ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН КЕЗДЕСУ

1  083 көрілім

Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық татулықты нығайту ісі бүгінде конституциялық мәртебеге ие болып, елдің ішкі саясатында теңдесіз рөл атқаруда. Осы мақсатта қаламыздағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде татулықты насихаттау және ұлтаралық шиеленістің алдын алу және болдырмау мақсатында Түркістан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен облыстық полиция қызметі өкілдерінің «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабы мүшелерімен кездесу өтті. Жиынға облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының хатшылығы мен облыстық Полиция департаментінің өкілдері, түрлі этнос өкілдерінің студенттері қатысты.

Республиканың ішкі саясатында ұлтаралық келісім мәселесі, өркениетті түрде өзара келісімге келуі ерекше сипатқа ие. Осының арқасында 130-дан астам ұлт пен 46 дін өкілдері «Қазақстан — ортақ отанымыз, ортақ үйіміз» деген құндылықтың төңірегіне топтаса білді және бүгінде туған жеріміз татулығын жоғалтпаған елге айналды.

Кездесуде облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Ғани Рысбеков кіріспе сөз алып, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар кездесу барысында аталған тақырып аясында жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру тобының инспекторы, полиция майоры Бақытжан Набиев, аталмыш оқу орнының визамен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерназар Көпжасарұлы бұл шараның біздің ортамызда этностық қарым-қатынасты нығайту мақсатында берері мол орынды басқосу екендігін атап өтіп, белсенді жастарға деген ыстық ықыластарын жеткізді.

Мемлекеттің экономикалық өрлеуі де, саяси тұрақтылығы да, демократиялық дамуы да бұл елді мекендеген түрлі ұлыстардың өзара сыйластығына, түсіністігі мен татулығына барып тірелетіні анық. Осы орайда қолға алынған кездесудің ел тыныштығы мен этностық қақтығыстардың туындамауына септігін тигізері де жасырын емес. Маңызды басқосуға қатысқан жастар көкейлеріне түйгенін өзгелерге жеткізеді деген сенімдеміз.

Арайлым МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы