ӨЗГЕРІСТЕР ЖҮЙЕНІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

1  100 көрілім

Қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал БАТЫРБЕКОВА:

Соңғы жылдары қалалық білім бөлімінің атауы өзгеріп қана қоймай, жаңа жылдан бастап барлық өңірдің білім бөлімдері облыстық білім басқармасының құрамына өтті. Біз бүгін қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбековамен болған сұхбатта осы және өзге де халық көкейіндегі сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітетін боламыз.

– Ақмарал Үсенқызы, қалалық білім бөлімі жаңа жылдан бастап облыстық білім басқармасының құрамына өтті. Осы орайда жалпы білім саласындағы өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтсеңіз? Айтпақшы, білім бөлімінің атауын өзгертудің қаншалықты қажеті болды?

– Биылғы жылдың алғашқы айынан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгерді. Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – білім беру сапасы мен тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі екендігін ескере отырып, осындай шешім қабылданды. Яғни, 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына берілді. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам. Мысалы, біздегі бір мектепке жөндеу жұмыстары қажет болса, мектеп директоры бізге, яғни қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне жүгінеді. Ал, біз қала әкіміне емес, бірден облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына өтініш жібереміз. Осы уақытқа дейін аудандық және қалалық білім бөлімдері (мектептер мен балабақшалар) аудан әкіміне қарайтын. Сәйкесінше, қаржыландыру мәселесі сол аудан мен қаланың бюджетіне тікелей байланысты. Әр аудан немесе қала басшылығы салаға өздерінің мүмкіндігінше жағдай жасайтын. Яғни, қала және аудандардың арасында теңсіздік пайда болатын. Ал, қазіргі таңда облыстық басқарма өзіне қарасты барлық аудан мен қалалардағы білім саласына қаражатты бірдей бөледі. Осылайша жаңа өзгерістер білім беру ұйымдарындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді. Бөлімнің атауын өзгерту де тікелей осыған байланысты. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты барлық аудандардағы бөлімдердің атаулары адами әлеуетті дамыту бөлімі болып ауысты.

– Білім саласындағы басты мәселенің бірі ұстаздар жалақысының аздығы еді. Былтыр Президент тапсырмасымен педагогтардың жалақысын 4 жылда 2 есеге арттыру туралы заң шығып, өткен жылы мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайыз өссе, биыл тағы 25 пайыз көбейді. Мұғалімдерге бұдан басқа да бағыттар бойынша қосымша ақы төленеді деп естудеміз. Осы орайда мұғалімдер қауымына мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі бастамаларды айтып өтсеңіз?

– Мемлекет басшысы педагогтарды қолдауға көп көңіл бөліп келеді. Солардың бірі ретінде өзіңіз айтқандай, жалақыны көтеру мәселесі. Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылғы Жолдауында алдағы 4 жылда мұғалімдердің жалақысын екі есеге көтеру туралы тапсырма берді. Бұл кезең-кезеңімен іске асады. Яғни, жыл сайын педагогтардың жалақысына 25 пайыздан қосылып отырады. Сондай-ақ, қосымша төленетін төлемдер де бар. Мысалы, «Педагог-модератор», «Педагог-сарапшы», «Педагог-зерттеуші» және «Педагог-шебер» біліктілігін алған педагогтарға, магистрлік білім алған мұғалімдерге, үштілділік бойынша арнайы курсты бітіріп, В1 және В2 біліктілігін алу арқылы басқа жаратылыстану бағытындағы физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытып жүрген мұғалімдерге қосымша ақы төленеді. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрінің бұйрығымен сабақтан тыс уақытта қосымша үйірме жұмыстарын жүргізіп, бұқаралық спортты дамытып жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне де қосымша ақы төлеу туралы шешім қабылданды.

– Ақмарал Үсенқызы, «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалім мәртебесін көтере алды ма? Қазір мұғалімнің шынайы мәртебесі қандай? Заң мұғалімдер үшін қандай өзгерістер әкелді? Жалпы мұғалім мәртебесі туралы өз пікіріңізді айтсаңыз?

– Біз – әрқашан қолымызға қалам ұстатып, алғашқы әріпті танытқан ұстаздарымызға басымызды иіп, құрмет көрсетіп келген халықпыз. «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген сөз де тегіннен айтылмаған. Бұл мұғалімдердің бұрыннан зор құрметке ие болғанын білдіреді.

Өзіңіз білесіз, 2020 жылдың қаңтар айында «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді. Содан бастап бұл Заң басшылыққа алынып, жұмыстар жүргізілуде. Аталған Заңда жалпы педагогтардың мәртебесін арттырумен қатар, оларды әлеуметтік жағынан қолдау, артық жүктемелерден арылту сияқты жайлар қарастырылған. Мысалы, осы Заңда педагогтарды өзінің кәсіби мамандығына тиесілі емес жұмыстарға тартуға тыйым салынған. Сондықтан мұғалімдерді өз саласына қатысы жоқ қосымша жұмыстарға тартуға жол берілмейді. Ал, педагог өзі қоғамдық шараларға қатысуға ниет білдірсе, оған тосқауыл қойылмайды. Сонымен қатар, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында өткен жылдың 6 сәуірінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы» №130 бұйрығы шықты. Аталған бұйрық бойынша мұғалімдердің өз жұмысы барысында жүргізетін құжаттары едәуір жеңілдетілді. Бұл да – осы Заңның аясында қабылданған шараның бірі.

– Еліміздің ешбір жері қызыл аймаққа кірмей тұрғанда білім ошақтарында сабақ оқылмады. Ал, енді бүгінгі таңда індет асқынып, бірқатар өңірлер қызыл аймаққа енгенде Түркістан облысындағы барлық білім ошақтары сабақты дәстүрлі өткізуді қолға алды. Аурудың алдын алу керек еді. Бұлай мектептерде дәстүрлі сабақ өткізудің бір сыры бар сияқты. Оқушыларға вакцина салады ма, – деген көптің, халықтың көкейіндегі сауалға жауап берсеңіз?

– Түркістан қаласы коронавирус індетінің таралуы бойынша «жасыл аймақта» болғандықтан, Түркістан облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 18.03.2021 жылғы №6 қаулысы негізінде 2020-2021 оқу жылының ІҮ тоқсанынан бастап барлық сыныптарда аралас оқытуға рұқсат етілді. Дегенмен, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық талаптар қатаң сақталады. Мектепте сабақтар «1 сынып – 1 кабинет» қағидаты бойынша жүргізіледі, сыныптағы оқушы саны 25-тен аспауы тиіс. Сабақтың ұзақтығы – 40 минут. Ерекше жағдайларда (ауырған немесе науқастармен байланыста болған жағдайларда) ғана ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқыту форматында қалдыруға рұқсат етіледі. Ал, мектеп формасын кию міндеттелмеген, сабаққа еркін және ұқыпты киімде қатысуға рұқсат етіледі. Мектептерде оқу процесін ұйымдастыру кезінде барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар қарастырылатын болады. Сабақ кезінде күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық талаптар қатаң сақталады. Сондықтан да бұл орайда алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын.

Вакцина бұл біздің құзіретіміздегі шара емес. Бұл іс денсаулық сақтау министрлігі, бас санитарлық дәрігерлер өңірлердегі жағдайларды бағамдай отырып қабылдайтын қаулының негізінде жасалады.

– Осы орайда саладағы соңғы жаңалықтармен, оқушылар мен ұстаздардың жетістіктерімен бөліссеңіз?

– Биылғы негізгі жаңалықтардың бірі – қаламыздағы мектептерден ашылған инклюзивті білім беру орталықтары болып отыр. А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейі мен М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналып ашылған орталықтар Нұрсұлтан Назарбаев қорының қамқорлығы, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының демеуімен қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы ойын және жаттығу залдары, оқу бөлмелері қарастырылған. Қазіргі таңда қос орталықта 32 арнайы білімді педагог мамандар қызмет етуде. Бір ерекшелігі, бұл орталықтарда әр балаға бір педагогтан бекітілген. Яғни бекітілген мұғалім оқушымен күн бойы жеке жұмыс жасайды. Сонымен қатар, Елбасы Қорының қолдауымен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры іске асырған «Ел үміті» жобасы да түркістандық оқушылар мен ұстаздарға қуаныш сыйлады. Даму бағдарламасын көздеген жоба өткен жылдың шілде айында 7 бағыт (спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі) бойынша бастау алған болатын. Үш деңгейді (қола, күміс, алтын) таңдаған қатысушылар 6 айдан 18 айға дейін әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындады. Осы жобаға қатысқан 18 оқушы «Елбасы медаліне» ие болды. Ал, облыстық олимпиадаға қатысқан оқушыларымыздың 25-і жүлдегерлер қатарынан табылса, 4 оқушымыз республикалық олимпиадаға жолдама алды. Сондай-ақ, оқу жылы бойына оқушыларымыз бен ұстаздарымыз түрлі республикалық және облыстық білім бәсекелерінде жеңімпаз және жүлдегер атанды.

