен, Отырардың Шілік ауылында тұратын болса, оны тек эвакуатор ғана біледі. Сол үшін эвакуаторға жіберіп, ол аудандағы бригадаға береді. Жалпы аудандарда 7 эвакуатор бар.

– Былтыр індет өршіген тұста науқастарды көрші аудандарға апару жағдайы болған еді. Қазіргі таңда бұл жағдай тағы орын алып жатқан жоқ па?

– Былтыр маусым айында індет өршігенде Call орталығы жұмыс жасады. Күніне 40 шақыртуға дейін қабылдадық. Сол уақытта науқастарды 3-ке бөліп тасыдық. Ол кезде бригадалар барлық жерде болғанмен, госпитальдар кейін ғана ашылып жатты. Барлық ауруханалар толып, науқастар симай кетті. Бос орын бар аудандарға, Кентаудың ауруларын Жетісайға, Түркістанның ауруларын Шардараға тасыған күндер болды. Шынында былтыр ол уақытта жан жаққа сандалып кеттік. Мысалы, Түркістаннан шақырту түседі, оның прайвизоры Таукентте орналасқан, ПЦР анықталса, қайтып оны Кентау қаласына тасыған күндер болды. Бір науқастың өзін екі-үш рет тасыған ауыр күндер болғаны рас. Былтыр шынында қатты қиналдық, тіпті ауруханалар толып, ішінде ауру анықталғандар да, ауырмағандар да жатты. Ол кезде үй жағдайында босанып қалған әйелдерде болды. Қазір індет бойынша науқастар аз, тек симптомы бар, ПЦР анықталған, КТ, рентген бар науқастарды ғана тасымалдап жатырмыз. Қазір госпитальдар барлық қалаларда бар.

– Ауырған науқас алдымен жәдел-жәрдем қызметіне жүгінеді. Халыққа алғашқы медициналық қызмет көрсетеміз деп жүргенде дәрігер-фельдшерлердің індетті жұқтырып алу жағдайы тіркелді ме?

– Былтырғы жылы дәрігерлер мен фельдшерлердің індетті жұқтырып алу жағдайлары болды. Олар төлем орталығынан 2 млн теңге, көлемінде материалдық көмек алды. Міндетті түрде шақыртуларға барғандарға, бізде КВИ төлем деген бар, сондай шақыртуға барған адамдарға 2 категория бойынша 425 мың теңгелік үстеме ақы төленеді. Шынында ауру анықталған науқаспен байланыста болса, сондай аурумен ауырған деген белгілері бар азаматтарға қаражат берілді. Бізде 30-дан аса адам 2 млн. теңге алды, 117 қызметкеріміз ол көмекке ілінбеді. Біздің бас дәрігеріміз Дәулет Мұсаев сол көмекке ілінбей қалған, осы жерде жұмыс атқарған диспетчер, санитарлық қызметкерлер де сол шақыртуға баратын адамдармен байланыста болып, инфекциялық ауру анықталғандықтан, бюджетте қалған ақшаны теңдей бөліп, сол пневмония анықталған 117 адамға 350 мың теңгеден материалдық көмек ретінде берді. Қазіргі таңда ондай жағдайлар тіркеліп жатқан жоқ. Әр аптада аудандардан аурушаңдық туралы ақпарат аламыз. Егер әрбір қызметкер ауырып, демалыс алған болса, оны міндетті түрде эпидемиолог дәрігер зерттеп анықтайды. Бүгінгі таңда 22 қосалқы станциядан ақпарат жиналып отырады. Бірақ қазір ондай жағдай тіркелген жоқ.

– Былтыр облыс әкімінің қатысуымен жәдел жәрдем стансасына жаңа көліктер берілген еді, қазіргі таңда мекемедегі көліктердің жағдайы қалай?

– Бізге лизинг бойынша 122 жаңа санитарлық автокөлік берілді. Дәл қазіргі уақытта 177 көлік бар. 140 көлік бригадада жүрсе, қаладан бөлек әр ауданда 2-3, қосалқы қорда 2-3 көліктен тұр. Егерде жұмыста жүрген көлік бұзылатын болса, орнына қосалқы қордағы көліктер шығады. Санитарлық автокөліктердің 90 пайызы жаңа көліктер.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы