ШЫҒЫСТЫҢ ШЫНАРЫ, ТҰРАННЫҢ ТҰМАРЫ

477 көрілім

Шығыстың шынары Гүлжанат Ибрагимқызының ғибратты ғұмыры киелі Түркістан қаласымен тікелей байланысты, оның Тұран топырағына қадам басқанына да 40 жылға жуықтаған. Оңтүстік өңіріне келін болған шығыстың қаршадай қайсар қызы бүгінде «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атағын алған, «Мәдениет саласының үздігі», «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін», «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері мен «Жарма ауданының 90 жылдығы» медалінің иегері атанған өмірі өнегеге толы жан. Түркістан – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, түркі әлемінің алтын бесігі саналатын киелі мекен. Осы өңірде ұлттық рухты ұлықтап, тарихи мұраны бүгінгі буынға таныту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан мәдени орталықтар аз емес. Солардың бірі – «Ұлы Дала Елі» орталығы. Бүгінде бұл мекеме тек көрмелер мен жобалар алаңы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа рухани тәрбие беретін маңызды орталыққа айналып отыр. Осы орайда біз орталықтың директоры, мәдениет саласының майталманы Гүлжанат Дүйсенбаевамен риясыз әңгіме өрбітіп, сырлы сұхбат құрып, тағылымға толы ғұмыр жолы жайында сұраған едік.

– Өзім негізі Абай облысының тумасымын, оңтүстік өңіріне келін болып түскеніме ендігі жылы 40 жыл болады. Мамандығым – физика-математика мұғалімі. Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегімін. Ол кезде жоғарғы оқу орнын 5 жыл оқитынбыз. Мектеп бітіріп, сол университетке оқуға түстім. Бала кездегі арманым – тарихшы болу еді. Мектеп қабырғасында көбіне орыс тарихын оқытатын, қазақ тарихы аз ғана болатын. Біз оқыған тарих кітабында Ұлы Отан соғысы жайлы, соғыс жоспарлары мен жауынгерлердің ерліктері жайлы, қанша адам қаза тапқаны жайлы, қанша адам Кеңес одағының батыры атанғаны жайлы мағлұмат басым еді. Әлі есімде кітапханадағы қазақ тарихы жайлы шағын ғана кітаптарды оқып, көкейге түйіп жүретінмін. Ауылдағы 10 жылдық мектепті бітірген соң тарих пәнінен емтихан тапсырып, 45 сұрақтан 45 балл жинау керек болатын. Сол кездің өзінде халқымыздың тарихын терең білсем деген арманмен өмір сүрдім. Өзім 8-сыныптан бастап тарихқа қызығушылығым артып, тарихи кітаптарды көп оқыдым. Бірақ сол кезде тарихшы немесе заңгер болу екінің біріне бұйыра бермейтін. 1982 жылы ағам Алматыға алып барып, физика-математика мамандығына түсушілер аз болғандықтан, ағамның кеңесімен оқуға түсіп кеттім. Сол сапар әлі есімде. Пойызға алғаш рет мінуім, үйден жыраққа алғаш рет шығуым, Алматыны алғаш рет көруім – бәрі есімде. Бірінші жарты жылдықта тарих пәнінен Ұлы Отан соғысының ардагері Дінәсілов деген ағай сабақ берді. Алғашқы сабағына қатысқанымнан талабымды байқап, «балам сен қайда оқыдың, мұғалімің кім?» деп сұрап білді. «Тарих сабағына келмей-ақ қой, біліміңе тәнті болдым, сынақ кітапшасын әкел» деді. Содан бір күні сынақ кітапшасын апарғанымда «Өте жақсы» деп жазды да, қолтаңбасын қойып берді. Жазған жазу анық көрінбегендіктен өзім үстінен қайта-қайта басып жазғаным есімде. Топтағы қыздардың бәрі таңданып, бірден жоғары балл алғаныма қызыға қарады. Мен сол күйі сабаққа қатыспадым. Ал бала күнгі арманыма 40 жасымда жеттім. Ол кезде теміржол вокзалы жақта тұратынбыз. Үй маңындағы №10 Әл-Фараби атындағы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтінмін. Бір күні үйге қайтып бара жатсам, жаңа саябақтың ашылып жатқанын байқадым. Сабақтың ортасында еңселі ескерткіш – халқымыздың дара перзенті, көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновқа арналған мүсін бой көтерген. Саябаққа жиналған адамның қарасы қалың. Күйеуім мен қайын жұртым бірнеше күннен бері сол жерде ауылдас ағамыз, қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов атамыздың биыл 100 жылдығын атап өтеміз деп дайындалып жүрді. Сұрастыра келе, саябақ маңынан жаңа музей ашылып жатқанын білдім. Игілікті істің басында өзімнің Жарылқасын атам жүр екен. Сол жаңа музейге есім кетіп, аңсарым ауып жүрді. Күйеуім бір күні үйге Нұртас Дәндібайұлы жайлы кітап алып келді. Кітаптағы мағлұматтармен танысып, жата жастана оқып, өмірбаяны мен айтқан сөздерін жаттап алдым. Арада біраз айлар өтіп, бір күні абысыныма мен осы музейге жұмысқа тұрғым келеді деп айттым. Желтоқсан айында атам хабарласып: «жұмысқа орналасамын десең кел, музейге қонақтар келсе, соларды күтіп, көңілдерін табарсың» деп күлді. Ойлана келе мектептегі жұмысымды бала күнгі арманыма алмастырдым. Ол кездері музей экскурсоводы болу үшін диплом керек емес, мектеп аттестаты да жарайтын кез еді. Ал қазір экскурсовод болу үшін тарихшы немесе музей ісі мамандығы бойынша дипломың мен тіл білуің керек. Сонда менен бәрі сенің мамандығың физик-математик, қалай музейге келдің деп сұрайтын. Сол музей менің қарашаңырағым, мен онда 7 жыл қызмет еттім. Сенесің бе, шығыстың қызы болғандықтан ешкімге сәлем салған емеспін және ешкім маған сәлем сал деп талап етпеген. Үлкен қайын аға, қайынбикелерім болды. Бірақ 7 жыл бойы Нұртас Оңдасынов атамның ескерткішіне сәлем салып, тағзым етіп жүрдім. Жұмысқа барар жолда атамның ескерткіші қарсы алдымда тұрады мен оған ылғи да сәлем салып өтетінмін. Қызмет етіп жүргенімде Жақан атам Алматы қаласына музей ісі жөнінде біліктілікті арттыруға арналған курсқа жіберіп, сол жерден білім алдым. Араға тағы жылдар салып «Музейді басқару ісі» жөнінде білімімді жетілдіріп, тағылымдамадан өттім. Біліктілікті арттырып, сертификаттар алып, білімім мен тәжірибемнің арқасында музей директоры болдым. Музей директоры болған жылдары Нұртас Оңдасыновтың ұлдары Мәскеу қаласында тұратынын біліп, олармен жолығып, тарихи жәдігерлері болса елге әкелейін деп ойлап, қазан айында кішкентай қызымды алып жолға шықтым. Мәскеуге жеткен соң өмірімде алғаш рет метроға міндім. Ұлдары ол кезде сырқаттанып жатыр екен, жолыға алмадым. Метромен көңілсіз күйде қайтып бір аялдамадан түсе сала елшілікке назарым ауды. Қазақстанның мемлекеттік туын көріп қуанып кеттім. Елшілікке барып, сондағы мамандарға өзімді таныстырып, Нұртас Оңдасынов жайлы айтып бердім, олар айтқанымның бәрін параққа жазып алды. Мәскеу қаласында ұлдары тұратынын түсіндіріп, үйлеріне кіре алмай кетіп бара жатқанымды айтып, жағдайларын сұрап-біліп тұрсаңдар деп мекенжайларын қалдырып кеттім. Олар менің де жеке деректерім мен телефон нөмірімді мұқият жазып алды. Бір күні Бауыржан деген азамат хабарласты. Ең алдымен өзін таныстырып, Нұртас Оңдасыновтың ұлдарының қатты науқастанып жатқанын айтып, Мәскеу қаласында кездесу ұйымдастырамыз, елден ақша жинап берсеңіз дейді. Содан мен жан-жақтан ақша сұрағанымда, ешкім қаржы бере алмады, өйткені ол кезде елімізде түрлі қиын жағдайлар өтіп жатты. Елшілікке риза болғаным, Нұртас Оңдасыновтың ұлдарына жиі барып, хал жағдайларын біліп, хабар алып тұрған. Олар қайтыс болғанда да көмек көрсеткен. Екі ұлының тек біреуімен ғана кездесе алдым. Бір қызық дүниені айтайын, ұлдарының бірі бабасының рухын жаңғырту мақсатында есімін Нұртас деп қойған. Былтырғы жылы Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығы ауылдастары мен туыс-туғандарының тарапынан дүркіреп өтті. Сол үлкен тойдың қарсаңында бабасының басына зиярат етіп Нұртас та келді. Музейдегі экспонаттарды ертеректе Жақан атамыз өзі Мәскеуден әкеліп, өзге де маңызды жәдігерлерді жинақтап, көрме жасақтап, музей ашқан. Сондай-ақ, Нұртас Оңдасыновтың мүрдесін туған жеріне (Нұртас ауылына) әкеліп жерлеген еді. Бір жеке кәсіпкер 22 миллионға атамыздың жатқан жеріне кесене тұрғызды.

– Сізді түркістандықтар «Тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың» алғашқы басшысы деп біледі. Бұл қызметке қалай келдіңіз?

2010 жылдың соңында облыстық мәдениет басқармасын басқарып отырған Күлия Смайылханқызы хабарласып, басқармаға шақырды. Басқармаға барсам, «Түркістанда Тельман деген аялдаманың маңында жаңа ғимарат салынып жатыр. Сол ғимарат музей болады, құрылыс жұмыстары бітуге аз қалды өзің тез қабылдап ал, сол жерде белгілі суретші, этнодизайнның негізін қалаушы, профессор Аманжол Найманбаев деген ағаң жүр» деп көңілімді көкке көтеріп қойды. Жаңа жылға санаулы күндер қалған кезі еді. Мен ол ғимаратты музей болады деп ойламаппын. Нұртас Оңдасынов музейінің атауы «Тарихи-мемориалдық» музей болатын, музейде 6-ақ адам жұмыс істейміз. Жаңа ғимаратқа келсек, дайын боп қалған екен. «Отау» деген құрылыс компаниясы салған еді, әлі есімде. 30 желтоқсаннан 31 желтоқсанға ауатын түні біз ғимаратты толықтай қабылдап алдық. Жаңа ғимарат «Тарихи-мәдени этнографиялық орталық» деп аталды. Жаңа музейге кадр жинауым керек, бірнеше қарауыл, бірнеше экскурсовод, бірнеше еден жуушы секілді мамандарды жұмысқа қабылдадым. Арадан біраз айлар өтсе де, айлық жоқ, музейге келушілер көп, музейдегі жастар қызу жұмыс істеп жатыр. Жаңа музейге директор боласыз деген бұйрықты 18 наурыз күні шығарды. 1 айдай дайындалып, жаңа ғимаратта ең алғаш 11 наурыз күні Елбасыны күтіп алдық. Елбасымыз сол кездегі ҚМДБ бас мүфтиі Әбдісаттар қажы Дербісәлі мен облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен бірге келді. Өмірімде бірінші рет Елбасыны көрдім, 45 минутқа жоспарланған жиын 2 сағат 45 минутқа созылған еді. Елбасымыз жаңа орталықты толық аралап шығып, құнды деректерді көріп, музей тынысымен танысып, зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіп, ерекше тебіреніспен қайтты. Солай күндер өте берді. Нұртас Оңдасынов музейі мен Нәзір Төреқұлов музейі жаңа орталықтың филиалы болды. 2012 жылдың қыс мезгілі, бір күні жұмыста отырсақ, кешкі уақытта Нұртас Оңдасынов музейі өртеніп жатыр деген суық хабар жетті. Ұжымға айтар алғысым шексіз, бәріміз жанұшыра жетіп, өрт сөндірушілерді шақырып, Нұртас Оңдасынов музейіндегі құнды деректерді өрттен алып шығып, жәдігерлерді толықтай сақтап қалдық. Өрт ғимараттағы желдеткіштің электр тоғының ақауынан болған екен. Бір қызығы, ол заман сондай тыныш заман еді, ғимараттың атауы бар болғанымен, заңды негізде музей тіркелмеген болып шықты. Музейді тіркеу кезінде Нұртас Оңдасынов музейі деп тіркеп қойдық. Төтенше жағдайлар министрлігінің, өрт сөндірушілердің арқасында тарихи жәдігерлерімізді сақтап қалдық. Сол кезде «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласынан өрт шықты. Шаһардағы іргетасы 1904 жылы қаланған Нұртас Оңдасынов атындағы мұражайдан тілсіз жау шықты» деген ақпараттар республика көлемінде тарап жатты. Егер де заңды негізде ғимараттың атауын тіркемесек, өрттің тигізген зардабы өтелмеуі мүмкін еді. Содан мемлекет 28 миллион теңге қаржы бөліп, ұжым болып жұмыла кірісіп, құнды жәдігерлерді жасақтап, ғимараттың шатырын жөндеп алдық. Былтырғы жылы мемлекеттен 20 миллион теңге бөлдіріп, музейді заман талабына сай қайта жаңартып қойдық. Биыл 1 мамырдан бастап Нұртас Оңдасынов музейі өз алдына «Тұлғалар музейі» болып бөлініп шығуда. Ал енді 11 жыл тұрақтаған тарихи-этнографиялық музейге келер болсақ, сол кездегі қаладағы ең керемет ғимараттың бірі де бірегейі болды. Қызмет еткен 11 жылда қаншама қонақтар күттік, қаншама іс-шаралар өткіздік. Ол жерге қаншама зиялы қауым өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, премьер-министр, депутаттар, шетелден елшілер келетін. 2018 жылы Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болып жарияланған кезде орталықтағы 25 қанатты киіз үйдің орнына облыс орталығының бас жоспары бекітілетін болды. Сол іс-шараға да қатысып, екінші рет Елбасыны көру бақытына ие болдым. Сол кездесуде барлық облыстар Түркістанға тарту жасайтын болды, «BI Group» құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев маған жақсы жер берсеңіз мен музей салғым келеді дегені әлі есімде. Елбасы бас жоспарды бекітіп, жаңа музей салынатын болды. Ертеңіне облыс әкімдігі көшіп келетін болып, ұжымымызбен бірігіп бүкіл жәдігерді жинақтадық. Ұжымымызбен төменгі қабатта 2 кабинетте отырып 2 жыл жұмыс істедік. Орталықтың филиалдарына барып, жұмыс істеп жүргенде пандемия басталды. Содан мен Мемлекет басшысына онлайн түрінде хат жолдадым. Бір күні басқармаға барсам, мамандар «Гүлжанат апай сіздің хатыңыз бойынша жұмыс істеп жатырмыз» деді. Арадан біраз уақыт өткенде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтен хат келді, хатта «қазан айында «Ұлы Дала Елі» орталығы сіздерге пайдалануға беріледі» деп жазылыпты. Біз ұжым болып тезірек бітіріп алайық деп 3 ай бұрын сонда барып, ішкі жұмыстарын жасап, ретке келтіріп жүрдік. Солайша Атырау облысының демеушілігімен салынған жаңа ғимаратта жұмысымызды жалғастырдық. Орталық Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын көрнекті түрде ұсынуға және «Ұлы Дала Елі» Ұлттық брендін танымал етуге бағытталған. «Ұлы Дала Елі» орталығына келгенімізге келер жылы 5 жыл болады. Тұңғыш Президентіміз елімізді «Ұлы Дала елі» деп атауды ұсынып, бұл ұсыныс ұлтымызды тарихи белеске шығарса, Түркістанның әкімшілік-аумақтық жаңаруы Елбасының мұрасын түркі бірлігінің заманауи тұжырымдамасын қалыптастыру тұрғысынан таныстыруға арналған «Ұлы Дала Елі» орталығы – болашақ көрнекті орындар арасында жаңа объектілердің белсенді салынуына серпін берді деп ойлаймын.

Тарихи-этнографиялық орталықтағы ұлттық жәдігерлерімізді біз жас ұрпаққа насихаттау мақсатында мектептерге апарып көрме ұйымдастырамыз. Мысалы, самауырлар мен ырысы тасыған ыдыс-аяқтар. Бізде өте көне әрі өте құнды, түпнұсқаға өте ұқсас көшірме нұсқалы жәдігерлер бар. Тарихи-этнографиялық орталықты жасақтаған этнограф, профессор Аманжол Найманбаев этнодизайн ісінің хас шебері ғой, бізде бар дүниелер өзге музейлерде кездеспейді. Қазіргі таңда ескі жәдігер деген жоқтың қасы. Барлық құнды деректер біздің қорымызда тұр, көрме жасақтап жұртшылыққа таныстырып отырамыз. Жаз мезгілінде зергерлік өнерді насихаттау мақсатында оқушыларды лагерге апарып, зергерлік бұйымдарды таныстырамыз. Ал енді бұл орталықтың өзіндік ерекшелігі бар. «Ұлы Дала Елі» орталығы экспозициясына «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала  арқау болса, тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы алға тартқан «Түркі әлемінің генезисі» туристтер мен отандастарымызға насихатталып кеңінен таратылуда. Орталық 9 экспозициялық аймақтан тұрады:

«Ұлы Дала металлургиясы»;

«Ұлы Даланың салт аттылық мәдениеті»;

«Ұлы Дала жауһарлары»;

«Қазақстан – түркі әлемінің қара шаңырағы»;

«Қазақ Хандығы»;

«Ұлы даланың қала мәдениеті»;

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы»;

«Болашақ Қазақстан»;

«Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны».

– Еңбек жолыңызға қанық болып, таңданып әрі тамсанып отырмын. Ендігі кезекте отбасыңыз, туған жеріңіз жайлы сыр шертсеңіз.

– Ауылда 94 жастағы қазыналы анам бар. Негізі өзім ата-әжемнің ертегісін тыңдап, еркелеп өстім. Анамыз 12 құрсақ көтерген, төртеуі өмірден өтті, Аллаға шүкір сегізіміз бармыз. Бүгінде барлығы отбасылы, үйлі-баранды, ең кішкентайымыздың өзі 52 жаста. Олар Түркістанға келіп қыдырғанды, халықтың еңбекқорлығын жақсы көреді. Ерекше демалып, рухани ләззат алып қайтамыз дейді. Үй салуды оңтүстіктен үйреніп, барлығы үлкен үй салып алды. Шығыста үйді көп сала бермейді, тек мемлекет салып берген үйлерде тұрады. Ағаларым «былтыр келгенде қала көрінісі басқаша еді, биыл мүлде басқаша болып кетіпті, аз ғана уақытта жаңа қаланың салынғанына, адамдардың еңбексүйгіштігіне тәнті болдық» деп айтады.

Менің әкемнің негізгі мамандығы есепші, совхоз құрылғанда бас қоймашы болған. Сол қоймада 25 жыл істеп, зейнеткерлікке шыққан адам, біз бастауыш сыныптан мектеп бітіргенге дейін сол қоймада жұмыс істеп, еңбекке жақын болып өстік. Себебі әкемізге көмектесуіміз керек. 3 жастар комсомол бригадасына бүкіл қажеттінің бәрі бар еді. Әкеміз жұмысқа шықпай қалған күні біз барып, әкеміздің орнына қол қойып келген заттарды қабылдап алатынбыз. Келген тамақтарды тоңазытқышқа салып қоятынбыз. Балалық шағымыз тек еңбекпен өтті. Ал ойынды айдың жарығымен ойнайтынбыз. Себебі 7-8 сиыр сауатынбыз, күндіз-түні бие сауатынбыз, оларды баптайтынбыз, анамыз бен жеңгемізге көмектесетінбіз. Кішкентай балтам болатын. Таудан тобылғы шауып әкеліп, сонымен қымызды ыстайтынбыз. Отбасым 1954 жылы ауылға көшіп келген, олар бұрын полигон болған жерде тұрған. Полигоннан 300 шақырым жерге, Жарма ауданына көшіп келген жылдан бері 71 жыл бойы сол қымыздың қоры мен құрамы сақталып келеді. Сол ауылда қымызы ерекше бір-ақ үй бар, ол менің үйім. Ол ауыл өте жайлы, жайылымға да жақсы, табиғаты қандай десеңізші, ауасы дертіңе дауа болатын сондай көркем ауыл. Үйімізде қоршау-шарбақ деген болған жоқ. Малды ауылда емін-еркін тірлік істеп, ой да ойлап, ойын да ойнап өскен қызбын. Сол себепті қазіргі жастардың ойындарына, телефонға байланып қалғандарына қарным ашады.

Біз оқыған 2 қабатты мектеп қазіргі «Жайлы мектеп» сияқты болды. Барлық пәндерге арналған құрал-жабдықтар, зерттеу лабораториялары, қажетті оқу құралдарының бәрі болды. Бүгінгі таңда мектепте ондай жағдай жоқ, ауылда тұратын адам аз, мектепте оқитын бала да аз. Бірер жыл бұрын өзім оқыған «Қажыкелді атындағы негізі мектептің» АКТ залына толықтай перде мен 100 орындық алып бердім. Қазіргі таңда мектептегі АКТ залына менің есімім берілген. Ал қарашаңырақта анам және ең кіші інім мен келінім бар. Олар ауылда қымыз жасауды кәсіпке айналдырған. Бізге оқу бітіп, жаздық демалысқа шыққанда 4 кітап оқуды үй тапсырмасы ретінде беріп жіберетін. Оны ауылдағы кітапханадан таласа оқитынбыз. Жалғыз ғана кітап болғандықтан, менен кейін сыныптастарым да оқитын болғандықтан, тек кітапханадан бір-бірімізбен ауысып оқитынбыз. Әлі есімнен кетпейді, кітапхананың сөрелері, сөредегі кітаптар, кітаптың иісі, кітапқа таласқан балалар, кітапқа деген махаббат қандай керемет еді. Мектепке барған соң сол оқыған кітаптар жайлы шығарма жазатынбыз. Комсомол мен пионерге өту үшін қалай дайындалғанымыз, біз өткенімізге қуанайын десек те өтпей қалған құрбыларымыз үшін мұңайып, қуанышымызды жасырып жүргеніміздің бәрі кеше ғана болғандай. Сонда бізді шыңдау һәм шынықтыру мақсатында сондай тәртіп болған екен ғой. Қазіргі жастарымыз да «елім, жерім дейтін патриот болса, мен Түркістаныммен мақтанамын, еліммен мақтанамын деп көздері жанып тұрса екен, шіркін-ай» деп армандаймын. Біз сөйтіп өстік. Бастауға барып сұп-суық, тап-таза суды ішіп өстік, суық болса да ауырмадық. Көз алдыңа елестетші, бұлақтың арғы жағында итмұрындар өседі, оны инемен тесіп жіпке тізіп, мойнымызға моншақ етіп тағып алатынбыз. Мойнымыз қышып, қызарып кететін. Енді біліп жатырмыз ғой, итмұрыннан аллергия бөртіп шығады екен ғой. Сол кезде ешқайсымыз ауырып дәрі ішкен емеспіз. Айналада жайылып жүрген жылқы-қойларды әкем таудан дүрбімен қарап тұратын. Өзіміздің жылқы-қойларымызды көптің ішінен бөліп алатынбыз. Кішкентай ғана ауылдың арғы жағында наймандардың зираты, бергі жағында уақтардың зираты болатын…

Айналамызды таза ұстасақ, тазалықшыларды құрметтесек қой деймін. Президентіміздің бастамаларын әрбіріміз өзімізден бастап, отбасымызға айтсақ, көршілерімізге насихат қылсақ, әке-шеше балаға айтса, бұл менің үйім, бұл менің қалам деп әрбір адам мәдениет пен тазалықты өзімізден бастасақ қой. Мәдениет саласының мамандары боп қаладағы көшелерде сенбіліктер өткізіп, қоқыс жинап, қаламыздың тазалығына үлес қосып келеміз. Сол көшенің тұрғындары өздері де үлес қосса, айналасын таза ұстаса деген тілегім бар. Қаншама қапты қоқыспен толтырып, қоқыстардың көптігінен тіпті сол қаптар жетпей қалатын кездер болады. Біздің отбасымызда үйдің маңайын тазалап, қоқыстар болса өзіміз соны жинап, айналамызды таза ұстау керек деген ұстаным бар. Айналаң таза болса үйіңе бір қонақ келсе де ұялмай отырасың. Былтыр жазда немерелерімізді тауға апарайық деп Ашысайға бардық, барсақ отыратын орын жоқ, айналаның бәрі ретсіз шашылып жатқанын көріп кері қайттық. Содан бір қызық айтайын, басқарма мәдениет қызметкерлеріне сәрсенбі күні Ашысайды тазалау керек деп бекітіпті. Қоқыстардың көптігі сонша 250 қап жетпей қалды. Ол дегеніміз 2 тоннаға жуық қоқыс қой. Содан қызметкерлер тағы да қаптар әкеліп, қоқыстарды жинақтап кетті. Ал енді ойлашы, сол жерге өзіміз сияқты адамдар барады, барса да айналасына қоқыс тастамай, тазалықты сақтап, қоқыстарын жинап кетсе ғой. Біз бір-бірімізді тазалық пен мәдениетке үйретуіміз керек шығар. Жаңа Қазақстан табалдырықтан басталады. Дастарханның басында отырғанда ұрпақтарымызға соны тағылым ретінде айтып отыруымыз керек. Қазіргі тілмен айтқанда тазалық пен отансүйгіштікті трендке айналдыруымыз керек деп ойлаймын. Біз бірінші елдігімізді сақтауымыз керек. Ал ел халықтан құралады. Халқымыздың денсаулығы мықты болса, дүниеге дені сау ұрпақ келеді. Сол ұрпаққа мәдениетіміз бен руханиятымызды сіңіріп өсіріп, елдігімізді сақтауымыз керек. Айналамызды күтіп-баптауымыз керек. Мұндай кең байтақ ел ешкімде жоқ, біз сонымен бақыттымыз!

Әжесі Мәдиян Абдрахманқызы қолданған көне жәдігер

– Әжемнің қызымын деп айтып қалдыңыз. Әжеңіз жайлы айтып беріңізші.

– Мен ес білгелі әжемнің ертегісін тыңдап өстім. Әженің тәрбиелеген қызы бауырмашыл, көпшіл болады. Әжем байдың қызы болған, артынан келген сандықтары мен шкафтары, көк көрпе-төсегі болатын, қасына мені алып жататын. Мен ес білгелі былай айтатын, «менің түнде көзім ашылып қалса, сен қорықпай көзімді жауып қой, басым ыңғайсыз жатып қалса, сен қорықпай дұрыстап жатқыз» дейтін. Ол кездері баламын ғой, көп нәрсені түсінбеген екенмін. Сөйтсем, әжем 70 жасынан бастап өлімге дайындалған екен ғой. Әжем 96 жасқа келіп өмірден өтті. Әжемнің тағы бір айтқаны: «Адамға өмірді шылапшынмен бере ме, кесемен бере ме бір Алла біледі» дейтін. Балалық шығар, сол кезде әжеме біреу тазикпен су әкеле жатыр екен ғой деп ойлайтын едім. Әжем түн ортасында тамақ ішетін. Мені де оятып алатын. Әжем қою қаймағы бетінде қалқып тұратын сүт шәй беріп, күндіз ұрлайтын тәтті-дәмділерді түнде дастарханға қоятын. Еее, әжем үйдегілермен ұрысып қалып, түнде өзі тығылып тамақ ішеді екен ғой деп ойлайтынмын. Сөйтсем, әжем діндар адам болған екен ғой. Тұнық түнде ай дегенің жарқырап, жұлдыздардың санында шек жоқ, барлығы маған қарап жымыңдап тұратын. Бүгінде дәл сол балалық шағымның түнгі аспанын бұл жақтан таппаймын. Осыдан екі ай бұрын ауылға барғанымда, түнгі аспанмен қайта қауыштым. Менің шексіз арманым секілді сансыз жұлдыздар, жап-жарық аспан тек сол жақта бар. Ал мұнда жоқ. Бәлкім, шығыстың аспаны бөлек пе, білмеймін. Жаз мезгілінде тастармен әр түрлі ойындар ойнап, қыс мезгілінде қырға шығып шана тебетінбіз. Ол кезде әлі кішкентаймыз, қырға шығып бір сырғанасақ, шаршап қалатынбыз. Керемет балалық шақ өтті. Ата-әжем мен әке-шешеме еркелеп өстім. 1983 жылы оқуым бітіп, демалыста ауылға барғанымда әжемді соңғы рет көрдім. Сол күні мен оны жуындырып, онымен сырластым. Ол мені құшақтап бауырына басып, өмірлік ақыл-кеңестерін айтты. Ертесі күні таңертең өмірден өтті. Әжем ешқандай аурумен ауырған жоқ, жасы егде тартса да тірлігі ширақ, бізге ертегі айтқанда да еш жаңылмай айтатын. Қартайса да тек ет жеген адам, нан жемеген, тісін тұзбен шайып, қызыл иегіне жақсы күтім жасап жүретін. Еттің сүйегін мүжіп отыратын. «Әжей, итке де қалдырсаңызшы» деп әкем әзілдеп айтып отыратын. Жерлейтін кезде 31 тісі еш сынбастан жақсы күтімнің арқасында сақталыпты, түбі тап-таза 1 тісін өзі сақтап жүретін оны да қасына бірге жерледік. Әжем күлсе әлем күлгендей айналам ажарланып, арайланып кететін. Ол ешқашан ене мен келін бірге жуынбауы керек деп айтып отыратын. Анам сол тәрбиені, сол қағиданы сақтады.

Әжесі Мәдиян Абдрахманқызы қолданған көне жәдігер

– Шығыстың шынарына киелі Түркістанға келін болу қиын болмады ма? Жолдасыңыз бен ұл-қыздарыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Бауыржан Момышұлы «менен өткен батыр бар, ол – қыз баласы, жат жерге барып өмір бойы сол үйге қызмет жасап, сол үйдің отын жағады» деп айтады ғой. Өзге жерге келсем де қиындық көрдім деп айта алмаймын. Мінезім жеңіл адаммын ғой, көп нәрсені көңіліме алмаймын, кез келген адаммен тіл табысып кетемін, ешкімге ренжімеймін, білмегенімді бірден сұрап біліп аламын. 1986 жылы оңтүстікке келін болған жылы енем науқастанып жатты. Ал қайынатам мемлекеттік қызметкер, өмір бойы ауыл биі болған кісі. Нұртас Оңдасынов секілді отансүйгіш, патриот болған кісі. Қосымша кәсібі жоқ, жиған тек аз ғана малы болса да таза маңдай термен отбасын асырап, тоғыз баланы оқытқанына таңданамын. Жас келін боп түскен кезімде әлі ештеңе көріп-білмегем ғой, таңертең тұрсам есік алдында бір әйелдер жылап отыр. Қасында бір ер кісі отыр. Ештеңе түсінбей аңтарылып қалдым. Сөйтсем, олар отбасылық дау үшін атама келіп бітімгерлік сұрап отыр екен ғой. Атам ауылдың биі болып, талай дауды шешіп, дауласқандарды жарастырып жүретін. Нұртас Оңдасынов музейіне жұмысқа кіргенімде адамдар қарасы көп еді, музейге осынша көп адам келеді екен ғой деп ойласам, олардың бәрі мәселелерін айтып, атамнан ақыл-кеңес сұрап келеді екен ғой. Бір күні есік алдында отырған ападан «неге отырсыз апа?» деп сұрасам «үйім өртеніп кетті, соған көмек сұрап келіп отырмын» дейді. Атамның абырой-беделі зор болатын, ол кісіге ағайындардың барлығынан ақша жинап, ортақ қор құрып, баспанасын жаңартып берді. Мен өзіме Нұртас Оңдасыновты, қайынатамды, Жарылқасын атаны өзіме үлгі тұттым.

Күйеуім Серік Жұманұлы Алматыда ауыл шаруашылығы мамандығында білім алды. Түркістанға келген жылы ол автопаркке слесарь болып жұмысқа орналасты. Одан кейін қауіпсіздік техникасын сақтау жөнінде инженер болды. Солай адал еңбекпен бас инженер, автосервис директоры, көптеген мекемелердің басшысы болып қызмет атқарды. Қаншама қызметтер атқарды, темір жолда да істеді, Шымкентте түрмеден шыққандарды жұмыспен қамтитын «Еңбек Шымкент» мекемесінде 7 жыл директор болып қызмет етті. Менің күйеуім таза еңбекпен шыңдалған жан. Алланың берген 5 перзентін өсіріп, ешкімнен кем қылмай жеткіздік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелердің қызығына тоймай өмір сүріп келеміз. Қолымызда ұлымыз бен келінім бар, Аллаға шүкір. Құдаларымыздың бәрі жақсы, өскен-өнген әулеттің адамдары. Ұл-қыздарымызға ризамыз. Енем ауырып жатқан соң үйлену тойымыз да болмады, сол кезде Алла қаласа бала-шағамыздың тойы күшті болады деп айтатынмын. Аллаға шүкір, қыздарым бой жетіп, білім алып, өздерінің теңін тауып, абыроймен қолдан ұзаттық. Қыздарыма «жақсы жердің қызын құдалар үйге келіп алып кетеді» деп айтатынмын. Үлкен қызым Астанада, одан кейінгі қызым облыстық әкімдікте қызмет атқарады, үшінші қызым Атырауда, IT саласын бітірген кіші қызым Алматыда тұрады. Ұлым облыстық энергетика бөлімінде бас маман болып жұмыс істейді. Өзіміз Алматыда оқыған соң ба, ұл-қыздарымыздың барлығы Алматыда оқып, білім алсын дедік. Ұлым Алматыға оқуға кеткен соң үйде жалғыз қалатын болған соң, күйеуім Шымкенттен келіп, келген соң жаңадан үй салуға кірісті. Қазіргі таңда өзі жеке кәсіппен айналысады. Екі қайным мен бір қайынбикем Алматыда тұрады. Шымкентте тұратын Ұлбике деген қайынбикеммен жақын араласатын едік, Алланың ісіне амал не, ол кісі өмірден өтіп кетті. Ұл-қыздарыма жиі айтатын «өзің жақсы болсаң, әлем жақсы» деген өмірлік ұстанымым бар. Жаман ойласаң, бәрі жаман болады. Айналамыздағы адамның бәрі жақсы, жақсы ойласаң өмірің де жақсарады деп ойлаймын. Адамның ой-санасы таза болса, жолы да ашылады, өмірі де таза болады екен. Өмірде жолы болған адаммын деп ойлаймын өзімді. Берекелі ұжымыма өте қатты ризамын. Өзім еңбек еткен қарашаңырақ Нұртас Оңдасынов музейінен бері бірге жұмыс істеп келе жатқандар да, кейін жаңадан келгенде де бар. Бәрін өзімдей көремін. Үйлерінде қандай жиын-той болса да бірлесіп барамыз. Осындай ұжымым болғанын мақтанышпен айтамын. Ұжымдағы қыз-келіншектердің барлығы ата-енесімен бірге тұрады. Ата-енемен бірге тұрған адам ата-ененің де жағдайын жасайды, жұмыстың да шырайын кіргізеді. Бастапқы жылдары «Қашан үй саламыз, қашан көлік аламыз, айлығымыз аз» деп айтатын. Қазір Аллаға шүкір, барлығы да ұл-қыз өсіріп отырған үйлі-баранды, бақытты жандар. Оның барлығы берекеден. Кейбір адамдар миллиондап тапса да береке болмағандықтан, ақшасын құрай алмай, тапқан ақшасын далаға шашып жатады. Менің бір қасиетім бар, біреу үй салып жатса, қызығып «қай жеріне келдің, қашан бітеді» деп сұрай беремін. Бір мезгілде апай «қоныс тойға келіңіз!» деп шақырып жатады. Ұжымым Рамазан айында 100 пайыз ораза ұстайды, иманды, ешқайсысының жаман қылықтары жоқ. Олар бір-бірінен тәлім-тәрбие алып, жақсылыққа шақырып жүреді. Лауазымы кіші болса да жасын сыйлап, жасы үлкенге құрмет көрсетеді.

– Гүлжанат Ибрагимқызы, сіз еңбекке деген шабытты қайдан аласыз? Жетістікке жетуіңіздің құпиясы неде деп ойлайсыз?

– Жетістіктің құпиясы – адалдық. Менің өмірлік кредом – Нұртас Оңдасыновтың «арым таза, жүзім таза, қолым таза» деген сөзі. Кез келген дүниенің соңы һәм нүктесі болады. Зейнеткерлікке шыққанда қызметкерлерім мен жайлы тек жақсы сөздер айтса деген тілегім бар. Нұртас Дәндібайұлының жүзге бөліп, руға бөлмейтінін де өзіме ұстаным етіп, мамандардың білімі мен тәжірибесіне қарап жұмысқа қабылдадым. Жасыратыны жоқ, кейбір шаруашылық қызметкерлерінің аты-жөндерін кейін біліп, жеке танысып жатамын. Өйткені, олар өздерінің таза еңбектерімен «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы қызметке алынады. Еңбекте ешкімнің алдында мүләйімсімей, бір жерден кемшілігім шығып қалады деп қуыстанбай, адал қалпыңмен қызмет етсең соның өзі үлкен жетістік.

Өзім саяхаттағанды ұнатамын. Әлемнің бірнеше елдерінде болдым. Сауд Арабиясы, Малайзия, Сингапур, Қытай, Италия, Франция, Бельгия, Лихтенштейн, Швейцарияға және т.б елдерге саяхаттап бардым. «Шетелге неге ертерек бармадым екен?» деймін кейде. Қай елге барсам да ең бірінші музейлерге бас сұғып, тарихымен танысамын. Бірде күйеуіміз екеуміз Францияға барған сапарымызда Лувр музейіне жалған сайттан онлайн билет алып қойған екенбіз. Біз оны музейге барғанда бір-ақ білдік. Өзім Аллаға сенетін, Алладан қорқатын адаммын, іштей дұға тілеп, сүрелер оқып отырдым. Бір кезде таңғажайып оқиға болды. Орыс тілді музей экскурсоводы біздің алданып қалғанымызды көріп, бізден ақша алмастан, көмектесіп басқа есіктен көрмеге кіргізді. Жалпы Еуропа елдерінде мейірімді адамдар көп қой. Біз кірген бөлмеде Мона Лиза картинасы бар екен. Ол жерге кіруге адам қарасы қалың, бәрі кезекпен кіріп жатты, біз де өз кезегімізді күтіп тұрдық. Күйеуім шаршап бір жерде демалып қалды, ал мен түгелдей музейді аралап шықтым, шетелде жасанды дүние жоқ қой бәрі шынайы, көзіммен көргеніме мәзбін. Көрмедегі экспонаттардың бәрі түпнұсқа, алған әсерім өте ерекше болды. 2018 жылы Санкт-Петербургтегі «Қазақстан Республикасының мәдениет күндері» көрмесіне қызыммен бірге барғанымда Ресейде алғаш І Петр ашқан «Кунсткамера» музейін, яғни «құбыжықтар музейін» көзбен көріп, ерекше таңданғаным есімде.

Кезінде Қазақ даласына келіп, жағдайды көзімен көрген орыс генералы Броневский: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес. Қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана Қазақ халқы «бай» дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды Қазақ ешқашан бай деп мойындамаған», – деп естелік жазған екен. Расында, қазақтың ұғымындағы бай сөзі – тектіліктің баламасы іспетті. Көкірек көзі соқыр, бірақ өзінің дүниелік байлықтарымен ішкен-жегенімен мақтанып, шетелге барғанын айтып, кеудесін қағып жүргендер бар, бірақ олар бай емес. Біз рухани бай болуымыз керек. Ол үшін не істеу керек? Рухани бай болу үшін кітаптарды көп оқып, тіпті мақал-мәтелдер мен бата-тілектерді жаттап, ең болмағанда нақыл-сөздер мен афоризмдерді көп оқуымыз керек. «Жақсымен бірге өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» деп ата-бабаларымыз тауып айтқан. Жақсы адамдармен көп араласып, сырлас әрі сыйлас болсақ, бай болу дегеніміз сол екен.

– Сүбелі де салиқалы сұхбатыңызға алғысым шексіз!

Гүлжанат Дүйсенбаева қырық жылдық ғұмырын Түркістанның өркендеуіне арнаған өнегелі жан. Ол осы уақыт ішінде талай буынның жүрегіне ізгілік ұялатты, қаланың әлеуметтік, мәдени және білім салаларында айшықты із қалдырды. Еңбегімен ел ықыласына бөленіп, абыройлы тұлға ретінде үлкенге – ізетті, кішіге – үлгілі бола білді. Өркениет пен тарихтың жаңғыруы жолында аянбай еңбек еткен Гүлжанат Ибрагимқызы бүгінде 60 жасқа толып отыр. Ғибратты ғұмырымен көпке үлгі бола білген ел анасын мерейлі жасымен құттықтаймыз!

Сұхбаттасқан:

Азамат ЕРБОЛАТҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы