«ҚИЫНДЫҚТЫ ТЕЗ ЕҢСЕРУ ҮШІН САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС»

863 көрілім

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында еліміздің барлық аумағында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 16 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізілгені белгілі.

Мемлекет басшысы өз Үндеуінде аталған індетті жоюға арналған бірқатар алгоритмдерді және медициналық тексеруден өтуге, емделуден бас тартқан, карантин режимін сақтауға бей-жай қарап, эпидемиологиялық жағдайларды анықтауда қолында бар мәліметтерді жасырған кісілерге бақылау күшейтілетіндігін баса айтты. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Президент Жарлығын жүзеге асыру бойынша қаулы қабылдап, бірқатар шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде осындай ауыр кезеңде барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырды. «Төтенше жағдайдың жариялануы маңызды және қажетті қадам. Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау» деген Елбасы мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар қазіргі қиын ахуалға сай дер кезінде қолға алынғанын атап өтті. «Құрметті қазақстандықтар! Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз барын білесіздер. Осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс. Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, студенттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарды жария етті. Бірақ, тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады. Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмылдырған жөн. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын»,- деді Тұңғыш Президентіміз. Бұдан соң Елбасы мұндай қорларды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажеттігін қадап айтты. Сонымен қатар еліміздегі компаниялар өкілдерін қызметкерлерін жұмыстан қысқартпауға, оларға қаржылай да, моральдық тұрғыдан да көмек беруге шақырды. Елбасының тапсырмасымен «Nur Otan» партиясының жобалары аясында бөлінген 150 миллион теңге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалмақ. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Тұңғыш Президент қоры есебінен тағы да 200 миллион теңге бөлінуі елдегі ірі бизнес өкілдеріне үлгі аларлық игі бастама. «Тұтастығымызды тағы бір рет дәлелдейтін күн туды. Еліміздің барлық азаматтарын төзімділік танытуға, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырамын. Бірлік барда алынбайтын асу жоқ. Қазақстан бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады деп нық сенемін»,- деді Елбасы Н.Назарбаев өз Үндеуінде.

Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты аудандарда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мобильді топтар құрылды. Коронавирустан сақтану шаралары қолға алынып, бақылау өткізу бекеттері қойылды. Бекетте медицина қызметкерлері ары-бері өткен жолаушылардың дене қызуын тексерістен өткізуде. Індеттің шекара арқылы енуіне жол бермеу мақсатында да қатаң шаралар қолға алынды. Шекаралық өткізу пункттерінде дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстары – аймақ тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін жасалынып отырған шара. Айта кету керек, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде 6 шекаралық кеден бекеті бар. Атап айтқанда, «Қазығұрт», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Сарыағаш стансасы», «Бауыржан Қонысбаев» және «Атамекен». Төтенше жағдайдың жаңа деңгейі бойынша, қазіргі уақытта санитарлық бақылау тәулік бойы жүргізілуде. Барлық кеден бекеттерінің өткізу пункттерінде тепловизорлық бейнекамералар мен қол өлшеуіштері бар инфрақызыл камералар орнатылған. Олар дене температурасы көтерілген адамды 15 метр қашықтықтан табуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, бүгінде еліміздің барлық өңірлері тәрізді, Түркістан облысында да білім беру орталықтары түгелдей жабылды. Тойханалар мен ойын-сауық орталықтарының, адам көп шоғырланатын орындардың жұмысы тоқтатылды. Базарларда санитарлық тазалық шаралары күшейтілді. Күнделікті дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Эпидемияға қарсы мұндай санитарлық іс-шаралар барлық аудандардағы мекемелерде, қоғамдық көліктерде де жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру ісі де өңір басшысының назарында. Осы мақсатта арнайы құрылған комиссия сауда орындарына рейдтік тексерулерді күнделікті жүргізіп отырады. Барлық медициналық ұйымдарда коронавирусқа қарсы шаралар күшейтілді.

«Қазіргі жағдай еліміз үшін сын да, сынақ та. Бізге темірдей тәртіп керек. Түркістан облысы халық саны жағынан көп шоғырланған өңір болғандықтан қауіп те молая түседі. Біраз нәрсе әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты болып тұр. Дүрбелең мен шу ешкімге ештеңе бермейді, қайта керісінше жалпы жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін. Сол себептен ел болып жұмылып, тосыннан келген індеттің бетін қайтару үшін белгіленген ережелерді бұлжытпай орындау керек»,- деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық лездеме отырысында.

Бүкіл әлем қатты алаңдап отырған коронавирус індеті өршіп кетпеуі үшін адамдар Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық шараларды қолданулары қажет. Соншалықты дүрлікпей, ауруды жұқтырмаудың алдын алу керектігін Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Үндеуінде қадап айтқан. Тұрғындарға қолды сабындап жиі жуу, антисептиктер пайдалану, қол алысудан бас тарту, жеке бас гигиеналық заттарды ғана пайдалану, гаджеттер мен техникалық құрылғыларды дезинфекциялау, тұмаудың белгілері бар адамдармен қарым-қатынас жасаудан уақытша бас тарту керек. Сонымен қатар той-томалақтарға, көпшілік жиналатын орындарға әзірге бармай тұра тұрған абзал.

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы