Түркістан қаласындағы Мәулен Сұлтанов көшесіне аяқ бассаңыз, өзіңізді шетелдің бір саялы ауданында жүргендей сезінесіз. Бұл көшеде ерекше бір тәртіп пен тазалық бар. Қала ішіндегі әдеттегі көше емес – тұтас бір ауызбіршіліктің, ортақ жауапкершіліктің, көркем мәдениеттің көрінісі іспетті.
Көше бойында орналасқан 20 үйдің тұрғындары 2018 жылдан бері өз ауласын ғана емес, жалпы көшенің келбетін күтіп-баптауға белсене атсалысып келеді. Бұл игі бастама сол жылы Фархат Исмайлов есімді азаматтың ұсынысымен қолға алынған екен. Алғашында әркім өз үйінің алдындағы тазалыққа ғана мән берсе, көп ұзамай бұл әрекет бір көшенің түгел игілігіне айналған.
Бүгінде көшенің бойынан қолдан жасалған 20 қоқыс жәшігін, 10 демалуға арналған орындық, 96 түп шырша мен 50-ге жуық жеміс-жидек ағаштарын, әр аулада жайқалып тұрған гүлдерді, боялған жаяу жүргінші жолы мен сары жолақтарды көресіз. Мұның бәрін тұрғындар өздері жасаған. Қаражат та, қолдау да сұрамаған. Бар болғаны ниет, ынта және ортақ мүдде. Көше тұрғыны Мұхамеджан Мухиддин бұл жұмыстардың бір ғана мақсаты бар екенін айтады.

«Әр адам тазалықты ең алдымен өзінен бастауы керек. Бұл – біздің өмірімізге, айналамызға деген құрметтің көрінісі. Егер әр тұрғын өз ауласын, көшесін таза ұстауға үлес қосса, бүтін бір қала өзгерер еді. Біз де осыны ұғындық. Бір ауыздан ақылдаса келе, өзіміз тұрып жатқан көшені абаттандыруға білек сыбана кірістік. Алдымен әркім өз үйінің алдын ретке келтіріп, қоқысты жинап, гүл егіп, ауласына күтім жасаудан бастады. Кейін бұл үрдіс үлкен іске ұласты. Қолдан қоқыс жәшіктерін жасап, орындықтар орнатып, шырша мен жеміс ағаштарын отырғыздық. Көше бойындағы жаяу жүргінші жолдарын сырлап, тәртіпке келтірдік. Бұл ешкімнің тапсырмасымен емес, өз жүрек қалауымызбен атқарған жұмыс. Себебі біз өзіміз өмір сүретін ортаны жақсы көріп, соған лайық жағдай жасағымыз келді. Тазалық пен тәртіптің бастау көзін өзгеден емес, өзімізден іздеген дұрыс», – дейді тұрғын.
Расында да, бұл қарапайым ғана қағида ұлы бастамалардың кілті. Алайда, өз күштерімен бәрін ретке келтірген жұртшылықтың әкімдікке айтар бірнеше өтініші бар. Тұрғындар қолдан келгеннің бәрін істеген, енді жергілікті биліктің де аздаған қолдауына зәру.
«Біз тұратын ортамыз үшін барымызды салдық. Қолдан келгенше абаттандырып, гүл отырғызып, қоқыс жәшіктерін қойып, демалатын орындар жасадық. Бірақ бәрін өзіміз істеуге де шама шектеулі ғой. Сондықтан әкімдікке бір-екі ауыз тілегіміз бар. Біріншіден, дайын тұрған қоқыс жәшіктерінендегі қалдықтарды тазалыққа жауапты мекеме қызметкерлері өздері алып кетсе. Бізге қоқысты міндетті түрде қапшыққа салып қою керектігі айтылады. Егер жәшіктің ішінде дайын тұрса, неге оны қайтадан шығарып алып, қосымша күш салып қапшыққа салуымыз керек? Бұл бір жұмысты екі рет жасаумен тең. Екіншіден, біздің көшеде екі рет оқыс жағдай болды, көлік екі адамды көлік қағып кетті. Сондықтан жылдамдықты шектейтін (лежащий полицейский) секілді жол кедергісін қойып берсе екен дейміз. Бұл балаларымыздың, қарияларымыздың қауіпсіздігі үшін маңызды. Үшіншіден, тым құрса бір бейнебақылау камерасын орнатып берсе деген өтінішіміз бар. Осыны өткен жылы айтқанбыз, бірақ мардымды жауап болмады. Үмітіміз әлі де бар, себебі бұл тек біздің емес, бүкіл қалаға үлгі болатын игі іс қой», – дейді тұрғындар.

Одан бөлек, осыдан екі жыл бұрын көшенің бас жағында су құбыры жарылып, оны жөндеу үшін төрт жерден асфальтты ойып тастаған. Алайда арада қанша уақыт өтсе де, бұл жер сол күйі қалып қойған. «Уақытша» деп басталған жұмыс екі жылдан бері аяқсыз жатыр, ал шұңқырлар мен ойылған асфальт әлі күнге дейін ешқандай жөндеу көрмеген екен. Көше тазалығын, тәртібін өз күшімен ретке келтірген жұртшылық үшін бұл немқұрайлылық – әділетсіздікпен пара-пар. Осы олқылықты да жергілікті әкімдік реттеп берсе деген тұрғындардың тілегі бар.
Сұлтанов көшесіндегі тұрғындардың жанашырлығы мен жауапкершілікке толы ісі бүкіл қалаға үлгі боларлық әрекет. Олар өз ауласын ғана емес, бүкіл көшені ортақ үйіндей көріп, тазалық пен тәртіпке шынайы жанашырлықпен қарап келеді. Бұл жай ғана бастама емес, бұл қала мәдениетін қалыптастырудың, азамат-тық ұстанымды көрсетудің жарқын үлгісі. Ендігі кезекте, осындай саналы қадамға барған тұрғындардың өтіні-шіне бейжай қарамай, жергілікті билік тарапынан нақты іс-шаралар қолға алынса, бұл ортақ жауапкершіліктің шынайы көрінісіне айналары анық. Өйткені бір көшенің тазалығы – бүтін қаланың көрінісі, ал қала көрінісі сол елдің мәдениетін танытады.
Ғалия БИСЕЙІТ.
