Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың,
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының назарына!
Түркі халықтары үшін киелі де қастерлі Түркістанды жырға қоспаған ақын кемде-кем шығар. Бірақ, жырларының денін қасиетті қалаға арнап, оны мақтан етіп, ол туралы бір-екі өлең емес, бірнеше кітап шығарған ақынның жоғы анық. «Туған жер, өскен Түркістан», «Түркістаным – тағдырым», «Әзіреті Түркістан», «Түркістанның тарихи төлқұжаты», «Түркістанға тағзым ет», «Шежірелі Түркістан» (үш томдық). Ия, мұның бәрі қасиетті қалаға арналған өлеңдер ғана емес, бүтіндей кітап, Түркістанның мың жылдық шежіресі. Ойы мен сөз тіркесін қайталамай бір тақырыпта осыншама өлең шығарудың сыры неде? Бұл, менің ойымша, туған жерге деген шексіз махаббат пен азаматтық парыздың көрінісі болса керек.
Ол кісі Түркістанды сүйіп, тек жырға қосып қана қойған жоқ, турасын айтқанда бүгінгі күні айтылып жүрген Түркістанның бүкіл түркі жұртының астанасы болуы үшін жұмыс істеді деуге болады. Кеңес үкіметі әдейі елеусіз қалдыруға тырысқан қасиетті, көне шаһарға, ел тәуелсіздігін жарялаған күннен бастап Үкіметтің назарын аударуға тырысты. «Түркістанды туристік қалаға айналдыру үшін өткен ғасырлардағы тарихи ескерткіш орындарын қажеттілікке сай қалпына келтірейік. Сонда туристер бірер күн аялдайтын болады. Хандарға ескерткіш орнатайық» деп Үкіметке жиі ұсыныстар түсірді. Онысына дәйекті, қолдайтын сыңайлы жауап та алып жүрді. Мұның бәрін білетін себебім, мен ол кісінің жазғандарының көбін компьютерге түсіріп беретінмін, бірге жүрдім.

Нұрмахан Назаровтың Түркістан үшін еткен сүбелі еңбектерінің бірі, ол – Тайқазанды Отанына қайтаруға қосқан үлесі болып табылады. Әрине, бұл еңбектің бәрін жалғыз Нұрекеңе жабыстыра салуға болмас, әйтсе де, аса көрнекті, қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен басталған бұл игі іске – Нұрекеңнің Кеңестік үстемдіктің арқауы сәл-пәл босап тұрған сәтінде Кремльде өтіп жатқан съезге жедел хат жолдауымен нүкте қойылған болатын.
Қазақстанда өткен ЭКСПО-ның алдында, көрме қонақтарын Түркістанға ат басын бұрғызу туралы ұсыныстарын Елбасыға жолдағанын да білемін.
Н.Назаров, Алашордалық ардақтылардың еңбектерін жұртшылыққа таныстыруға да өз үлесін қосты. Әсіресе, Түркістанға қатысты жерлеріне келгенде шабыттанып кететін. «Түркістанда өткен Алаш съезі» мақаласы өте құнды дүние. «Алаш съезі өткен үй мынау» деп бір үйді көрсетуші еді, қазір оның қай үй екенін мен ұмытып та қалдым.
Сонымен қатар, ол кісі – Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың Оңтүстік Қазақстандағы тұңғыш насихаттаушысы. Үкімет басшыларының есіктерін қағып жүріп, 100 жылдығы өзге тұлға-лар қатарлы тиісті деңгейде өткізілмеген дипломаттың 105 жылдығын мемлекеттік деңгейде ата-мекені Түркістанда өтуіне табандылықпен ықпал жасаушы. «Нәзір қорын» құрып, оны бірнеше жыл басқарып, халықтың жергілікті үкімет органдарының көз алдында облыстағы танымал, ұйымдастыру қабілеті зор кісілерге тапсырды. Түркістанда дипломатқа музей ашуға, мектеп, көше есімін беруге бастамашы әрі жүзеге асыруда көпшіліктен, үкіметтен қолдау тауып ең алдында жүрді.
С.Ерубаев мұражайын басқарғанда қарабайыр экспозицияларды толықтырып, жаңғыртып, жаңаша сипатқа келтірді.
Жергілікті жерлерде әлі кең қанат жая қоймаған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» шарасын қалада тұңғыш рет митинг түрінде өткізді. Қалалық әкімдікке ұсыныс жасап, ол шараны Саттар Ерубаев музейінің ауласына қойылған Н.Төреқұловтың ескерткіш-мүсіні алдында өтуіне тікелей өзі басшылық жасады.
Ел тәуелсіздігі үшін күрескен, ақ патшаның Орта Азия халықтарын отарлау саясатына қарсы шығып, оған сол жердің халықтарын жұмылдыра білген Телқожа батырдың есімін жаңғыртып, оның ерліктерін көпшілікке таныстырған да Нұрекең. Есімі тарих қойнауында қалып бара жатқан батырдың өмірін зерттеп, оның Түркістаннан бастап Ташкентті қорғауға қатысқанын, Хиуа жұртшылығымен бірге басқыншыларға қарсы күрескенін де анықтады. Ол жайында «Қайта оралған есім» атты кітабын шығарды.
Иә, киелі шаһарды бүкіл түркі жұртының рухани астанасы мәртебесіне көтеру мәселесі Нұрмахан ағаның жүрегіне беріш боп қатқан арман деуге болады.
О, Түркістан! Бақыт шамың жағылар,
Арымаса, азаматтар ары бар.
Рухани астаналық мәртебе,
Берілген күн жүрегім де жарылар, – деуі де содан шығар.
Түркістан облыс орталығына айналғанда Нұрекең қатты қуанды. «Әбдіғаппар, шынымды айтайын, мен Елбасыға іштей өкпелеп те жүр едім, енді бәрін қайтып алдым, осы ісі үшін қайтып алдым» деді. Бұл, ол кісінің шын қуанышы екеніне, бұл істе оның да еңбегі бар екеніне шүбәсіз сендім.
Түркістан қаласының өсіп-өркендеуіне өз еңбегімен өлшеусіз үлес қосқан, біртуар азамат, ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрмахан Назаровты ел есінде қалдыру мақсатында қаламыздағы көшелердің біріне есімі берілсе, ағамыздың туған жерге деген шексіз махаббаты, қызметі келер ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге болары еді.
Әбдіғаппар ЖАҚЫПОВ,
ақын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.