- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап– күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айырылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыяма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?
Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей?
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей.
Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, мәғшәрға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас.
ІШІМ ӨЛГЕН,
СЫРТЫМ САУ
Ішім өлген, сыртым сау,
Көрінгенге деймін-ау:
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен не қылдым, япырмау?!
Өз үйінде өзендей
Күркірейді, айтса дау.
Кісі алдында кірбендеп,
Шабан, шардақ және шау.
Мұндай ма едің ана күн,
Мұның қалай, батыр-ау?
Үш күн арқаң босаса,
Бола қалдың бас асау.
Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау.
Жан жай тапса, сен неге
Жат мінезсің жабырқау?
Ұрлық пенен қулыққа
Байлағанда, кестің бау.
Берермеңде бесеусің,
Аларманда және алтау.
Топ болғанда көресің
Түрлі дауды жүз тарау.
Аяғында сендейлер
Көрмей жүр ме ханталау?
Қайтып келер есікті,
Қатты серіппе, жарқын-ау!
Жетілсең де, жетсең де,
Керек күні бір бар-ау.