ОҚЫРМАН ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛАР ЕМЕС

1  399 көрілім

Осыдан тура 60 жыл бұрын шыққан «Қызыл Түркістан» («Түркістан» газетінің бұрынғы атауы) газетінің сарғайған парақтарын ақтарып отырып «Баспасөз мерзімінде таратылмайды» деген мақаланы кезіктірдік. Онда тақырыбы айтып тұрғандай тұрғындардың пошта қызметіне көңілі толмайтындығы баяндалыпты. «Баяғы жартас сол жартас» демекші ойланып отырсам пошта қызметіне қатысты мәселе әлі күнге дейін сол күйінде сықылды.

Неге бұлай дейсіз ғой? Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жарық көрген мақалада автор былай дейді: «Баспасөзді халыққа дер кезінде таратып отырудағы аудандық байланыс бөлімі мен оның жергілікі бөлімшелерінің кемшіліктері жөнінде редакцияға еңбекшілер хаттары жиі келіп түсуде», – деп басталған. Бұл жағдай бүгінгі күнде де айна қатесіз қайталанып отыр. Ұлттың атын жамылып «Қазпошта» деп аталатын мекеме осы күні тек газет таратумен ғана емес, қаржылық қызмет көрсететін көпсалалы мекемеге айналды. Десе де біз білетін «Қазпоштаның» негізгі міндеттерінің бірі басылымды дер кезінде оқырманға жеткізу.

Ал енді 60 жыл бұрынғы мақалаға арқау болған мәселеге көшейік. Әлгі мақалада тұрғындар әсіресе, хат-хабар апталап, айлап келмейтініне ашынған шалғайдағы малшылар мен ауыл азаматтарына Сауран ауылының пошта тасушысы Айдархан былай уәж айтады: «Ұзақ жол арасында атқа мініп алып, пошта тасу көбіне көктемгі айларда-ақ көңілді. Көктемде айнала көк майсаң да, ауа да қоңыр салқын келеді, сонда аттың үстінде әлсін-әлсін желіп отыруда жаман болмайды. Алдыңнан көктемнің жібек желі еседі. Ал, жаз бен күзде – бұл жоқ. Ыстық шілде де ұзақ жол жүріп, шаңқаясың, күз болса жаңбырға малынып батпақтайсың. Ал енді, қыстағы жағдайды сұрасаңыз бұл мүлдем бәрінен де қолайсыз. Ат үстінде отырып суыққа қарыласың, қар-боранға кезігесің. Сондықтан да жазда, күзде және қыста пошта тасу ісінде көптеген қиыншылықтарға кездесіп жүрмін», – депті ол қиналып. Қазіргі жағдай тіптен бөлек. Бүгінгі пошта қызметін пайдаланушылардың тілегіне осылай жауап беруге бола ма? Әрине, күлкілі жағдай. Заман өзгерді, әр сала аспанмен жердей даму сатысынан өтті. Десе де «Қазпоштаның» қызметі әлі де көңіл көншітпей тұр. Бүгінде кілтін бұрасаңыз сырғи жөнелетін қызметтік автокөліктер, жылдамдығына көз түгіл ой ілеспейтін интернет желісі, жылы кеңсе, жаяу жүруге ерінсеңіз шайтанарба да (велосипед) пошта қызметін жеделдету үшін алынды.

Иә, сөге жамандаудан аулақпыз бірақ, халыққа қызмет көрсетіп жатқан соң олардың талап-тілектері уақытында орындалып, сенімдеріне селкеу түспесе екен дейміз. Басылымдарды таратуда жалғыз «Қазпошта» мекемесі емес, оған газет таратумен айналысатын кейбір жекеменшік мекемелерді серік етсек болады. Дегенмен мемлекет деген «ананың» мейірімін көріп жетілген «Қазпошта» қызметінде жіберілетін кемшіліктер қанша айтқанмен түзелмей келеді. Газет болған соң осы мекемемен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз ғой. Кейде өзара мәлімет алмасатын жағдайымыз болады. Бұл баспасөзге жазылу науқанында қыза түсетін байланыс. Сол сәтте сіз өзіңізге қажетті қағазды «Қазпоштадан» дер кезінде ала қоюыңыз екіталай (бұл қағазда газетке жазылушылардың саны көрсетіледі). Сөйтіп жүріп басшылығына телефон соғуыңызға тура келеді. Не керек араға бірнеше уақыт тіпті күндер салып жүріп, әлгі мәліметіңізді аласыз. Одан соң сізге берілген ақпардың анықтығына көз жеткізуіңіз керек. Кейде қолымызға «Қазпошта» өкілдерінің кешіктіріп берген қағазында жазылушылар саны 100 дана болса. Осы деректің анықтығына көз жеткізу үшін олармен сөйлессеңіз газеттің таралымын 600 дана болды деп отыра береді. Шындығында ол – жүз дана. Сосын әлгіндей ақпардың қайдан шыққанын анықтап, сұрастырсаңыз мәселенің мәнісіне үңілмей тұрып, әлгі 600 деген саннан айнымайды. Осы жағдай баспасөзге жазылу науқанында бір емес бірнеше рет қайталанды. Бұл мәліметті біз «Қазпошта» АҚ бөлімі басшысының орынбасары Әйгерім Айтманованың аузынан естиміз тағы. Жәй қызметкер болса мейлі ғой.

Халық арасында тиісті мекен-жайға әлі күнге дейін басылымдар кеш жеткізіледі деген пікірді құлағымыз жиі шалады. Атап өткеніміздей бұл баяғы 1960 жылдар емес қой. Қазір пошта тасушыларына лайықты жағдай жасалып жатқанын осы газетіміздің бетінде бірнеше рет жария еттік. Дегенмен оқырмандар тарапынан дәл осы «Қазпошта» қызметіне қатысты жағымды пікірлер естуіміз мұң болып тұр. «Айтпаса сөз атасы өледі» дегендей, күні кеше редакцияға қала тұрғыны, зейнеткер Әбіләкім Еспенбет телефон шалып, өзінің газеттің байырғы оқырманы екенін, биылғы 2020 жылға Қазыбек би көшесі бойында орналасқан «Қазпошта» бөлімшесіне барып газетке жазылғанын алайда қаңтар айының ортасынан асса да күні бүгінге дейін газет алмағанын алға тартты. Бұл жағдай осыған дейін де орын алғанын, сол тұста өзінің «Қазпошта» мекемесінің басшысына шағымын айтқанын, алайда, ешқандай нәтиже болмай тұрғанын ашына жеткізді. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деп қалай дөп айтқан ата-бабамыз. Газет таралымының көбеюіне үлестерін қоспақ түгілі,  өздері келіп жазылып жатқан зейнеткерлерге газетті дер кезінде жеткізбей, зияндарын тигізіп жатқандарын түсіне алмадық. Бұдан соң газет-журнал тарату ісімен айналысатын мекеменің халыққа өз деңгейінде қызмет көрсететініне күмәнмен қарамағанда қайтеміз?

Айтпақшы, таяуда қала әкімі Рашид Абатұлы да осы мекемеге бас сұғып, жұмысымен танысыпты. Шаһар басшысын мазалаған мәселе тағы да осы қала тұрғындарының көңілдерін күпті еткен пошта қызметі. Айта берсек, осылай тізбектеліп кете береді. Нәтиже болса дейсің ғой.

М.ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы