- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойынан кейін қасиетті шаһарда той дүбірі басылған емес. Түркістанда 2003 жыл ақпанның 5-7 күндері Қазақстан Журналистерінің ІІ Конгресі өтіп, оған республиканың барлық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, танымал журналистер, билік өкілдері мен бақылаушылар бас-аяғы 400-ге жуық қонақ қатысты. Онда қаралған мәселелер де ауқымды – жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы мен заңдық тұрғыдан реттелуі, журналист мамандарына білім беру мен іріктеу сияқты көкейкесті мәселелер талқыланды.
Сол кезде аталған Конгресті өткізуге бүкіл Түркістан қызу дайындық жүргізді десек артық айтқандық емес. Қала әкімі Өмірзақ Әметұлы келген қонақтарға қаланың тарихын, өзінің 1500 жылдық мерейтойынан соң өсіп-өркендеуін, көркеюуін таныстыру мақсатында сол дайындықтың басты қозғаушысы болды. Түркістандағы БАҚ өкілдері де бұл республика өміріндегі маңызды оқиғаға айрықша назар аударып, үлкен дайындық шараларын жасады. Соның ішінде бірінші кезекте «Түркістан» газетінің редакциясы ұжымының іс-әрекетін ерекше айтуға болады.
Жиынға келген қонақтардың редакцияда болатыны ескеріліп, оны жаңа жиһаздармен жабдықтауға, сондай-ақ редакция жанынан мұражай ашып, оған сол кезде 73 жылдық тарихында пайдаланған құрал-жабдықтарын, шығарған газеттерін, қала тарихына қатысты зат бұйымдарды қоюға ынта жігермен кірісті. Әрине, ең бастысы – осы маңызды оқиғаға орай өзі айнасы болып отырған қаланың тарихын таныстыру мақсатында Түркістанның өткенінен бастап, бүгінгі тыныс-тіршілігіне арнап материалдар әзірлеп, арнайы газет нөмірін шығару көзделді.
Сонымен мерекелік нөмірге қала әкімі Өмірзақ Әметұлының газет редакторы Балтабай Нұржановпен «Ғасыр қала, жаны мәңгі жас қала» атты сұхбаты, ХҚТУ өкілетті кеңесінің төрағасы Намық Кемал Зейбектің «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты публицистикасы, «Бізде осындай оқу орны бар» атты ХҚТУ жайлы деректер, «Түркістанға – тағзым» айдарымен қаладағы зәулім ғимараттар мен белгілі, тарихи жәдігерлері бейнеленген фотосуреттер, «Әзірет Сұлтан» қорық музейі, Түркістан сазды драма театры жайлы материалдар мен «Мәдениетім – мерейім» атты деректер еніп, бірінші бетіне «Қош келдіңіздер, қонақтар, төрлетіңіздер!» атты қала әкімінің құттықтауы мен «Бүгінгі Түркістан» деректері беріліпті.
«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегендей, редакцияға Конгрестің басталуына екі-үш күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысы аудандық газеттерінің редакторлары келіпті. Хал-жағдай сұрасып, қауқылдасып, олар редакция бөлмелерін аралап көріп, «Сіздерге жақсы жағдай жасалған екен!» десіпті. Әрі редакция ғимаратының көше қозғалысының шуынан тыныш жайға орналасқанына да көп көңіл бөлген көрінеді.
Сонымен тарқатып айтсақ, түркістандықтар Қазақстан Журналистерінің ІІ Конгресіне қатысушыларды құшақ жая қарсы алды. Конгрестің мәртебелі меймандары мен қатысушыларын Алматы алаңынан күтіп алып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болған қонақтар ата-бабаларға тағзым етіп, әруақтарға Құран бағыштады. Одан соң Түркістан тарихи музейін аралап көрді.
Конгресс басталатын күні редакцияда елеулі оқиға орын алыпты. Қазақстан Республикасы Журналистер Конгресі атқару комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, қала әкімі Өмірзақ Әметұлы бастаған қаламгер қауым редакцияға келіп, ғимаратты аралап көріп, шығарған арнайы нөмірімен танысқан. Осы рәсімде сенатор Қ.Сұлтанов ерекше толқып, сөз сөйлейді. «Бұрынғы кезде журналистердің алғашқы еңбек сынағын аудандық газетте бастап, тәжірибе жинақтайтын оңды үрдіс бар еді. Мұның пайдалы жағы көп болатын… Мен өзім де еңбек жолымды аудандық газеттен бастап, шыңдалып шықтым» деген сөзі көпшілікке ой салады. Дариға Назарбаева да: «Бұл қолдауға тұрарлық өте орынды мәселе екен» деп баға беріпті. Одан соң Дариға Назарбаева редакция музейіндегі «Қонақтар лебізі» журналына ізгі тілегі мен қолтаңбасын қалдырған.
Арбатты бойлап, қолөнер шеберлерінің, қала көркем өнерпаздарының өнеріне куә болады. Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың ескерткіш-мемориалында болған қонақтардың алдында қаланың бас имамы Омар Елеуұлы әруақтарға Құран бағыштайды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» Неке сарайында қазақтың үйлену тойының салт-дәстүрі тамашаланады.
Түркістан сазды драма театрындағы «Әділеттің ақ жолы» қойылымы қонақтарға үлкен әсер етті. Дариға Назарбаева қойылымның идеясы тамаша екенін, оның ел Президентінің кітаптарына сүйеніп қойылғанын айта келіп, театр ұжымына шақырмашылық табыстар тілейді. «Бұл қойылымды толқымай көре алмайсың», – деді сенатор Қуаныш Сұлтанов, сөйтіп, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор Райымбек Сейтмет пен осы қойылымның авторы Сая Қасымбекке алғысын жеткізеді.
2003 жылы 6 ақпан күні Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында Конгресті ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы Қ.Сұлтанов салтанатты түрде ашып, ҚР Президенті жанындағы БАҚ жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы С.Матаев Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жолдаған құттықтауын жеткізеді. Бұдан соң Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Жылқышиев, ХҚТУ-дің Президенті, академик О.Сәбден, университеттің өкілетті кеңесінің төрағасы Намык Кемал Зейбек мырзалар журналистерді Конгрестің басталуымен құттықтайды.
Конгрестің алғашқы мәжілісінде Қазақстан Журналистері Конгресі атқару комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева атқарылған жұмыстар жайлы баяндайды. Сонымен бірге ол: «Бүгінгі Түркістандағы Конгреске 400-ге жуық адамның келуі Сіздердің қолдағандарыңызды білдіреді. Біз Түркістанға келіп, Меккеде болғандай сезініп отырмыз. Бұл қасиетті қаладан төл тарихымыздың терең тамырларына бойладық. Негізі ақылды шетелден іздемей, өзімізден, өз жүрегімізден іздейік», – дейді.
Журналистердің ар-ожданына негізделген Декларация жайлы «Ақ Жайық» газетінің бас редакторы С.Қайырханов, «Жыл журналисі» сыйлығы туралы «Газета Эспресс-К» ЖШС бас редакторы И.Шаханович, ҚР Президенті жанындағы БАҚ (ақпараттық саясат) жөніндегі қоғамдық кеңес туралы Қазақстан Журналистер Одағы басқармасының төрағасы С.Матаев хабарламалар жасайды.
Екі күнге созылған Конгрестің одан кейінгі мәжілістерінде Қазақстанның аймақтық баспасөзін дамыту мәселелері, баспасөзді заңдық реттеу, мемлекет пен БАҚ, кадрларға білім беру және іріктеу жүйесі туралы мәселелер қаралды. Әрбір баяндама, хабарлама қызу талқыланып, пікір-сайыс кеңінен өрістейді. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрінің орынбасары Ардақ Досжан жоғарыда аталған баспасөзді заңдық реттеу, мемлекет пен БАҚ мәселелері жайлы хабарламалар жасап, көптеген сұрақтарға жауап береді. Әділет вице-министрі И.Елекеев заңдық реттеу, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Н.Омашев Қазақстандағы журналистік білім туралы, Мәскеулік қонақ, МГУ журналистика факультетінің профессоры В.Цвик Ресейде журналистерді оқыту тәжірибесі туралы және басқа да тақырыптардағы баяндамалар тыңдалып, талқыланады.
Сонымен бірге Конгрестің жұмысына редакция қызметкерлері түгелдей қатысып, онда қозғалған мәселелерден тұшымды ой түйеді. Ал, меймандарымыз тарихи қаланың көрнекті орындарын аралап көріп, үлкен әсер алып, қала көркем-өнерпаздарының мерекелік концертіне, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Жылқышиев пен Түркістан қаласының әкімі Ө.Әметұлы берген дәм-тұз бен сый-сияпаттарына ерекше ризашылықтарын білдіреді. «Түркістан» газеті редакциясының қызметкерлері бұл айтулы оқиғадан үлкен әсер алып, рухани жағынан қанаттанды. Сөйтіп, журналистердің қоғамның қозғаушы күші екеніне тереңдей көз жеткізді. Өйткені бұл оқиғаға Елбасымыз Н.Назарбаев ерекше мән беріп, Конгреске қатысушыларға құттықтау жолдады және шығармашылық табыс тіледі.
Р.S. Әрине, Конгресте қаралған мәселелердің барлығын бірдей қамту мүмкін емес. Ал, Конгрестің қарары оның азаматтық қоғамдағы баспасөздің ерекше рөль атқаратынын ескере отырып қабылдағанында, «Журналист» газетінің алғашқы санының шығуы, «Жылдың үздік журналисі» сыйлығы белгіленгені айтыла келіп, өздерінің жұмысындағы өзекті мәселелерді шешу үшін журналистер қауымына бірлескен іс-қимыл қажеттігі айтылған.
Конгресте қаралған мәселелер өз алдына, бүкіл меймандар мен журналистер қауымын, Мәдениет сарайындағы қала көркемөнерпаздарының концерті, қала өмірін бейнелейтін телефильмдер Конгреске қатысушыларға әсері аз болған жоқ. «Түркістан» газетінің тілшілері келген қонақтармен әңгімелескен, сондағы Конгреске қатысушылардың ортақ ойы «Көне қала Түркістан шын мәнінде көркейіп, гүлденіпті, жасарып, жаңарыпты. Түркістандықтар рухани астана атына сай қала мәдениетін жоғары дейгейде көтеріпті» деген пікірлері жазылған. Конгрестің соңында Түркістан қаласының әкімі Ө.Әметұлы: – Қасиетті қаламызға келіп, осындай үлкен форум өткізгендеріңіз үшін Түркістан халқының атынан, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің атынан рахмет айтамыз, – десе, Елтай Бимаханбетов ақсақал Конгреске қатысушыларға ақ батасын беріпті. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті қаламызда бас қосқан журналистер Конгресс жұмысынан бүгінгі таңдағы баспасөз құралдарының дамуы, әсіресе, заман талабына сай материалдық база жасау және қаржылық мәселелері жөнінде көптеген ой түйіліп, жиын қорытыланған.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.