«ӨМІРДЕН КЕТСЕМ ДЕ, ӨЛЕҢНЕН КЕТПЕЙМІН»

1  413 көрілім

«Қабылан мінезді ақын Қаныбек от ауызды, орақ тілді, халықтың мұңын жырлайтын, өнері де өзге ақындарға ұқсамайтын сөз зергері, поэзияның талаптарына жауап беретін әрі тың жаңалықтар енгізе алған ақын еді. Ол тек қана арынды жырлардың қайнары емес, сонымен қатар дарынды ұлдардың да ат жалын тартып, айтыс өнерін жаңғыртуына ұстаздық еткен, ұрпақтар арасындағы алтын желінің, қазақ айтыс өнері мен жәдігерлігінің аманатшысы да»,- деп Досай Кенжетай ағамыз айтқандай ақиық ақын ағамыздың артына калдырған өшпес өнері, мұрасы, еңбектері мәңгі жасайды. Қаныбек Сарыбаевтың туған күнін еске алу мақсатында жыл сайын наурыз айында Тарихи-мәдени этнографиялық орталығында жылжымалы көрмелер өткізу дәстүрге айналып отыр. Бүгінде сол дәстүрдің бір белгісі ретінде «Өмірден кетсем де, өлеңнен кетпеймін» атты фото көрме болып өтті. Фото көрмеде ақынның балалық шағынан бастап, студенттік кезеңдері, отбасымен және т.б. фото суреттері, кітаптары қойылды. Көрменің негізгі басты мақсаты айтыскер, ақын Қаныбек Сарыбаевты өскелең ұрпаққа насихаттап, таныту. Орталық қорында ақынның кітаптары, киімдері, өзінің қолданған жеке заттары, қаламгердің естелік суреттері, жұмыста қолданған қаламсабы, көзілдірігі және жұмыс үстелі мен орындығы, басқа да құнды мұралары қойылған.

Қаныбек Сарыбаев пен Мұқағали Мақатаев сырлас әрі мұңдас ақындар. Бұл жөнінде қазақша күрестен кезінде Қазақстан чемпионы болған спорт шебері Байжан Әбділдаев өз естелік әңгімесінде айтады. Қаныбек Отырар ауданының көркеюіне көптеген үлес қосып, мәдениет саласында айтыс жанрына ден қойып, егеменді елде айтыстың жаңаша түрде заман талабымен үлесін ұсынды. Отырар ауданында ақындар мектебін ашты. Ақындар мектебінде Бекарыс Шойбеков, Жәкен Омаров, Анар Жаппарқұлова, Маржан Есжанова және тағы басқалары жарқырап көрініп, елге танымал бола бастады.

Қаныбек Сарыбаев қазақ әдебиетінің алтын қорына өзінің өміршең шығармаларын қосты. Өзі өлсе де, «артында өлмейтұғын із қалдырған» шығармалары қазіргі таңда да оқырмандардың жандарына жақын. Олар ақынның өлеңдерін ауыздарынан тастамай, күнделікті өмірде де қолдануда. Ақын Қаныбек жөнінде Мұхтар Шаханов өз естеліктерінде: «Қаныбек Сарыбаев Оңтүстік топырағындағы арқалы ақындардың бірі. Қанекеңмен алғаш танысуым алпысыншы жылдардың басында болды. Марқұм Төлеген Айбергеновтің біздің үйге бір топ Қызылорданың ақын жазушыларын ертіп келгені бар. Ол кезде Шымкент қаласының шет жағында анам екеуміз пәтер жалдап тұратынбыз. Кезек-кезек жыр оқумен, әдебиет жөніндегі пікірталаспен таңды көзбен атырдық. Сонда Қаныбектің жырларына сүйсіне, қуана қол соғып едік. Әлі күнге дейін сол ықыласым суыған емес. Қаныбек Сарыбаев шын мәніндегі үлкен құрметке лайық ақын. Иллаһи, оның жұлдызы биіктен жана бергей!»,- деп ақиық ақын Қаныбек Сарыбаевты құрмет тұтқан.

А.РАХИМЖАНОВА,

тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы