Түркістанның тарихын түгендеуге, жәдігер қаланың дамуына зор үлес қосқан айтулы ақын Нұрмахан Назаровтың есімі мен еңбегі елге жақсы таныс. 1944 жылы қаңтардың 9-ында Түркістан маңындағы Шойтөбеде дүниеге келген тұлға Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Елеулі тұлға еңбек жолында оқытушы, мектеп директоры, мәдениет үйінің директоры, мәдениет бөлімінің, қалалық атқару комитетінің, қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болды. Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» музейінің, Саттар Ерубаев музейінің, Нәзір Төреқұлов музейінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік музейін басқарып жүргенде (1988-1995) атақты тайқазанды Эрмитаждан өз Отанына алдыртуға атсалысты. Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетінің төрағасы, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың мұражайын ұйымдастыруға күш салған. Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына орай, тарту ретінде «Әзіреті – Түркістан» тарихи-мәдени танымдық газетін шығарды. Нұрмахан Назаровтың өлеңдері 60-70 жылдары-ақ, республикалық газет-журналдар мен ұжымдық жинақтарда жарияланып келді. Бірегей тұлғаның Түркістанның көне замандардан бүгінге дейін тарихын көп жылдар бойы зерттеп, жинақтап, жарыққа шығарған «Түркістаным тағдырым», «Шежірелі Түркістан» атты кітаптары мен маңызды мақалалары жетерлік. Сондай-ақ, ол 95 жылдық тарихы бар қара-шаңырақ басылым «Түркістан» газетінің де жанашыры болды. ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналис-тер Одағының мүшесі, түркістантанушы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаровтың өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз!

ӘЗІРЕТ СҰЛТАН ШАПАҒАТЫ
Ей, Түркістан! Ауған саған,
Дін мұсылман махаббаты.
Нұр-жауһар боп жауған саған,
Әзірет Сұлтан шапағаты!
Соғыс жұтып, карталардан,
Өшті қанша шаһар аты.
Сені оқтан қалқалаған,
Әзірет Сұлтан шапағаты.
Жәдігері қазағымның,
Мәшһүр болған жаһанға аты!
Рухани тазалығың –
Әзірет Сұлтан шапағаты!
Суың – зәм-зәм, топырағың – нан,
Табиғаттың жоқ апаты.
Дархан байлық атырабың – тұнған,
Әзірет Сұлтан шапағаты!
Құшағында құлпырады,
Жәми жұрттың жамағаты.
Балдай тәтті ынтымағың –
Әзірет Сұлтан шапағаты!

ӘЗІРЕТІ ТҮРКІСТАН
Құдайдың нұры жауған жер,
Екенің шын, Түркістан!
Құл Қожахмет Иассауи,
Мекенісің, Түркістан!
Жанға шипа желің де
Әзіреті Түркістан!
Аз болған жоқ сенің де
Қасіретің Түркістан!
Жеттің бізге, сан қилы,
Замандардан, Түркістан!
Жоңғарлардан қанқұйлы,
Аман қалған Түркістан!
Қоқан-лоққы Қоқаннан,
Көрген талай Түркістан!
Көкірегінде от-арман,
Сөнген талай Түркістан!
Жау кеп жақын-алыстан,
Шапқылаған Түркістан!
Зеңбірекпен орыстар,
Атқылаған Түркістан!
Тарихың бар ақсамай,
Жаңғырып жеткен Түркістан!
Ақсақ Темір Ақсарай,
Салдырып кеткен Түркістан!
Ашыққанға жаны ашып,
Асын тосқан Түркістан!
Алты алаштың баласы,
Басын қосқан Түркістан!
Лашын ұстап шайырлар,
Салдық құрған Түркістан!
Есім, Абылай, Хақназар,
Хандық құрған Түркістан!
Қаз дауысты Қазыбек,
Қастер тұтқан Түркістан!
Тәуке, Жәңгір, Жәнібек,
Бас кент тұтқан Түркістан!
Ұлы Жібек жолында,
Көпір болған Түркістан!
Қырық мешіт қырық базар,
Нөпір болған Түркістан!
Исі түркі – үлкен үй,
Есімісің Түркістан!
Ахмет сопы Жүйнеки,
Бесігісің Түркістан!
Бақырғани Сүлеймен,
Сенде туған Түркістан!
Құшағыңда гүл-бейнем,
Мен де туған Түркістан!
Шырқай бергім келеді,
Шырқай бергім Түркістан!
Едігедей ер еді,
Сұлтанбегің Түркістан!
Ықылым заман алыста,
Сақтар тұрған Түркістан!
Рухы жүрген ғарышта,
Саттар туған Түркістан!
Ақын-шайыр, жыр-нөпір,
Елден елге жұғысқан.
Сенде туып Міртемір,
Кемелденген Түркістан!
Сен деп соққан жүректе,
Бұрқасын бар, Түркістан!
Өзің баулап түлеткен,
Нұртасың бар, Түркістан!
Шортанбайдай жоқ ақын –
Кемел шыққан Түркістан!
Мұсабектей сом алтын,
Сенен шыққан Түркістан!
Ән қаласы – Әдемім,
Күн қаласы – Түркістан!
Тең көрмеймін әлемнің,
Мың қаласын Түркістан!
Ауысады замандар,
Ауысады патшалар.
Өсер жаңа қалалар,
Өсер жаңа бақшалар.
Туар талай көсемдер,
Туар талай шешендер.
Келер ұлы ақындар,
Келер ұлы батырлар.
Сонда, қайта сілкініп,
Түрленерсің, Түркістан!
Қырмызыдай құлпырып,
Гүлденерсің, Түркістан!
Жаңа туған азат күн,
Өткенде еске жиі алар.
Әз жақсысы қазақтың,
Саған талай жиналар.
Уа, дариға! Қазақтың,
Бұзылмаса бірлігі,
Қызып жатса тірлігі –
Саған да арман Түркістан!
Маған да арман Түркістан!

МЕМЛЕКЕТТІК ТУ
Тарихтан толғам ой алған,
Хас шеберлік шын кемел.
Аспан түске боялған
Туда тұнған сыр терең.
Көз жетпес көркем жерлерім,
Көгілдір көл мен белдерім.
Көкпенен тұрса түстесіп,
Ғажап қой демей, не дейін?!
Киесі бүркіт, ах, қандай!
Қанатын жаймен қаққандай.
Күн сұлуды біз жаққа
Көтеріп келе жатқандай.
Шыдайын қалай мақтанбай,
Ақиқат көрсем ақмаңдай.
Тыныштық сүйген өлкеде
Көгілжім боз таң атқандай.
Шалқытып шұға жел жібек,
Қарайды әлем елжіреп.
Біріккен ұлттар ұйымы,
Ғимаратынан желбіреп!
Қазақстан – көрнекті ел,
Тар жолдар, тайғақ, көрді өткел.
Тегіміздің мөріндей,
Тудағы ұлттық өрнектер.
Кездессе қилы іс мейлі,
Тірлігін тірі ел істейді.
Дүние қаза болмаса,
Көк байрақ қолдан түспейді!
Дайындаған:
Дәурен ТІЛЕУХАН.