ТОТЫДАЙ ТАРАНҒАН ТҮРКІСТАН

1  175 көрілім

Бұл да ертеректегі ұғымымыз бойынша аспан мен жер, өлім мен өмір арақатынасын көрсетеді. Қақпа сыртына көкке орналасқан жұлдыздай он жұлдыз бар. Жұлдыздар сегіз бұрышты етіп жасалған.

Бұл бүкіл түркі халықтарының шыққан тегі, аңызға айналған Қасқыр – ананың он баланы дүниеге келтіріп, оларға Ұлы Көк Тәңірінен өмір, ұрпақ және бақыт тілегені айтылады. Бұл айнала орналасқан он жұлдыз осы аңыздың көрінісі. Қақпа астында бүкіл идеяны композицияны толықтыра және аяқтайтын «Түркістан – 1500» деген жазуы бар. Бұл жазудың өзі таңбаның жалпы көрінісін немесе құлпытасқа ұқсатып тұрғандай көрінеді.

Сонымен 2000 жылы көптен күткен Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы да келіп жетті. Республикалық, облыстық, жергілікті басылымдар жазғанындай, той дүбірі тербеген Түркістан тотыдай түрленген еді. Кесене мен алаңның ортасына, қаланың кіре берісіне, ипподромға ақшаңқандай 82 киіз үй тігіліп, тұтас бір әсем ауыл көшіп келгендей әсер қалдырды. Жан-жақтан келген өнерпаздар әуелете ән шырқап, түркістандық аспаздар қазанға палау басып, тойға жиналғандарға тегін таратты.

Көптен күткен 2000 жылы 20 қазан күні таңалакеуімнен кіші Арбат, Есім хан алаңы мен Қ.А.Ясауи кесенесіне қарай халық теңіздей толқып ағылып жатты. Таңертеңнен бері түнеріп тұрған аспанның қабағы түске таяу шайдай жарқырап ашылды. Алтын күн арай нұрын төккенде Елбасы Н.Назарбаев бастаған Түркия Республикасының Президенті Ахмет Неждет Сезер, ЮНЕСКО-ның Бас директорының орынбасары Дуду Диен, түркі тілдес елдердің жетекшілері мен Парламент мүшелері, Үкімет басшылары, өзге де ресми адамдар Қ.А.Ясауи кесенесіне кіріп, қасиетті мекенге тәу етті, бабалар рухына Құран бағыштады. Күлтөбенің етегіндегі 600 орындық мешіттің орыны белгіленген жайды көріп, танысты. Кесене алдындағы жұртшылықпен кездесу кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ЮНЕСКО көлемінде аталып отырған киелі қала Түркістанның 1500 жылдық мерейтойымен құттықтай келіп: – Түркістан дін исламның киелі орындарының бірі, Түркістан – түркі әлемінің бастау алар түбі, Түркістан – қазақ даласының рухани төрі, – деді. Жиналған қауым Елбасының осынау сөзіне қол соғып, құрмет көрсетті.

Елбасы бастаған мәртебелі меймандар қаумалаған түркістандықтар мен сан мыңдаған қонақтар арасында қол бұлғай түсіп, қаламыздың көрнекті орындарын аралап көріп, алтын қолды шеберлердің дүниелерімен танысты. Екі ел Президенттері Абылай хан ескерткішінің іргесіне ағаш отырғызды. Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстан және түркі әлемі тарихы мен руханиятындағы Қ.А.Ясауи мен Түркістанның орны» атты ғылыми-практикалық конференцияда Н.Назарбаев, Ахмет Неждет Сезер, тағы басқа мәртебелі меймандар сөз сөйледі. Елбасы оларға бүгінгі салтанаттың қонағы болғаны үшін ризашылық білдіріп, алғысын айтты.

Түркістан тойына келгендер ипподромда өткен бәйгені, «Түркістан – ғасырлар жаңғырығы» атты музыкалық-драмалық қойылымды тамашалады. Мерекелік от-шашу түнгі Түркістанды жарқырата, жадырата түсті. Иә, той қызығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал, той шашуына қосылған демеушілерді атап өткен орынды болар. Қала әкімінің достары – «Джип» автокөлігін тойға тарту етсе, түркістандық «Ақжол» ЖШС – «Мерседес», «Тұран» шаруа қожалығы – «Жигули», ал Сиднейден Олимпиада чемпионы атанып, Түркістанды мерейге бөлеген Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдабековтер «Тойота» жеңіл автокөліктерін сый етіп ұсынды. Бәйге, көкпар, тағы басқа ат спортының ұлттық жарыстары жоғарыдағылармен қатар, «Керуен сарай» фирмасы мен басқалары «Жигули», «Волга», «Мазда» автокөліктерін жарыс жеңімпаздарына сыйлады. Айтыста бас бәйгені жеңіп алған жерлесіміз Бекарыс Шойбековке қала әкімі Ө.Әметұлы жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті. Жеңімпаздарға берілген қаржылай, заттай сыйлықтарда есеп болған жоқ. Осының бәрі қасиетті Түркістанның шарапатының арқасы деп біледі бүгінде жұрт. Сонымен қасиетті шаһардың 1500 жылдық мерейтойы көптің көмегімен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

ТҮРКІСТАН: ТОЙ ҚОНАҚТАРЫ КӨЗІМЕН…

Иә, біз тойшыл халықпыз, Бірақ ЮНЕСКО мақұлдап, туысқан түркі халықтары қолдаған Түркістанның 1500 жылдық тойының орны тым бөлек. Мереке қарсаңында тотыдай таранған Түркістанның ажарына келген қонақтардың қызығып қарағаны есімізде. Енді келген қонақтардың пікіріне құлақ ассақ.

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО және ҚР халық әртісі:

– Қала көп өзгеріп кеткен. Өткен жылғы жазда келіп кеткенімде баяғы ақшаңдақ Түркістаннан ештене байқалмайтын еді. Аз ғана уақыт ішінде осыншалықты өзгерген, қайта түлеген баба шаһарға қайран қалдым. Мені сыртымнан көріп таныған жұрт «Бекежан кетіп бара жатыр», «Чекист Қасымхан Шадияровты қарашы» деп бір-біріне көрсетіп қояды. Бұған да шүкір. Адамның есімін әлемге әйгілейтін спорт пен өнер ғой. Мені өнерім арқылы бағалаған елге рахмет. Түркістан киелі қала. Мұнда ел таныған тұлғалар көптеп шыққан, әлі де шыға берері даусыз. Қала тойының шарапаты тие берсін!

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ, Сидней олимпиадасының жеңімпазы:

– Спортшы болған соң талай елді, мемлекеттерді көріп жүрміз. Олардың жерінде өгей баладай жан-жағымызға тосырқай қараймыз. Алыстағы Сиднейде жүргенде де Түркістан жайлы хабарларға елеңдеп, құлақ түріп жүрдік. Рингке шыққан сайын «Әзірет Сұлтан бабамыздың әруағы жебей гөр!» деп шығып жүрдім. Олимпиада чемпионы болған сәтте «Әруақ қолдады» деп жеңіс тұғырында тұрып айқайлап жібердім емес пе? Түркістан құлпырған тамаша қала екен, Бекзат інімнің мақтағанындай бар екен. Ат спорты ойындарын тамашалап, жүлде тапсыру құрметіне ие болдым. Түркістан тойы менің есімнен шықпайтын үлкен оқиғалардың бірі болды.

Р.S. Талай жылдардан бері көңілді күпті етіп, жұртты елеңдеткен Түркістанның 1500 жылдық тойы 2000 жылы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, кеңінен аталып өтті. Қаламыздың тойына шет мемлекеттерден, туысқан республикалардан, еліміздің облыстарынан келген делегациялар мен өкілдер қатысты. Елбасымыз Н.Назарбаев, Түркия Республикасының сол кездегі Президенті Ахмет Неждет Сезер, басқа да мәртебелі меймандар той төрінде сөз алып, абыз шаһардың көркейе, гүлдене түсуіне игі тілектерін білдірді. Түркістан түркі халықтарының алтын бесігі, рухани астанасы, қасиетті мекені. Оның қайта түлеуіне, ажарлана түсуіне түрік ағайындарымыз бастап, ізгі ниетті, абзал жүректі азаматтарымыз қостап әкетті. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, Түркістанда қыруар істер атқарылды. Түркістанды түлету – ортақ іс. Осы игі іске үлес қосқандардың есімдері тарихта алтын әріптермен жазылып қалғаны баршаға аян. Түркістан тойын өткізуге үлес қосқан бір топ түркістандық азаматтар сол кезде Астанадан арнайы келген орден және медальдармен марапатталғанын айтуымызды орынды деп білдік. Міне, солай 2000 жылы үш күн бойы дүбірге бөлеген Түркістанның 1500 жылдық тойына келген 100 мыңға тарта қонақтың есінде қалғаны баршаға аян. Сол кезде газет тілшілерінің Түркістан тойының дайындық барысы мен мерейтойы туралы жазылған материалдары осылайша көне тарихтың жылнамасына алтын әріптермен жазылатыны даусыз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы