Спорт – ұлт саулығының кепілі, ел болашағының темірқазығы. Салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақ қашан да елдің тірегі болары сөзсіз. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Бұл ретте қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубының алар орны ерекше. Аталмыш мекеме спорттық шеберлікті арттырумен қатар, жас буынның рухани кемелденуіне де ықпал етуде.
Түркістан қаласында дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте жас буын өкілдерін салауатты өмір салтына баулуда, олардың денсаулығын нығайтып, спорт арқылы тәрбие беру ісінде маңызды орын алатын мекемелердің бірі – Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы.

Аталған клуб Түркістан қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 16 тамыздағы №1226 қаулысы негізінде құрылып, өз жұмысын бастаған. Осы күннен бастап клуб жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың қабілетін шыңдауға мүмкіндік беретін орталыққа айналды. Бүгінде бұл спорт клубында 23 білікті жаттықтырушы мен 25 тәжірибелі спорт нұсқаушы еңбек етуде. Олар түрлі бағыттағы спорт түрлері бойынша жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізіп, жасөспірімдердің спорттық жетістіктерге жетуіне жол ашып келеді. Атап айтқанда, клубта кіші футбол, стритбол, үлкен теннис, тоғызқұмалақ, шахмат, сондай-ақ ұлттық рухты оятатын қазақ күресі секілді спорт түрлері бойынша секциялар жұмыс істейді. Әрбір жаттықтырушы мен нұсқаушының басты мақсаты – шәкірттеріне тек спорттың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, оларды шыдамдылыққа, тәртіпке, мақсатқа жетуге ұмтылуға тәрбиелеу. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубында бүгінде жалпы саны 1350 оқушы спортпен шұғылданып келеді. Бұл – бір жағынан ата-аналардың сенімі мен қолдауының, екінші жағынан клуб жұмысының тиімділігінің айқын дәлелі. Жас жеткіншектердің дене тәрбиесін жетілдіруде, олардың спорттық шеберлігін арттыруда және бос уақытын тиімді өткізуінде бұл клубтың алатын орны ерекше. Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы – ертеңгі ел қорғаны болатын ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор, заманауи талаптарға сай жұмыс істеп жатқан бірегей орталық деуге толық негіз бар.

Бүгінде қаламызда 6 сектор бойынша 100-ге жуық ашық спорт алаңшалары бар. Бұл алаңдарда білікті жаттықтырушылар мен тәжірибелі спорт нұсқаушылары күн сайын жасөспірімдер мен қала тұрғындарын әртүрлі спорт түрлеріне баулып келеді. Атап айтқанда, футбол, стритбол, үлкен теннис секілді ойын түрлеріне ден қойған жастар саны жыл санап артып келеді. Әсіресе, жаз мезгілінде аталған алаңдарда қарқынды қозғалыс байқалады. Әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері «Жазғы демалыс спортпен» атты ұранмен ашық алаң ойындары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл бастама балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді өткізуге, олардың денсаулығын нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. 2025 жылдың өзінде ғана 35 ашық алаң ойыны өткізіліп, оған 5000-ға жуық қала спортшылары қатысты. Түрлі спорттық ойындар – асық ату, ләңгі тебу, белтемірге тартылу, үздік сұрмерген, секіргішпен секіру сияқты ұлттық және заманауи элементтерді қамти отырып, әр қатысушының қабілетін шыңдауға бағытталған. Бұл ойындарда үздік нәтиже көрсеткен спортшылар медаль және дипломдармен марапатталуда. Сондай-ақ, шілде айында «Балауса» лагерінде демалып жатқан 350 оқушы арасында да арнайы жазғы спорттық ойындар ұйымдастырылып, жарыс жеңімпаздары ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Осы орайда біз Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының басшысы Нұрланәлі Сыздықовты сөзге тарттық. Оның айтуынша клубтың басты мақсаты балалардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру.
– Басты мақсатымыз – балалардың жазғы демалысын бос өткізбей, оларды спортқа баулу, достық қарым-қатынасты нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Біз ұйымдастырып жатқан ойындар тартысты өтуде, балалардың да, ата-аналардың да қызығушылығы жоғары. Биыл біз ұлттық ойын элементтерін көбірек енгіздік. Асық ату, ләңгі тебу сынды дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту арқылы балалардың қызығушылығын арттырып отырмыз. Сонымен қатар, футбол, стритбол сынды ойындар да кеңінен қамтылды. Әр ойында 100-ден астам бала қатысады. Тіпті кейбір секторлардағы алаңдарға ата-аналар да келіп, балаларына қолдау көрсетіп жатады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш – дейді, Нұрланәлі Сыздықов.
Жалпы, тек жаз айларымен шектелмей, қыс мезгілінде де спорт нұсқаушылары өз жұмыстарын жалғастыруда. Әр аптаның сәрсенбі және жұма күндері Сауран мен Отырар мөлтек аудандарында таңғы жаттығулар 18 рет ұйымдастырылып, оған 600-ге жуық қала тұрғыны қатысқан. Қазіргі таңда кешкі сағат 15:00-ден 19:00-ге дейін көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы ашық алаңшаларда түрлі спорттық ойындар өткізіліп келеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының ішінде шахмат бөлімі де бар екен. Бүгінде ол жерден дарынды, дара балалар біршама жетістікке жетіп, Түркістан абыройын асқақтатып жүр. Мысалы Сұлтанхан Нұрислам Бабирұлы 2025 жылдың 17–30 наурыз күндері Сербияның Врнячка-Баня қаласында өткен шахматтан Әлем чемпионатында орасан жетістікке қол жеткізіп, ІІ орын иеленді. Бұл – халықаралық аренадағы зор жетістік. Бұдан бөлек, 2025 жылдың 15–25 қаңтар күндері Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында шахматтың классика мен рапид түрінен 3-орын алған. Ал 2025 жылдың шілде айында Ақтау қаласында өткен классикалық шахмат бойынша Қазақстан Республикасының балалар кубогінің 4-кезеңі — «Мырзабекұлы Қалшабек мемориалы-2025» жарысында І орын жеңіп алды. Осы жетістігінің нәтижесінде Нұрислам шахматтан спорт шеберлігіне үміткер атанды дейді спорт клубтың басшысы. Нұрисламнан бөлек, Асылхан Әсия Талғатқызы да республикалық және халықаралық жарыстарда зор жетістікке жетіп келеді екен. 2025 жылдың 15–25 қаңтар күндері Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында классика мен рапид түрінен ІІІ орын иеленді. Ал 18–28 сәуір күндері Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен Батыс Азия елдерінің біріншілігінде блиц және рапид бойынша І және ІІ орындарды жеңіп алды. Сонымен қатар, 2025 жылдың мамыр айында Алматыда өткен 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында І орын алып, шахматтан спорт шеберлігіне үміткер атағына ие болды.
«Бұл жеңістер — жас спортшылардың еңбекқорлығының, жаттықтырушылардың кәсібилігінің және Түркістанда шахматқа берілген қолдаудың нақты нәтижесі» – дейді, Нұрланәлі Сыздықов.
Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының тағы бір жарқын жетістігі – үлкен теннис және футбол бөлімінде көрінді. Бұл бағытта жаттықтырушылар мен шәкірттер үздіксіз еңбектің нәтижесінде жоғары белестерді бағындырған. Үлкен теннис бөлімінде жаттықтырушы Дурдана Дауранованың шәкірттері биыл бірқатар халықаралық және республикалық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен екен. 2025 жылдың 22-23 ақпаны күндері Өзбекстан Республикасында өткен үлкен теннис бойынша қыздар арасындағы жарыста түркістандық спортшы І орын иеленіп, ел мерейін үстем етті. Бұдан бөлек, 26-27 сәуірде Алматы қаласында өткен «Ace Cup 12\&under» турнирінде ІІ орын алған.
Сондай-ақ, футбол бөлімі де айтулы табыстармен есте қалғанын айтады. 2025 жылдың 8-9 ақпан күндері Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында өткен кіші футболдан «Alash Cup» фестиваль-турнирінде команда І орынды жеңіп алған. Ал 20-31 наурыз аралығында Түркістан қаласында ұйымдастырылған «ТУРАН-КАП 2025» халықаралық турнирінде де түркістандық өрендер үздік өнер көрсетіп, тағы да І орынды иеленген. Сондай-ақ сәуірдің 5-6 күндері Сауран ауданында өткен ашық біріншілікте команда жеңіс тұғырынан көрінді. 18-21 сәуір аралығында Астана қаласында өткен «Шахтер Юнион» 2025 ашық кубогінде жүлделі ІІІ орынды иеленсе, мамыр айында Тараз қаласында өткен халықаралық турнирде 2014 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен жарыста команда І орынды қанжығасына байлаған.
Қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубының жетістіктері – жүйелі жұмыстың, білікті мамандар мен спортқа ынталы жасөспірімдердің ортақ еңбегінің нәтижесі. Түрлі бағыттағы үйірме мен секциялар жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашып отыр. Ұлттық және заманауи спорт түр-лерін қатар ұштастыра отырып, бұл клуб ел ертеңі болатын дені сау, тәр-биелі, әрі намысты ұрпақ тәрбиелеу жолында қажырлы еңбек етуде.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
