ТҮРКІСТАНДЫҚ КЕРУЕН АБАЙ ОБЛЫСЫНДА

590 көрілім

Биыл қазақ руханиятының темірқазығы, ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Бұл ұлт үшін аса маңызды белес. Осыған орай еліміз бойынша кең ауқымды мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әсіресе Абай елінде бастау алған онкүндік ерекше мазмұнмен өріліп, елдің түкпір-түкпірінен өнер мен ойдың өкілдерін тоғыстырды. Мерейлі мерекеге орай Түркістан облысының мәдениет күндері Семей қаласында жоғары деңгейде өтті. Ұлылардың ізі қалған өңірде өткен бұл шара қос облыстың арасындағы рухани байланысты одан әрі тереңдетіп, ел бірлігінің, мәдени сабақтастықтың көрінісіне айналды.

Абай облысында ұйымдастырылған мәдени күндерде Түркістаннан арнайы барған өнерпаздар мен қолөнер шеберлері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жергілікті тұрғындардың ыстық ықыласына бөленді. Мәдени керуен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен аттанғаны – бұл сапарға ерекше мән берілгенін көрсетеді.

Іс-шараның алғашқы күнінде Абай облысының әкімі Берік Уәли арнайы қатысып, Түркістаннан келген делегацияға алғыс білдіріп, екі өңір арасындағы рухани байланыстың маңызын атап өтті.

«Түркістан – күллі түркі дүниесінің рухани ордасы, ал Семей – Алаш арыстарының ізі қалған алғашқы астана. Екі өңірдің осындай тағылымды бастама аясында бауырласып, ынтымақтастықта болуы үлкен қуаныш. Бұл мерейтойлық жәрмеңке руханият пен мәдениеттің тоғысқан, халықтың көңілінен шыққан тағылымды шара болды. Ең бастысы өнімдердің бағасы қолжетімді, ал сапасы жоғары. Шығыс пен оңтүстіктің арасын жалғаған бұл керуен – шынайы алтын көпірге айналды. Тұрғындар тарапынан жылы пікір айтылып жатыр. Осындай мазмұнды жәрмеңкелерді тұрақты өткізуге күш салатын боламыз», – деді аймақ басшысы.

Берік Уәлидің бұл пікірі ел ішіндегі рухани, мәдени, әлеуметтік байланыстың нығаюына тың серпін берді. Ал екінші күні Абай облысы әкімі аппаратының басшысы Эльдар Бақпаев мерекелік шараға үлес қосқан бірқатар азаматтарға әкім атынан алғыс хат табыстады.

Түркістандық делегация екі күн бойы жергілікті жұртшылыққа өздерінің ерекше өнері мен өнімдерін ұсынды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде 540 тоннадан астам, 40-қа жуық өнім түрі төмен бағада қойды. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрмесі мен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасы да көпшіліктің көңілінен шықты.

Аталған мәдени күндер Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған онкүндіктің аясында өтпек. Бұл онкүндікке ғылыми-практикалық конференциялар, поэзия кештері, театрландырылған қойылымдар, ашық аспан астындағы кино көрсетілімдер, «Абай оқулары», жас ақындар мүшәйрасы мен «Адамзаттың Абайы» атты айтыс, сондай-ақ «Жеті қазына» байқауы сынды тағылымды шаралар енгізілген. Осы айтулы бәйгеге Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Конгресс Холл» көпсалалы кешен өнерпаздарынан құралған арнайы топ қатысады. Байқау аясында қатысушылар ұлттық болмысты айшықтайтын бірнеше кезең бойынша сынға түседі. Атап айтқанда, Исмайлов Райымхан «Ер жігіт – 2025» сайысына, ал Мамеш Жібек «Сұлу әйел – 2025» байқауына қатысып, өнерімен даралануға ниетті. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері – теңге алу, қазақ күресі, қой көтеру сынды сайыстармен қатар, шығармашылық бағыттағы кезеңдерде ана бейнесі, этно киім үлгісі, сахналық өнер көрсету секілді бөлімдер қамтылған.

Байқаудың басты мақсаты – халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттай отырып, отбасылық құндылықтарды, ұлттық рухты және Абай мұрасын дәріптеу. Түркістандық өнерпаздар бұл байқауға елдің мерейін өсіріп, Абай аманатын жалғастыру жолында қатысып отыр.

Абай аманаты – ойлы сөз бен адал еңбекті ұлықтау. Бұл сапар – рухани сабақтастықты жалғаған игі қадам. Абайдың 180 жылдығына орай өткізілген бұл мәдени күндер – халықтың бірлігін, мәдениет пен руханиятқа деген құрметін паш еткен тағылымды іс-шара болды. Ұлы ақынның аманатын парасатты ой мен адал еңбекті ұлықтаған түркістандықтар Семей төрінде ел мерейін көтеруде. Бұл сапар – қос өңір арасындағы рухани үндестікті нығайтып қана қоймай, Абай армандаған кемел қоғамның жолындағы нақты қадамдардың біріне айналды. Одан кейін, Түркістан облысынан шыққан мәдени делегация мүшелері Семей қаласындағы «Жидебай–Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне арнайы барып, қазақ руханиятының қайнар көзіндей болған қасиетті мекенге тағзым етті. Музей алғаш рет Абайдың 95 жылдығына орай, 1940 жылы 16 қазанда ашылған. Бастапқыда Бекбай Байысовтың, кейіннен Әнияр Молдабайевтың үйінде орналастырылған. 1990 жылғы 5 сәуірде Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №141 қаулысы бойынша тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музей мәртебесін алған бұл мекеме бүгінде Абайтану ілімі мен қазақтың ұлттық болмысын терең түсінуге мол мүмкіндік беретін орталыққа айналған.

Делегация құрамында болған Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметкері Тұрсынай Шәметова бұл сапардан алған әсерін ерекше тебіреніспен жеткізді.

«Еліміздің шығысына алғаш келуім. Семей қаласы бүгінде жаңғыру мен дамуға бет алған. Абай облысының орталығына айналған соң мұнда құрылыс қарқыны күшейген екен. Өзге өңірлер де үлес қосуға кірісіп жатыр. Соның ішінде Түркістан облысы арнайы «Көрме» орталығын салып беруді жоспарлап отырғаны да қуатты. Шынымды айтсам, мұндағы қарбалас Түркістанның облыс орталығы атанған алғашқы кездерін еске түсіреді» – дейді ол.

Абайдың туған өлкесіне сапар шеккен Тұрсынай Шәметова бұл жолы ерекше толқыныс пен тебіреніске бөленгенін айтады. Ұлы ақынның 180 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдени шаралар әр бұрыштан көрініс тапқан Семей қаласы оны терең ойға жетелепті. Оның айтуынша, бұл өңірде жүрген әрбір адам Абайды әңгіме етіп бастайды, өлеңдерін жатқа оқиды, тіпті «Абай жолын» да шетінен жаттап алғандай көрінеді.

«Ең бір ерекше тұсы, әрбір тұрғын, әрбір әріптес әңгімені Абайдан бастайды, жатқа оқиды. Тіпті Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын да жаттап алған ба дерсің. Бұл да болса ұлы ақынды тудырған топырақ болған соң шығар. Шежірені Арғыннан тарқатып, Құнанбай қажының бүгінгі ұрпақтарына дейін талдағанда таң қалдым. Семей бұрыннан қалыптасқан, тарихы терең қала ғой. Көшелері мен сәулеті бір сәт Алматыны да еске түсіргендей. Қаланың әр бұрышында ұлы ақын Абайдың мерейтойына арналған түрлі мәдени шаралар өтіп жатыр. Қарбалас арасында уақыт тауып, мәдени ошақтарға бардық. Оның үстіне бір өңірдің тарихын білгің келсе, әуелі музейге бару керек деп ойлаймын» – дейді ол.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар ел руханиятының өрісін кеңейтіп, мәдениеттер арасындағы алтын көпірге айналды. Түркістан облысынан арнайы барған делегацияның Абай еліндегі мәдени күндерге қатысуы – бұл тек өнер сапары ғана емес, терең мағынаға ие тағылымды қадам болды. Түркістан мен Абай облыстары арасындағы рухани сабақтастық пен ынтымақтастықтың айқын көрінісі ретінде бағаланған бұл іс-шара қос өңірдің тарихи тамырластық байланысын тағы бір мәрте паш етті.

Айрықша атап өтерлігі – Түркістан облысы бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдап, онкүндік аясында жәрмеңке мен мәдениет күндерін өткізген. Бүгінде Қарауылтөбе жерінде киіз үйлер тігіліп, облыстың музей қызметкерлері Ұлы ақынның туған жерінде көрме жасақтап, ұлттық жәдігерлермен жұрт назарын аударуда. Атап айтқанда, Түркістан облысы Абай жерінде ұлттық нақышта безендірілген 20 қанатты киіз үй тігіп, ұлтымыздың рухани байлығын паш етті.

Абай – ұлттық болмыстың айнасы. Оның сөзі мен жолы – елдік пен кемелдіктің үлгісі. Түркістандықтар осы ұлы мұраны дәріптеп, ақын аманатын арқау етіп, парасат пен пайымға толы мерейтой аясындағы шараларда абыроймен өнер көрсетті. «Абай – адамзаттың ақыны» десек, сол адамзаттық деңгейдегі ой мен руханиятты бойына сіңірген өнер иелері бұл сапармен ел мерейін биіктетті.

Мәдениет – ұлттың жаны. Ұлттың жанына нәр беріп, рухын көтеретін мұндай сапарлар алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім мол. Түркістан мен Абай облыстары арасындағы бұл рухани үндестік – еліміздің мәдени бірегейлігін, бірлігін, болашаққа деген ортақ сенімін айқындай түсетін елеулі қадам. Бұл – өткенге тағзым, болашаққа бағдар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы