АБАЙ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ШЫҢЫ

171 көрілім

Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл

    Биыл халқымыздың маңдайына біткен дара тұлға, ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – қазақ руханияты үшін ерекше белес, ұлттық сана мен мәдениеттің кемелденуіне арналған маңызды сәт. Абай – адамзаттық биік құндылықтарды қазақ ұлтының болмысына терең сіңірген ғұлама. Оның артына қалдырған өшпес мұрасы – ғасырлар бойы бағыт берер рухани бағдаршам.
    Абай – ақын ғана емес, философ, ағартушы, қоғам сыншысы. Ол 19-ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік, моральдық, рухани халін терең саралап, соған жаңа ой, жаңа бағыт ұсынған тұлға. Оның өлеңдері мен “Қара сөздері” адам болмысы, ғылым мен білімнің маңызы, әділдік пен еңбек, ұлт бірлігі туралы терең пайымдарға толы. Ол өз заманының шеңберінен шығып, келешек ұрпаққа да жол көрсетіп кеткен. Абайдың “Толық адам” концепциясы – әлемдік философиялық ойдың биік үлгісі.
    Абай: “Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба” деп, надандықпен күресуді, ел болудың басты шарты – білім мен тәрбие екенін айтып өтті. Ол ұлтты іштен жегідей жеген жалқаулық, көреалмаушылық, өсек пен күншілдікті сынға алды. Оның әрбір шығармасы – адам тәрбиесіне арналған тағылым.
      Ұлы ақын шығыстың кемеңгер ойшылдарын да, орыс әдебиетінің классиктерін де терең меңгеріп, олардың шығармаларын қазақша сөйлетті. Пушкин, Лермонтов, Крыловтан аударған дүниелері ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтіп, халықты жаңа таныммен қауыштырды. Абайдың арқасында қазақ даласына гуманистік, демократиялық ой келді, ақыл мен парасат салтанат құрды.
       Бүгінгі заманда да Абай мұрасы өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, жаһандану, рухани дағдарыс, ұлттық болмысты сақтау жолында Абай сөзіне сүйену – уақыт талабы. Оның әрбір өлеңі, әрбір қара сөзі – ұлт тәрбиесіне арналған көркем педагогика. Қазіргі ұрпақ Абайдан ұлтты сүюді, әділет пен адалдықты, еңбек пен ізгілікті үйренуі тиіс.
      Абай – ұлттың ар-ожданы. Ол өмір бойы халқының кемелденуін армандады. Бүгінгі тәуелсіз елдің идеологиясы да Абай арманымен сабақтас: білімді, ойлы, еңбекқор, ұлтжанды азамат тәрбиелеу. Сондықтан Абайды тану – өзіңді тану, Абайды оқу – болашаққа жол ашу. Ұлы ойшылдың 180 жылдығы – ұлттың өзін-өзі тану мерекесі. Бұл – құр өткен күн емес, қайта жаңғыратын, жанданатын, жас ұрпақтың санасына сәуле құятын тарихи кезең.

Әмзеева Мақпал,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап

ғылыми кітапханасының қызметкері  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы