Жаңадан салынып жатқан қала ішіндегі ипподром құрылысына «AMANAT» партиясының өкілдері мониторинг жұмыстарын жүргізді. Аталған шараға партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Тұрсынбаев Полат, партиялық бақылау инспекторы Еркінбеков Асқар, Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Таштеев, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бағдәулет Тұрманов, төраға орынбасары Аманжол Мәди және Түркістан қалалық мәслихат депутаты Данияр Аюпов қатысты.
Жұмыс сапары барысында партия өкілдері құрылыс барысымен танысып, жұмысшылармен және мердігер ұйымдардың өкілдерімен пікір алмасты. Бүгінде құрылыс қызу жүріп жатыр. Жоба екі кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда оның бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жалпы көлемі 99 гектар аумақты қамтитын бұл ипподром – аймақтың ғана емес, ел көлемінде ат спорты мен ұлттық ойындарды дамытуға үлкен серпін беретін көпфункциялы спорттық кешен болмақ. Құрылыс нысанының жалпы құны – 13,5 млрд теңгені құрайды. Ипподром аумағында ұлттық спорт түрлеріне арналған алаңдармен қатар, заманауи инфрақұрылым, көрермендерге жайлы орындар, спортшыларға арналған қажетті жағдайлар қарастырылмақ. Комиссия мүшелері алдағы уақытта да өңірдегі ірі жобаларға мониторинг жүргізіп, ел игілігіне бағытталған істердің ашық әрі әділ іске асуын қамтамасыз етуге белсенді атсалысатын болады.