Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасы дербес ғимаратқа ие болады. Бұл туралы «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы хабарлады. Кітапхананың дербес ғимаратқа ие болуы керектігі мәселесін партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында көтерді.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде, осы мәселе жайлы Парламент Мәжілісіне, Мәдениет және ақпарат министрлігіне депутаттық сауалын жолдап, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында облыстық балалар кітапханасының құрылысын республикалық бюджет есебінен жүргізуге ұсынысын білдірді. Білімді ұрпақ тәрбиелеу, кітапқұмар қоғам құру, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру мәселелеріне тікелей қатысы бар балалар кітапханасы жайлы Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «АMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ғалымжан Елшібаев да азаматтық пікірін білдіріп, жас буынның рухани ордасы жеке ғимаратқа ие болуы керектігін қолдады.
Еліміздегі кітапханалардың жай-күйі туралы Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Нұрсұлтан Байтілесов, Қайрат Балабиев, Данабек Исабеков және Жарқынбек Амантайұлы Қазақстан Республикасы Премьер-министрі-нің орынбасары Тамара Дүйсенова-ның атына депутаттық сауал жолдап, кітапханалар жұмысына мониторинг жүргізіп, олардың стратегиялық дамуын қамтамасыз ету, кітапхана саласының жұмысын үйлестіруге, дамытуға жауапты орталық мемлекеттік органның құрылымдық функцияларын қайта қарау мәселелерін көтерді. Соның ішінде 70 жылдық тарихы бар Түркістан облысындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының заманауи үлгідегі дербес ғимаратқа ие болуы керектігіне баса мән берілді.
Депутаттар қозғау салып, қоғамдастық жылы қабылдаған бұл бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қолдау білдіріп, балалар кітапханасының қажеті үшін арнайы ғимарат сатып алуға 500 млн. теңге қаржы бөлу жөнінде шешім қабылдады. Түркістан облыстық мәслихатының кешегі өткен сессиясында аталған ұсыныс депутаттар тарапынан толық қолдауға ие болды.
«Түркістан ақпарат».