- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай Құнанбайұлы 1845 жылы 23 тамызда Семей өңірінде қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Шыңғыстау бауырында дүниеге келді. Ауылда молдадан хат танып, он жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. Үш жылдай оқып, дін сабақтарымен қатар шығыстың ұлы классиктері Науаи, Фзули, Саади, Хафиз, Шамси, Саихали шығармаларын оқып танысады. Ел билеу ісіне Құнанбай Абайды баули бастайды. Абайды оқудан ерте тартып алуының себебі де осы болды.
Ел қамы үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыздар жазылып, абақтыға да отырып шығады. Абай жасы отыздан аса орыс әдебиетімен таныса бастайды. Абайдың өмірі мен шығармашылығындағы өзекті тақырыпты танып білу үшін Құнанбай заманы мен Абай өмір сүрген дәуірдің ерекшелігін, айырмасын жете білу маңызды. Абайды оқып зерттеген жазушы М.Әуезовтің атап көрсеткеніндей Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды. Оқи жүріп, іштей толысып жетіле жүріп ақындық өнердің қоғамдық санада зор тәрбиелік мәнін танып, жасы қырықтан асқан шақта ақындық өнерге құлай берді.
Ұлы ақын, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, ақын шығармаларын жасұрпаққа насихаттау мақсатында тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтың ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлерінің ұйымдастырумен қаламыздағы мектеп ұстаздарымен бірлесе отырып, «Абай дана, Абай дара қазақта» атты тақырыпта іс-шара өткізуді жоспарлауда. Іс-шара барысында ақынның өмірбаяны мен шығармалары мектеп оқушыларына толық таныстырылатын болады.
Адам болу мәселесі сонау тар қапас заманда дүниеге келген ұлы Абайды ерекше толғандырған. Міне сондықтан да ақынның ғылым, білімге шығарған өлеңдері бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Білімдіден шыққан сөз», «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңдерінің негізгі идеясы мен мақсаты – Абайдың ұрпақ тәрбиесіне арналғанын көретініміз анық.
Ғалымжан БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ,
тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтыңғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.