АБАЙ-ДАНА, АБАЙ-ДАРА ҚАЗАҚТА

467 көрілім

Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты апталықтың ашылу салтанаты өтті.

Ашылу салтанатында Абай шығармашылығына шолу жасалып, ұлы тұлғаның өмір жолы мен рухани мұрасын таныстыру мақсатында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге таныстырылды. Ашылу салтанатына белсенді оқырмандар мен ұстаздар, мәдениет қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Абай өлеңдері оқылып, Абай Құнанбайұлына арналған композициялық қойылым көрсетілді.

Шара барысында Республикалық, халықаралық айтыстардың жеңімпазы, Түркістан қалалық Өнер мектебінің ақындық сыныбы бойынша ұстазы Нұрдаулет Өмірбеков арнайы Абай апталығының ашылу салтанатына арналған арнауын орындады.

Іс-шараны Филология ғылымдарының докторы, профессор, «Түркі әлемінің үздік педагогы», «Қазақстанның құрметті азаматы» – Сейдулла Садықов, Тарих ғылымдарының докторы, профессор – Хазіретәлі Тұрсын, Философия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Туркия – Қазақстан достық қоғамы сыйлығының иегері – Досай Кенжетайұлы, ҚР мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, Түркістан қаласының құрметті азаматы – Ұлжан Мұстафаева, Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының инновациялық – әдістемелік бөлімінің меңгерушісі – Ауелбекова Гүлнұр Есіркепқызы ашып беріп, Абай шығармашылығын оқырман арасында кеңінен дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, балалар кітапханасы жоспарлаған іс-шаралар апталығына сәттілік тіледі.

Іс-шара аясында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірме қатысушылары Абай Құнанбайұлының терең мағыналы, өнеге мен өсиетке толы өлеңдерін жүрекпен оқып, көрерменге рухани әсер сыйлады. Ал «Ақжайық» музыка мектебінің оқушылары ұлы ақынның сырлы сазға толы әндерін орындап, кештің көркемдігін аша түсті. Бұл сәттер Абай әлемінің мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеп, жас ұрпақтың жүрегіне даналық пен парасат дәнін септі.

Шараның құрметті қонақтары Ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Айғаным Серім, Түркістан қалалық ақсақал алқасының төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, Композитор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ түрік университетінің журналистика факультетінің меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі, «Ұлы дала» орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева, Өзбек этно-мәдени орталығының төрайымы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Мухаббат Ибрагимова, Журналист, «Аналар» энциклопедиясының авторы Ажар Момбек сөз сөйлеп, Абай шығармасы және оның бүгінгі ұрпаққа берер пайдасына тоқталып өтті.

Кешке келген қонақтар балалар кітапханасының алтын қорына Абай Құнанбайұлының кітаптарын, жеке авторлық кітаптарын да сыйға тартты.

Іс-шараны Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Рысбек Летаев қорытындылап, апталықтың ашылу салтанатына қатысқан барша қонақтарға алғысын білдірді. Іс-шарада өнер көрсеткен оқушыларға алғыс хаттар мен Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» кітабын сыйға тартты.

Бұл өнер мен өсиетке толы кеш жас ұрпақтың Абай мұрасына деген қызығушылығын арттырып, рухани байлыққа бастар жол болды. Балалар кітапханасы жариялаған апталық аясында түрлі танымдық, әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылып, жас ұрпақты Абай мұрасына терең бойлатуға бағытталған іс-шаралармен жалғасады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы