ШӘКІРТТЕРІМІЗ ОЗЫП ШЫҚТЫ

812 көрілім

«Елбасы Медалі» жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «El Umiti» бастамасы аясында әзірленген. Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолындағы барлық жетістіктер Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегімен байланысты. Сондықтан жеңімпаздарға берілген медальдар мен жоба «Елбасы Медалі» деп аталады.

Жобаның міндеті – әрбір қатысушы үшін оның жасына, тұрғылықты жеріне қарамастан білім беру, шығармашылық, мәдени және өзге де қабілеттері мен дарынын кеңейту үшін жағдай жасау. Осы орайда мен жаз мезгілінде осы жобада тәлімгерлік қызмет атқардым. Өзім сабақ беретін оқушыларымды осы жобаға қатыстырып, дарыны мен дағдысын дамытуға, ұштауға шақырдым. Бағдарламаға қатысқан әрбір қатысушы өз ісінің үздігі, өз саласында көшбасшы және айналасындағыларды үйрететіндей мүмкіндікке ие болады. Осы жобаға менің екі оқушым: 9 «а» сынып оқушысы Ұлдана Жақсылық және 11 «а» сынып оқушысы Хайрулла Гаухар қатысып, білімі мен дағдысын шыңдап, өздерін әр салада дамыта отырып, алты айлық еңбектің жемісіне жетіп, Елбасымыздың қола медаліне ие болды. Шәкірттерім өз қатарластары арасында алғашқы медальға ие болып, өз құрдастарына үлгі бола білді. Бұл жобада олар бес бағыт бойынша, яғни тек білім бағытында емес спорт, кітап оқу, дарын мен дағды, еріктілік, ұлттық мұра бағытымен жұмыс жасады.

«Тәрбиемен берілген білім өлшеуі жоқ қазына» демекші, балалар осы жоба аясында таусылмас қазынаға ие болды. «Елбасы Медалі» жобасы оқушыларға өзге тараптардан көмек күтпей, өз болашағын өздері құруға мүмкіндік береді. Жоба бағдарламасын өту барысында оқушылар өз дағдылары мен дарындылығын шыңдайды, ұлттық мәдени мұрамен танысады, денсаулығы мықты, болашағына сенімді тұлға ретінде қалыптасады. Яғни, олардың өз әлеуетін толық көлемде іске асыруға мүмкіндіктері көп. «Елбасы Медалі» жобасына қосылғаннан кейін, сіз, өз келешегіңізге инвестиция салатыныңыз айқын. Болашақта мектебімізден басқа да шәкірттерімді осы додаға қосып, білімі мен дағдысын дамытып, ел үмітін ақтар шәкірттерді тәрбиелеп, білім ұясынан ұшырамыз деген ойдамын.

Айгерім АРЫНОВА,

Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектептің физика пәні мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы