Бірлігі жарасқан ұжымның тірлігі де берекелі болатыны белгілі. Яғни алдына мақсат қойып, ауызбіршілікпен кәсібін дамытып жатқан жұмыс орнының тынымсыз тірлік етуінің арқасында мерейі қашан да үстем. Осындай берекелі ұжымның бірі – «Бикеш» сән үйі деуге әбден болады. Осы күнде этностильдегі ұлттық киімдермен қатар заманауи сәнді киімдері де зор сұранысқа ие екенін байқамау мүмкін емес. Талғамы да айрықша.
Сондықтан да сән үйі соңғы кезде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық саласының дамуында қайраткерлік танытып, елеулі еңбегімен көзге түсіп, Түркістан қаласы тауар өндірушілерінің «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауларында «Үздік дизайнер» атанып жүргені қажырлы еңбегінің жемісі. Айтайын дегеніміз де осы, көпшілік алдында танылып жатқан еңбек жалғыз адамның ғана қолынан келмесі анық. Еңбекті қолдайтын шығармашыл ұжым, сенімді көмекшілер болса алынбайтын қамал жоқ. Ендеше бүгін толағай табысқа жетіп жатқан «Бикеш» сән үйіне қарасты цехтің ісмер шеберлерін таныстыра кетейік.
Еділбаева Айжан Жаманбайқызы – бала кезінен қолөнерге қатты қызығатын өнерлі қыз бауырларына, әжесіне, анасына өз бетінше түрлі киімдер тігіп үйренеді. Одан соң Түркістан кәсіптік техникалық училищесінде тігіншілік бойынша арнайы білім алады. Өзі армандаған тігін өнерінің қыр-сырын тереңінен меңгереді.

«Тігіншілік екінің біріне қона бермейтін шығармашылық мамандық. Жас кезімнен ұнатқан сүйікті ісім бүгінде отбасымды асырауыма жететін берекелі жұмыстың бастауы болғанына қуанамын. Осы салада жүргеніме отыз жылдан асты. 3 қыз 1 ұлым бар. Тігіншіліктен нәпақа тауып, балаларымды жеткізіп отырмын. Десе де қазіргі таңда бос отыруға еш жол беруге болмайды. Өмірлік шарт та солай болып кетті: кімнің қолынан іс келеді, сол адам жұмыссыздыққа тап болмайды әрі ешкімге масыл болмайды. Осы мәселеге қатысты өз еңбегімен аяққа тұрып, кәсібін дамытып, еш демалмастан отбасының қамы үшін еңбек етіп жатқан жұмыстағы тігінші қыз-келіншектердің еңбегі барлығына үлгі», – дейді Айжан апай.
«Бикеш» сән үйінің басты басымдығы – ұлттық нақыштағы қолдан тігілген той көйлектері, кәжекей, нымша, шапан, камзол, сәукеле, тақия, кимешек, тағы басқа көптеген қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда киетін сәнді киімдер.
Қазіргі қалыңдықтар қазақ ұлттық көйлектерді таңдайды. Бұл сән емес, салт-дәстүрді құрметтеудің белгісі. Сондықтан да аталмыш цехтің алтын жіптермен, страз бен қымбат тастармен көмкерілген киімдері көрме-байқауларда көзге түсіп, тапсырыс берушілердің санын арттырған. Айтпақшы, осы жылдан бастап «Бикеште» өз логотипімен брендтелген жібек, мақта-матадан сәнді орамалдар шығарылып жатыр. Мақсаты – оңтүстік өңірде орамалды көп қолданатындықтан қыз-келіншектердің бір-біріне орамал сыйлауы арқылы достықтарын, өзара сыйластықтарын арттыру, «орамал тон болмайды, жол болады» дегендей орамал сыйының маңызын ұғындыру, қадірін білдіру.
«Иә, тігіншілікті жүргізуге мол қаржы керек. Қазір маталар, қажетті құрал-жабдықтар арзан емес. Бірақ әр бұйымды сапалы тігіп, сұранысты дұрыс жолға қойсаң, еңбегің сөзсіз ақталады. Қазір өзімді толық қамтамасыз ете алатын деңгейге жеттім. Әрбір тігіншінің өз қолтаңбасы бар. Мен үшін ең бастысы – сапа мен жайлылық. Киім тек әдемі емес, ыңғайлы да болуы керек. Сондай-ақ, әр клиентке жеке көзқараспен қарап, олардың талғамына, дене бітіміне сай үлгілер дайындауға тырысамын. Әр кезде әрқалай, осы салаға байыппен қарап еңбектеніп дамытсаң, жұмысың жерде қалмайды.
Әрине, қиындықсыз іс болмайды. Кейде тапсырысты уақытында аяқтау үшін түнге дейін жұмыс істеуге тура келеді. Тапсырыс берушілердің көңілінен шығу үшін үнемі ізденіс үстінде жүру керек. Бірақ ең үлкен қуаныш – тұтынушының көптен күтіп жүрген дайын болған киімді көріп, риза болған сәті дер едім. Себебі әлі есімде, ең алғаш тапсырысқа алған қарапайым көйлегіме иесі көңілі толып, ерекше алғысын білдірген еді. Сол ризашылық мені қанаттандырып, жетістікке жетеледі десем болады!», – дейді сонау отыз жыл бұрынғы алғашқы тапсырысын еске алып тебіренген ісмер апай.
Расында, қарап отсаңыз, ісмерлік өнер бұрыннан келе жатқан мамандық. Бағзы заманнан күні бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін жоймаған. Тек тұтынушының талғамына және заманға сай икемдеп, нарыққа ұсыну еңбекқорлықты, табандылық пен ізденісті қажет етеді. Сондай еңбекқор екінші кейіпкеріміз – Нұрбаева Салтанат Ғайдуллақызы. Салтанаттың қолынан шыққан сән-салтанатты қыз жасауы, ерекше ұлттық көйлектері, құрақ-көрпелері көздің жауын алады. Ол өзінің еңбегін абыроймен атқарып, халықтың шексіз ризашылығы мен зор алғысына да бөленіп келеді.

«Бұл мен үшін жаныма жақын мамандық. Осы тігіншілікпен айналысып келе жатқаныма 25 жыл болды. Өзім қатты қызыққан өнерімнің арқасында бүгін нәсібімді тауып, тұтынушыларымның алғысын арқалап келемін. Алматы қаласында жүргенімде де ұлттық костюмдер тігіп, оюлармен, тастармен безендіруді, түрлі бас киім, сәукеле тігуді үйрендім. Осыдан кейін табыс тауып, үлкен тәжірибе жинақтадым. Қазіргі таңда қолдан жасалған бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Адамдар өзінің авторлық дизайны бойынша тігілген ерекше, сәнді бұйымдарға қызығады. Маған тапсырыс берген жандардың ризашылығын алып, бұйымды дер кезінде дайындауға тырысамын. Себебі, ең бастысы – тұтынушының көңілінен шығу, соның ойлаған арманын тап солай жүзеге асыру. Нарықтық заманның да қояр талабы осы. Сондай-ақ киімді қысқартып, оған өзгеріс енгізуді де атқарамыз. Тігін өнерінде барлық ризық-несібең зор еңбекпен келеді, – дейді он саусағынан өнер тамған шебер.
Он саусағы майысып ұлттық бұйымдарды ою-өрнекпен көмкере білген шебердің күнделікті атқарар еңбегінің оңай емес екендігін аңғардық. Дегенмен, Салтанат «еңбектің наны тәтті» дегенді өзінің басты қағидасы етіп алған. Кәсібіне қадам басқан сәтінен бастап, жауапкершіліктің не екенін түсіне біліп, жақындарының, тұтынушыларының қошеметіне бөленіп келеді. Қандай-да кәсіпте қиындықтардың кездесетіні заңдылық. Сол қиындыққа қарамастан еңбегін жалғастыруда. Алдына мақсат қойып, ізденеді, тыным таппайды. Соның арқасында бүгінде бір ұжым болып зор еңбектің нәтижесін көріп отыр.

Нәтижелі жұмысты халық та бағалап отыр, біз де көріп, тігіншіліктің – тиімді кәсіп екеніне көз жеткіздік. Десе де, ең бастысы, өз ісіңді, мамандығыңды жақсы көруің керек. Оны біз осы жолы анық түсіндік. Өйткені «Бикеш» сән үйінің жұмыстарын басқарып, реттеп жүрген, яғни осы сән үйінің ашылуына өз үлесін қосқан Шарбану Дурманқызы да ерекше шығармашылық иесі. Ол ұлттық өнеріміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, кішкентайымыздан әже-апаларымыздан көрген қазақы нақыштағы дүниелердің ғұмырын жалғастырып жүрген қайсар қыз екенін айтып өткеніміз жөн болар. Ешқандай қиындықтан мойымайтын, осындай қайсар, өжет, еңбекқор қыздар жайлы қанша айтсақ та жарасады. Еңбекқор жандар жайлы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі де «Бірінші маңызды мәселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету» деп, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады емес пе?! Ендеше не тұрыс, еңбек адамдарын дәріптейік, еңбегін паш етейік, шағын бөлменің бір шетінде тоқтамай еңбек етіп жатқан еңбекшілерді ел алдына шығарып көрсетейік, мақтайық, мақтаныш етейік. Еңбек адамы қашан да құрмет пен қошеметке лайықты!
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.