ИМАНДЫЛЫҚ ИМАННАН ПАЙДА БОЛАДЫ

1  162 көрілім

Имандылық – адамның өмірдегі іс-әрекеттерін бір қалыпқа түсіріп, рухани қадыр қасиетін арттыратын ізгілік белгісі. Сондықтан ата-бабаларымыз имандылыққа көп мән берген. Имандылықтың ішіне негізінен ата-ана мен баланың қарым–қатынасы, үлкенді кішінің сыйлауы, инабаттылық, көркем мінез мәселелері кіреді. Қазақ халқы жастардың үлкендерге құрмет, кішіге ізет білдіруін өмір салтына айналдырған.

Осындай бойында адамгершілік асыл қасиеттері бар жастарды көргенді жерден шыққан екен деп айтып жатады. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, яғни бұл жерден ұғатынымыз имандылық Алла Тағаланың иманы бар адамға берілетін көркем сыйы. Алла жіберген Пайғамбарлар халыққа имандылықты уағыздаған. Соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деген болатын. Осы істі жүзеге асыру барысында әлемде тәлім-тәрбие мен имандылықтың қаншалықты маңызды екендігін көрсеткен және өзі бірінші үлгі болды. Имандылықтың негізі ол құранда жатыр. Оған дәлел «Алланың мінезінен үлгі алыңдар» деп Пайғамбарымыз уағыздаса, ең көп үлгі алған өзі болды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мінезі жайлы Хазіреті Айша: «Оның мінезі – Құран» деп жауап берген. Құран кәрімде: «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларыңның жанында сыйлықтар бар» делінген (Бақара 2/277). Бұл аятқа үңілсек ізгі істер имандылық болып табылады. Қазіргі қоғамда имандылық аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде ұғынылады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың» деп тіпті иманды да мінезбен және адамдарға пайдалы болумен өлшеген. Абай Құнанбайұлының 38–қара сөзінде: «Имандылық тек сену ғана емес, әділдікті арттыру мен әділетті іс істеу, ынсап, ұят бұл қабілеттен шығады» – деп жазуы да әлбетте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с)-ның хадистерінен халқымызға уағыздап, тәрбиеге шақыру үшін болатын.

Алла Тағала Әл Имран сүресінің 184 – аятында: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай – ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді» – деп бұйырған. Сол себепті Алла мүміндерге ашуы келгенде, өзін – өзі ұстай алуын және жетімдерге көмек беруді бұйырды. Әрдайым адам шыншыл болса, адал еңбекпен мал тауып, адал жесе, жақсылармен жолдас болып, ілім үйренсе, мейірімді де қайырымды болса, үнемі көңілді де пәк жүрсе, міне сонда ғана мұсылмандық бес парыздың ең басты сенімі калимаға тіл келтіріп, имандылықты өтегені болады. Иманның басы – сенім, ал иманның тәні – бес уақыт намаз, жүрегі – Құран, күмбезі – ықылас, ниет, тілек. Иманның сөзі – Алланы еске алу, нұры – шындық, хақ сөйлеу, дәмі – пәктік, жемісі – ораза тұту, жапырағы – тақуалық, дәрісі – ар, ұят.

Иман төрт жерде сақталады: көңілде, жүректе, көкіректе және тәнде. Ал ұят – көзде, бетте, санада сақталады. Осыған байланысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Ислам нақты, яғни көзге көрнекті. Ал иман – адамның жадында яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады»,- деп бұйырған. Бұл уақыттағы өзекті мәселенің бірі жас ұрпаққа адамгершілік, рухани тәрбие беру. Сондықтан рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек.

Жүсіпбек ҚАСЫМБЕКОВ,

Түркістан қаласының бас имамы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы