Түркістан – түркі жұртының рухани жүрегі, киелі тарихтың, терең ілімнің, дәстүрлі ислам өркениетінің алтын діңгегі. Ал Абай сол руханияттың биік шоқтығы, бүкіл қазақ халқының ақыл-ой айнасы. Осыдан 180 жыл бұрын дүниеге келген хакімнің тағылымы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқан ұлттық-философиялық кеңістіктің темірқазығына айналды.
Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан қаласында Абайдың 180 жылдығына арналған апталықтар мен онкүндіктер өтіп, халықты рухани мұрамен қайта қауыштыру жұмысы қызу жүргізілуде. Түркістан қаласының кітапханаларында ақын мұрасына арналған ғылыми, әдеби, мәдени кештер ұйымдастырылып, Абай әлемі мен түркілік дүниетаным арасындағы сабақтастық жайлы келелі ойлар ортаға салынып жатыр. Осы тұста, Ясауи мектебі мен Абай ілімі арасындағы тарихи-танымдық сабақтастықты зерделеу – бүгінгі рухани жаңғырудың да өзегі болмақ. Бұл байланыс жөнінде өз пікірін білдірген ғалымдар Абай мен Ясауи ілімдерінің терең рухани үндестігін айқындайды.
Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұстазы Сейдулла Садықов Абай ілімінің Ясауи дүниетанымымен үндестігін терең пайымдай отырып, былай дейді:

«– Түркістан – түркі халықтарының ғана емес, күллі ислам өркениетінің рухани орталығы. Бұл қасиетті мекенде ғасырлар бойы Ясауи ілімімен сусындаған даналар, сопылар, ойшылдар тәрбиеленді. Осындай терең тарихи-мәдени тамырлармен өрілген рухани кеңістікпен Абайдың мұрасы арасында үлкен үндестік бар.
Абай өзінің «Қара сөзі» мен өлеңі арқылы қазақ халқының ішкі жан дүниесін тәрбиелеуге ұмтылды. Ол тек ақын ғана емес, рухани ұстаз, кемел ойдың иесі. Оның “Толық адам” туралы көзқарасы адамның рухани кемелдену жолындағы биік талаптарын қамтиды. Бұл ілім – Түркістан топырағында тамыр жайған Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі “кәміл адам” түсінігімен табиғи түрде сабақтас.
Мысалы, Ясауи «нафс» пен «хал» ұғымы арқылы адамның ішкі болмысын тазартуды, рухани жаңаруды насихаттаса, Абай да өз заманындағы қазақ баласын надандықтан, жалқаулық пен рушылдықтан арылып, ғылым-білім мен парасатқа қарай жетелеуді көздеді. Екеуі де ақыл, жүрек, әділет, ынсап сынды адами қасиеттерді кемелдік өлшемі ретінде бағалайды.
Сондай-ақ, Абайдың дінге, сопылыққа көзқарасы – сыртқы форма емес, ішкі рух пен терең танымды алға тартуы арқылы Ясауи дәстүрімен үндеседі. Абай Құран мен хадистерді терең түсініп, оларды қазақтың ұлттық санасына лайықтап қайта пайымдаған. Оның:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті» – деген өлең жолдары – күллі сопылық ілімнің өзегі.
Бүгінде Түркістан — рухани жаңғырудың нышанына айналған мекен. Оның тарихи келбеті мен мәдени салмағы ұлттың рухани-мәдени тұтастығына қызмет етуде. Дәл сол сияқты Абай да – бір өзі тұтас ұлттың айнасы, ішкі жан дүниесінің ұстазы. Екеуін тоғыстыратын терең қабат — руханият арқылы ұлттың болмысын кемелдендіру, адамзатты ізгілікке, адалдыққа, білім мен парасатқа бастау.
Абай да, Ясауи де өз дәуірінің ауыр кезеңінде өмір сүріп, халқын рухани деградациядан арашалауға ұмтылды. Екеуінің де мұраларынан біз бүгінгі қазақ қоғамының болашағына бағдар болатын асыл қағидаларды табамыз. Қорыта айтқанда, Абайдың рухани мұрасы мен Түркістанның тарихи-мәдени болмысы бір-бірінен алшақ ұғымдар емес, қайта рухани сабақтастығы терең, мәдени үндестігі айқын екі тұғыр. Бұл тұғырлар біздің ұлттық бірегейлігіміздің, тарихи жадымыздың және рухани болмысымыздың ажырамас бөлігі. Бүгінгі буын осы қос құндылықты қатар ұстана отырып, ұлт болып ұйысудың, кемел болашаққа қадам басудың жолын таба алады».
Бұл ойды философия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Түркі–Қазақстан достық қоғамы сыйлығының иегері Досай Кенжетай өз пайымымен жалғастырады:

«Абайдың рухани дүниетанымын терең түсіну үшін оны тарихи-мәдени кеңістікте, соның ішінде түркілік сопылық ой жүйесімен байланыстыра зерделеу қажет. Бұл тұрғыдан келгенде, Абай ілімі Түркістанда ғасырлар бойы қалыптасқан сопылық дүниетанымның жаңаша көрінісі, жаңғырығы.
Түркістан – сопылық ілімнің ұлы мектебі. Мұнда Қожа Ахмет Иасауи негіздеген хәл ілімі, фақр философиясы, ар түзейтін ғылым сынды рухани-этикалық категориялар тек діни ілім ғана емес, сонымен қатар моральдық, мәдени, философиялық құндылықтарға айналған болатын. Осы дүниетанымдық дәстүрлер Абай мұрасында терең сіңісіп, заманына сай ұлттық сипатпен көрінді.
Мысалы, Абай шығармаларында жиі кездесетін «ғишқ», «кемтар», «құмарлық», «ар», «иман», «түзу сөз», «шын ғылым», «дидар талап» секілді ұғымдар – Иасауи ілімінің негізгі тіректері. «Ғишқ» – Құдайға деген махаббат, ал «кемтар» болу – сопылықтағы фақирлік пен рухани тәуелділікті білдіреді.
Бұл Абайда:
«Патша – Құдай, сыйындым, Тура баста өзіңе…» деген жолдармен берілсе, Иасауи ілімінде бұл Тәңірдің нұрына мұқтаждық пен соған ұмтылу күйі ретінде көрінеді.
Абай «жиырма бірінші қара сөзінде» мақтанның екі түрін – «десіндер» мен «демесіндерді» сипаттап, сопылықтағы рия мен ихлас ұғымдарын ажыратып береді. Иасауи ілімінде бұл меламеттік пен мустасуифа болып сараланады. Мұндағы мақсаты – адамның ниет тазалығын басты орынға қою, шынайы иман мен жасандылықтың арасын ашу. Сонымен қатар Абай да, Иасауи де адам мен қоғамның түзелуінің кілті – ар мен иманда, түзу сөзде деп есептейді. Бұл түзетуші ғылым – Құранның ішкі мәні, яғни хикмет пен хәл ғылымы. Абай үшін Құран – «түзу сөз», ал «түзу сөз» – адамның арын, жанын тәрбиелейтін шынайы ғылым. Бұл жөнінде ол:
«Түзу сөздің сыртын емес, сырын көр», – деп, тыңдаушыны сыртқы діни форма емес, оның мәніне үңілуге шақырады.
Абай заманындағы қоғамдық құлдырау, рия мен дүниеқоңыздық, арсыздық пен мақтан – Иасауи сипаттаған рухани азғындаудың өзі. Осыны аңғарған Абай қоғамды емдеу үшін сопылық ілімдегі «ар түзейтін ғылымды» қайта жаңғыртты. Оның дауысы – Құран, ғылым, махаббат, әділет, ынсап, ұят, намыс секілді адамдық құндылықтарды елдің рухани өзегіне айналдыруға шақырған үндеу.
Абай өзінің белгілі:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті…» деген жолдарында Құдай мен адамзатқа деген сүйіспеншілікті – имандылықтың, нағыз діннің өзегі деп таниды. Бұл Иасауидің «Ғашық бол!», Жүніс Әміренің «Менің дінім – ғашықтық» дейтін сопылық дәстүрінің жаңғырығы.
Абайдың дүниетанымында иманның үш сатысы бар: тақлиди (сыртқы), тахқиқи (танымдық), кәмали (кемел). Бұл – шариғат, тариқат, хақиқат жолының ізімен өрілген рухани дамудың сатылары. Абайдың бұл ұстанымы – сопылық дүниетаныммен тікелей сабақтас.
Абай, әрине, тариқат жолына түскен сопы емес. Бірақ ол сопылық дүниетаным аясында ой толғап, хакимдік (данышпандық) деңгейге көтерілді. Оның сопылыққа сын көзбен қарауы – сопылық жолдың өз мәнінен ажырап, діннің атын жамылған надандық пен рияға қарсы бағытталған әділ сыны болатын. Бұл туралы Абай:
«Бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар – фитнә ғалым…»,– деп ескертеді.
Абай үшін ең биік мәртебе – таза ақыл, арлы жүрек, шынайы ғылымға негізделген иман. Ол елді тек сыртқы дін ұстанымымен емес, ішкі моральдық кемелдену арқылы түзегісі келді. Ол Тәңірдің Жаратушы сипатына сүйсіне отырып, адамзатты да жасампаздыққа, қоғамға пайдалы болуға үндеді. Бұл – «саниғ ғашықтық», яғни, Құдайдың сүнғатына (жаратылысына) ғашық болу. Абайдың осы ұстанымы бүгінгі ғылым мен руханияттың үндесу жолын меңзейтін маңызды тұжырым.
Осылайша, Абай – Иасауи дәстүрін жалғастырып, жаңа мазмұнмен байытқан рухани жаңғыртушы. Ол – дін мен ғылымды, ақыл мен жүректі, махаббат пен әділетті біріктіре білген ислам руханиятының жаңа замандағы өкілі. Иасауидей пірі, Абайдай хәкімі бар қазақ халқы өзінің діни-философиялық кеңістігін тереңнен ұғынуға, жаңаша дамытуға толық негізге ие».
Бұл пайымды тәжірибелі педагог, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Айғаным Серім былайша түйіндейді:

«Абай Құнанбайұлы қазақ руханиятының ғана емес, бүкіл түркі мұсылман ой кеңістігінің терең философы. Оның дүниетанымы, адам, қоғам және дін туралы көзқарасы – түркілік ислам өркениетінің мыңжылдық мұрасымен сабақтас. Осы тұрғыдан алғанда, Абай ілімі мен Түркістандағы сопылық мектептің арасындағы рухани сабақтастық – кездейсоқ құбылыс емес, тарихи заңдылық.
Түркістан – ислам өркениетінің Орталық Азиядағы рухани өзегі. Бұл өңірде Хожа Ахмет Ясауиден бастап, өз дәуірінің үлкен ойшыл-ғұламалары өмір сүріп, хикмет пен хәл іліміне негізделген жүрек тәрбиесін ұстанды. Бұл ілім адамды сыртқы діндарлықпен шектемей, жүрекке иман келтіру, құдайлық махаббат, нәпсі тәрбиесі секілді ұғымдарға мән берді. Бұл идеялар – Абайдың да дүниетанымдық жүйесінің негізі.
Абай қазақтың діни санасын жаңғыртуды көздеді. Оның «толық адам» концепциясы – шынайы иман, әділет, рақым, махаббат секілді ұғымдарды тірек ете отырып, дін мен ғылымды, ақыл мен жүректі үйлестіруді мақсат етті.
Абайдың діни танымының ерекшелігі – көркем ойлау мен парасатты сенімді үйлестіре білуінде. Ол дінді тек қана ғибадаттар жиынтығы деп қарастырмай, адам мен қоғамды түзеудің рухани-этикалық жүйесі ретінде түсінді. Бұл – сопылық ілімнің де өзегі.
Қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық дінді, тарихи рухани мектептерді тану – ұлт санасын жаңғыртудың маңызды жолы. Абай ілімі мен Түркістан ілімін сабақтастыра тану – бүгінгі қазақ қоғамының рухани тұтастығын қамтамасыз етудің көне де жаңа арнасы».
Ұстаз Айғаным Серімнің пайымдары Абай мен Ясауи арасындағы рухани үндестікті тек тарихи емес, қазіргі заманның да танымдық биігінен бағалауға жол ашады. Бұл сабақтастық ұлт руханиятының тұтас арнасын тануға мүмкіндік беретін өміршең жол. Абай мен Ясауи – бір-бірінен бөлек емес, бірін-бірі толықтыратын рухани кеңістіктің қос арнасы. Түркістан топырағында тамыр жайған хәл ілімі мен Абайдың «толық адам» концепциясы – ұлттық болмыстың рухани тірегі. Осы қос мұра – тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі ұрпаққа жол көрсететін кемел бағдар.
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.
