1 сәуір күні Ясауи университетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» атты симпозиум аясында танымал актер Азиз Бейшеналиев студенттермен кездесті. Жиынның мақсаты – жастарға актерлік өнердің қыр-сырын таныстыру, қызметтік жолмен бөлісу және кәсіби бағыт-бағдар беру болды.

Жүздесу барысында Азиз Бейшеналиев Мәскеу мен Ташкент қалаларында алған тәжірибесі жайлы баяндап, сала туралы кеңінен әңгімеледі. Түсірілім барысында жарақат алған кездерін, аязда суға түскен сәттерін еске алды. Ол мұндай жағдайлардың денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екенін жеткізді. Кездесуде студенттердің бірі: «Сізге ең қиын болған рөл қандай?» – деген сауал қойды. Актер бұл сұраққа:
«Мен үшін ең қиын рөл – Мұстафа Шоқайды сомдау болды. Сценарийді оқып таң қалдым. Режиссер Сәкен ағаға барып: «Бұл ойдан шығарылған ба?» деп сұрадым. Ол «Жоқ балам, бұл – деректі тарих», – деді. Бұл образды орындау өте ауыр әрі эмоционалды болды, дегенмен бұл рөл мен үшін кәсіби тұрғыдан үлкен тәжірибе әрі зор мәртебе болды» – деп жауап берді.

Ол өзінің ең жоғарғы қаламақысын осы фильмнен алғанын жасырмады. Сонымен қатар, актер мамандығының тұрақты болмауы мүмкін екенін айтып, осыған байланысты қазіргі заман талабына сай қосымша салаларды игерудің маңыздылығын атап өтті. Іс-шара білімгерлерге терең тағылым және мол шабыт сыйлады. Әсіресе, аталған мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер үшін ерекше пайдалы болды.
Мерей АБДРАИМОВА,
ХҚТУ-нің Журналистика факультетінің 1-курс студенті.