Түркістан әскери комиссариатынан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына 18500 түркістандық аттанған. Батырлардың аты-жөні «Жеңіс» саябағында орнатылған «Ешкім және ешнәрсе ұмытылмайды» деп аталатын үлкен ескерткішке жазылған. Олардың ішінде мақаламыздың кейіпкері Сауран ауылдық округінің тұрғыны Әніш Орынбаев та бар.
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында (5 жыл бұрын) біз құрметті ақсақалдар, депутаттармен бірге «Ынталы» ауылындағы Әніш атаның үйінде болып ардагерді мерекемен құттықтадық. Ол соғыс жылдарында басынан өткен оқиғаларын әңгімелеп берді. 1922 жылы туылған Ә.Орынбаев 1942 жылы әскери қызметке шақырылған. Үйіне тек 1946 жылы оралды.
Соғыстан кейін Майдантал совхозында аға бухгалтер болып жемісті еңбек етіп, 1989 жылы зейнеткерлікке шықты. Зайыбы, батыр ана Бибіфатима Бегімбетқызымен 5 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан өрбіген 36 немере, 38 шөбересі жыл сайын Жеңіс мерекесі күні батыр аталарына ізгі ниет арнап, құттықтайтын. Осы күні майдангер әдеттегідей орден медальдары тағылған мерекелік костюмын киіп үлкен дастархан басында соғыстағы қиын сәттерді айтып отыратын.
Ол әрқашан әңгімесінде бейбіт өмір бәріміз үшін құндылығын, бейбітшілік үшін әрбір азамат өзіндік үлес қосуы қажеттігін қайталап айтатын. Соғыс ардагерін өзі оқыған мектепке оқушылармен кездесуге жиі шақыратын. Жас ұрпақты имандылық, Отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ол кісінің негізгі мақсатының бірі еді.
2016 жылы дүниеден озды. 94 жастағы соғыс ардагері өзінің туған ауылында жерленді. Оның перзенттерінің бірі – Жаңыл Орынбаева білім беру саласында істейді. «Некрасов» атындағы №9 мектеп-гимназиясының директоры. Мерейлі мереке күні Жаңыл Әнішқызы гүл шоқтарын алып «Жеңіс» саябағындағы үлкен ескерткіштегі әкесінің есімі жазылған монументке барып асқар тауы болған әкесін еске алды.

«Әкеміз біздер үшін тұрақтылық, даналық, еңбексүйгіштік, сабырлылық, төзімділік атаулының үлгісі еді. Анамыз үй шаруасымен айналысқан. Ұл-қыздары үшін олар қанша күш-жігерін жұмсап бақты, елін ардақтайтын азамат болып жетілуімізді армандады. Бүгінде әкеміз арамызда жоқ болғанымен жарқын бейнесі перзенттері һәм немере-шөберелерінің жадында мәңгілік сақталады. Мен әкеммен мақтанамын. Оның ерлік пен еңбекке толы өмір жолы біздер үшін, жас ұрпақ үшін өнеге. Әкем миллиондаған совет әскерлерінің бірі ретінде ерлігімен бейбіт өмір орнығуына үлес қосқан жан»,- дейді Жаңыл Әнішқызы әкесі туралы толғана еске алып.
P.S. Бүгінгі күнде Сауран ауылдық округінен соғысқа аттанған 330 азаматтың ішінде бір ғана ардагердің көзі тірі. Ал, Түркістаннан майданға аттанған 18500 сарбаздың алтауы арамызда.
Шамырза МАДАЛИЕВ.