Биылғы жылы салада тағы бірқатар жағымды жаңалықтар болады деп күтіп отырмыз. Қазіргі таңда құрылысы жүргізіліп жатқан Назарбаев зияткерлік мектебі, «Дарын» мектебі алдағы күзде ашылса, түркістандықтарға үлкен сый болғалы тұр. Жоғарыда айтқанымдай, үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында Бірлік елдімекенінде 2 жаңа мектептің, Әмір Темір атындағы №3 жалпы орта мектебіне жаңа мектептің, Отырар мөлтек ауданында тағы бір жаңа мектептің жобалары жасалған. Олардың да құрылысы басталуға таяу.

– Бітіруші түлектердің ҰБТ-ға дайындық деңгейі қалай өрбуде? Биылғы жылы ҰБТ тапсыруда өзгеріс бар ма? Кеңінен тоқталып өтсеңіз.

– Қазіргі таңда Түркістан қаласында мектеп бітіруші түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуінің алғашқы кезеңі басталып та кетті. Биылғы жылы «U-FUTURE» ЖШС-нің базасында онлайн форматта өткізілетін ҰБТ «Бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидатын ұстана отырып ұйымдастырылуда. 10 наурыз – 10 сәуір аралығында тестілеудің алғашқы кезеңі өткізілді. Бұл кезеңде тиісті ұпай жинаған түлектер жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге мүмкіндік алады. Ақылы кезеңге түсу үшін тест тапсыруға 1 ғана мүмкіндік беріледі. Оған қатысуға орта білім беру ұйымдарының өткен жылғы бітірушілері, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері, шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдар құқылы.

Ал, екінші кезеңге өтініштерді қабылдау 26 наурыз бен 30 маусым аралығында жүргізіліп, тестілеу 11 сәуірден 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл кезеңде тиісті деңгейден көрінген түлектер жоғары оқу орнына бюджеттік негізде оқуға түсе алады. Тест тапсыруға 2 рет мүмкіндік алады. Яғни осы аралықта екі рет тапсырып, тест барысында алған жоғары ұпайының сертификаты арқылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік алады, яғни жоғары оқу орнының студенті атануға болады.

Түркістан қаласындағы орта білім беру ұйымдарын биыл 2046 оқушы бітіргелі отыр. Олардың ішінде 1337 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Дайындық жұмыстары да жоғары деңгейде жүргізілуде. Сондықтан түлектеріміз тиісті деңгейден көрініп, мерейімізді асыратынына сенімдімін.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында балалардың қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысуы үшін «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берген еді. Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Қазіргі таңда қаламызда жаңадан салынған «Оқушылар сарайында» көптеген үйірмелер ақылы. Шынын айтсақ, көп ата-аналардың балаларын осы үйірмелерге беруге ынталары бар болғанымен, шығындарын көтеруге шамалары келмейді. Сауалымыз: осы үйірмелерде түркістандық жеткіншектердің тегін қатысып, қосымша білім алуларына жағдай жасалынады ма? Осы жөнінде тоқталып өтсеңіз?

– Қосымша білім беру, жасөспірімдерді түрлі үйірмелерге тарту арқылы бос уақыттарын тиімді пайдалануға дағдыландыру – үнемі күн тәртібінде тұратын негізгі шаралардың бірі. Қосымша үйірмелерге қатысу балалардың әлеуетін ашумен қатар, олардың белгілі бір бағытта шұғылдануына, бос уақыттарын тиімді пайдалануына, қылмыс пен құқық бұзушылыққа бейімділігін төмендетуге зор септігін тигізеді. Сондықтан қосымша білім беруді дамыту мақсатында қаламыздағы барлық мектептерде бірнеше үйірмелер жұмыс жасайды. Одан бөлек, қазіргі таңда қаламызда 7 қосымша білім беру мекемесі жұмыс жасауда. Сіз айтқан «Оқушылар сарайынан» бөлек Балалар мен жасөспірімдер орталығы, Балалар және жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығы, Саз мектебі, Өнер мектебі, Қолөнер мектебі, «Ақжайық» саз мектебіндегі 72 үйірмеде 2552 оқушы тегін оқытылуда.

«Оқушылар сарайына» тоқталатын болсам, қазіргі таңда мекемеде 42 үйірме жұмыс жасайды. Оның ішінде 10 үйірме тегін жүргізіледі. Ал, ақылы үйірмелердің айлық ақысы 5000-10000 теңге аралығында. Бұл – шаруашылық жүргізу құқығы бар мекеме болғандықтан, одан түскен қаржы мекеменің түрлі шығындарына жұмсалады. Дегенмен, ақылы бөлімдерде түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерінің балалары, яғни көпбалалы отбасының балалары, мүгедектігі бар балалар, жетім және жартылай жетім балаларға жеңілдіктер жасалынады.

Сұхбатты жүргізген:

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы