ИНФЕКЦИЯНЫҢ ТАРАЛУЫН БОЛДЫРМАУ ЖӘНЕ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

1  328 көрілім

Әлем халқын алаңдатып отырған коронавирус індеті елімізді де айналып өтпеді. Қазіргі таңда ел болып осы бір аты жаман аурумен күресіп жатыр. Қашан да күрес атаулының алдыңғы шебінде жан беруге әзір азаматтар жүретіні белгілі. Олар – әртүрлі мамандық иелері. Бұл ретте ажалмен арпалысып, COVID-19 дертімен дәрігерлер бірінші болып күресіп жатыр десек жалған айтпаған болар едік. Ауру ошағы өршіп тұрған өтпелі кезеңде рухани шаһарда қолға алынып жатқан пандемияға қатысты сақтық шаралары жайында қалалық орталық аурухана бас дәрігерінің медицина жөніндегі орынбасары Бахыт Стамқұловпен сөйлесіп қайтқан едік.

Шаһар аумағында індеттің алдын алу қарқынды жүріп жатыр. «Сақтансаң сақтаймын» дейді халық даналығы. Бүгіннің көзімен қарағанда сақтану әр азаматтың парызы саналып отыр. Ал, сақтану жайында медициналық талаптар режимі қандай немесе қараша жұрттың түсінігі қалай? Нақтылы қандай шаралар қолға алынып жатыр? Бұл жайында бүге-шүгесіне дейін айтамыз.

Ең бірінші кезектегі қала ауруханасының атқарып отырған жұмыстары Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қаулысында және осы қаулының өзгерістер енгізілген қосымшасында көзделген міндеттерді орындау. Аталған қаулы талаптарына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, категориялар тізімдігіне жататын елдерден келген адамдарды алдымен жиырма төрт сағат бақылауда ұстап қажетті тексеру жүргізіледі. Ешқандай да ауру белгілері байқалмаса 13 күндік үй бақылауына жібереді. Егер де аурудың белгілері (жөтел, температура) болып жатса, стационарлық орында 14 күндік қатаң бақылауда ұстайды. Осы барыста олардан алынған тест Шымкенттегі ұлттық коронавирус зерттеу орталығына жіберіледі. Қатысты мамандар тексерісінен кейін теріс нәтиже келсе, 14 күн аяқталғанда тағы да тест алынып шығарылады. Ары қарай сол адамдарды емхана үнемі қадағалап отырады. Тексеріс оң нәтиже көрсетер болса (бүгінде ешкімнің анализ қорытындысынан атаулы жағдай тіркелмеген), Кентау қаласында арнайы жасақталған коронавирус емдеу орталығына (50 төсек орын қарастырылған) жіберіледі. Қазіргі таңда правизорлық стационар бақылауда он бес адам жатыр. Барлық жағдай тұрақты түрде бақыланып отыр.

Қала аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және алдын алу үшін санитарлық-профилактикалық іс-шараларды үйлестіру жұмыстары жүйелі атқарылып отыр. Осы мақсатта қала әкімі Р.Аюповтың басшылық етуімен қала әкімінің штабы құрылған. Құрамына мекеме басшылары кіреді. Белгіленген уақыт көлемінде жиналып, болған жағдайларды талдап отырады. Сонымен қатар, аурухана бойынша да шұғыл жұмыс жасайтын штаб құрылған. Штаб төрағасы Б.Стамқұлов. Құрамында бес адам болып, күнделікті келіп түскен науқастар бойынша және шығарылған бұйрықтармен жұмыстар жүргізіп келеді.

Аурухана мамандарына облыс пен қала бойынша коронавирустық инфекция жағдайлары анықталған кезде жүргізілетін іс-қимыл алгоритмдер талаптары толықтай түсіндірілген. Мәселен, аталмыш өте қауіпті инфекциялық індетке қарсы күрес мақсатында аурухана аумағына жедел-жәрдем көліктерінен басқа жеке автокөліктердің кіруіне қатаң түрде тыйым салынған. Жіті бақылауда ұстап қадағалап отыратын болған. Елімізге төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты науқастардың жағдайын сұрап келушілердің аурухана ішіне кіруіне рұқсат берілмейді. Бұрынғыдай сырттан тамақ әкелушілерге де есік жабық. Науқастарды біртұтас тамақпен қамтамасыз ету жағы қарастырылған. Ал, емхана өз жұмыс кестелеріне сәйкес қызмет көрсетуде. Шұғыл ауырғандар үшін есік ашық десе де болады. Аурухананың мамандар қосыны тарапынан 60 дәрігер және 150 орта буын медициналық қызметкерлері дайын. Түркістан жоғары медициналық колледжінен арнаулы инфекциялық стационарда 50 төсек орын жасақтап қойған. Аурухана дене қызуын түсіретін, вирусқа қарсы, қарқынды терапия үшін қажетті препараттар қорымен және қорғаныс киімдері, дезинфекциялық заттармен қамтамасыз етілген.

Қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары мен індеттің алдын алу жайында кеңестер беруді де жүйелі орындап, басты назарда ұстап отыр. Қазіргі таңда ең керектісі төтенше жағдай режимінің талаптарын толықтай орындау. Сақтық шараларын үнемі қолданып, көп адам шоғырланған жерлерге барған жағдайда, бетперде тағып және резіңке қолғап киіп жүру секілді талаптарды қатаң түрде орындау керектігін ескертеді мамандар.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы