Түркістан облысындағы Келес ауданының тұрғыны Нұржан Умаров алғаш рет жартылай ащы және тәтті бұрыштың будандасқан түрін көшет күйінде өндіріп, одан өнім алуды қолға алған. Тұрғын бұл өнімнің атауын «Келес» деп атаған. Жиырма жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп жүрген шаруаның айтуынша, жаңа көшеттің түрі өңіріміздің климатына бейімділігі тексеріліп, тәжірибеден өткізілген.

«Меншігімде 8 гектар аумақта орналасқан жылыжайым бар. Оның 2 гектарына көшет өсіріп жүрмін. Бүгінде жылыжайда 40 адам еңбек етуде. Сонымен қатар қияр, қызанақ, асқабақ секілді өнімдердің тұқымдарын будандастырып, өнімнің жаңа түрін шығаруға басымдық беріп келеміз», – дейді жеке кәсіпкер.
Сонымен қатар, онда қарбыз, құлпынай, қырыққабат, қияр, қызанақ көшеттері дайындалуда. Бұл өнімдерге қызығушылық танытатын шаруалар да көп. Әсіресе, көршілес Сарыағаш және Мақтаарал, Қазығұрт, Шардара аудандарының тұрғындары жиі тапсырыс беріп отырады.