Бүгінгі таңда Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Қала әкімі күнделікті құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан шаруаларды өз бақылауында ұстауда. Қаладағы тас жол салу құрылысы да қарқынды жүруде. Алайда, атқарылып жатқан жұмыстарға кедергілер де жоқ емес. Атап айтсақ, бақылаусыз жүрген малдар қала көшелеріндегі тас жолдағы автокөлік тасымалына кедергі келтіріп жатқан жайы бар.
Сонымен қатар, қаладағы көгалдандыру мүліктің (тас жол бойындағы егілген талдар, гүлдер мен шөптер т.б.) төрт түлік жануарлардан зиян шегу іс-әрекеттері де көптеп тіркелуде. Жануарларды асыраумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар елді мекендерінің аумағында жануарларды асырау қағидалары талаптарын қатаң сақтауы қажет.
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2016 жылғы 29 маусымдағы №3/31-VI шешімімен бекітілген Оңтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында жануарларды асырау қағидаларының 2 тармағының 5-тармақшасында: «Ауыл шаруашылығы жануарларын қолданыстағы санитарлық нормаларға сәйкес тұрғын үйлерден, пәтерлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, саябақтардан, хайуанаттар бағынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарынан, сауда, тамақ өнеркәсібінен, жалпы демалатын орындардан, балаларды сауықтыру орындарынан, демалыс үйлерінен, шипажайлардан, жасанды су қоймаларынан, артезиан құдықтарынан және өзен жағалауы мен оның сағасынан қашықтықта орналасқан арнайы жабдықталған (жабық) орындарда ұсталуы керек» – деп аталып көрсетілген.
Төрт түлік үй жануарын ұстайтын мал иелері осыны түсінсе екен дейміз. Әрбір малы бар қала тұрғыны осыны білу керек. Ал санитариялық-гигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық- санитариялық) нормалар мен қағидалардың талаптарын сақтауды қамтамасыз етпеген мал иелері мен шаруа қожалықтарына әкімшілік шара қолданылуға мәжбүр боламыз.
Бәріміз де қаламызды жақсы көреміз, рухани және облыс орталығы болған киелі Түркістан қаламызды санитариялық-гигиеналық нормаға сай таза ұстауға және жоғарыда аталған қала аумағында жануарларды асырау талаптарын сақтап өз малдарыңызды бақылауға алуларыңызды сұранамыз.
С.ЕСІРКЕПҰЛЫ,
«Түркістан қалалық ветеринарлық қызметі» МКК эпизоот дәрігері.