СӨРЕ АРТЫНДАҒЫ СЫР: ҚҰНДЫЗАЙДЫҢ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕГІ

692 көрілім

Қаламыздағы «Қуаныш» базары – қайнаған тіршілік пен қым-қуыт әлемнің айнасы секілді. Бұл жер – сауданың ордасы ғана емес, мың сан үміт пен маңдай тер қатар өрілген өмір мектебі. Қаланың қақ төрінде тұрған «Қуаныш» базарындағы әр сауда сөресінің артында – жылдар бойғы еңбек пен жанұялардың тағдыры жатыр. Осындай қарапайым тірлік кеше жүріп, киелі шаһардағы сауда саласына елеулі еңбек сіңірген жандардың арасында Құндызай Керімбекова есімді ғибратты ғұмыр иесі де бар.

Құндызай ханымның «Әмір» сауда орталығынан орын тауып, кәсібін дөңгелетіп жүргеніне жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Осынша жыл аралығында кейіпкеріміз тек әйелдерге арналған аяқ-киім сатумен ғана шектелмей, тұрақтылық пен тәжірибенің нағыз үлгісін көрсете білді десек артық айтқанымыз емес. Атап айтсақ, әр тауарды тұтынушыларға үлкен ықыласпен ұсынып, шын көңілмен қарайтын кәсіпкердің өмірі – шынайы еңбек шежіресіне айналып келеді. Бүгінгі мақаламыз Құндызай апайдың қарапайым болса да қадірлі өмір жолына арналады. Ширек ғасыр бойы кәсіптен нәсіп тапқан кейіпкерімізбен кездескен бойда аталған аяқ киім дүкенімен танысуға бет алдық. Сәрсенбінің сәтінде 77 нөмірлі дүкен ішінде тұрақты тұтынушылардың тобы көбейе бастады. Кәсіпкер ұзақ жылдар бойы түркістандық қыз-келіншектерді сапалы аяқ киіммен қамти отыра, олардың сеніміне ие болғанын байқадық. Жұмыс барысында бізбен сұхбаттасуға уақыт тапқан Құндызай ханым өзінің өмір жолы, жеке бизнесі туралы аз-кем ақпараттармен бөлісті.

– Мен мектеп бітіргеннен кейін, үлкен өмірге алғашқы қадамымды Ақтөбе қаласынан бастадым. Сауда саласына 18 жасымда келдім. Алғашында Ақтөбе қаласында түрлі тәттілер мен ұсақ-түйек заттарды сатумен айналыстым. Сол кезден бастап сауда менің сүйікті ісіме айналды. Кейін тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атансам да, бұл саладан қол үзбедім. Балаларымды дүниеге әкеліп, аз-кем үзіліс алған соң, өз кәсібіме қайта оралдым. Өйткені мен үшін сауда жай ғана табыс көзі емес, жаныма жақын ерекше жұмысқа айналды. Қазір, шүкір, отбасымызбен адал еңбектің арқасында тіршілік етіп келеміз. «Саудада береке бар» дейді ғой. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Себебі, адал сауда жасап, тұтынушының алғысын алу – ең үлкен табыс. Бүгінде ұл-қыздарым да бос уақыттарында қасымда жүріп, сатудың қыр-сырын үйреніп жүр. Осылайша, кәсібіміз біртіндеп отбасы-лық бизнеске айналды. 2006 жылдан бері «Қуаныш» базарында еңбек етіп келемін. Бұл жер мен үшін екінші үйіме айналды десем артық айтқаным емес. Жылдар бойы жинаған тәжірибе сенімді сатып алушыларды қалыптас-тыруға көмектесті. Алдағы уақытта осы кәсібімізді кеңейтіп, жеке дүкен ашу жоспарда бар. Менің ойымша, тәуекел мен еңбек қатар жүрсе, алын-байтын асу жоқ, – дейді кейіпкеріміз. Жыл мезгіліне қарай тауар түрін де жаңартып отыру, сапа мен сәнді үйлестіру – Құндызай ханымның басты қағидаларының бірі. Ол кәсібін дамыту жолында клиенттермен жұмыс маңызды екенін де атап өтті.

– Біздің дүкенде төрт мезгілге – қысқы, көктемгі, жазғы және күзгі кезеңдерге арналған әйелдер аяқ киімдерінің барлық түрі бар. Әр мезгілдің өз сәні бар ғой. Соған байланысты дүкенге кез келген талғамға сай өнімді алып келеміз. Әр маусым сайын сән мен сапаны қатар ұсынуға тырысып жатырмыз. Себебі аяқ киім сатудағы ең басты талап – клиенттердің аяқ өлшемі мен жайлылығы десек артық емес. Жалпы түркістандық әйелдер арасында 37–38 өлшемдегі аяқ киімдер жиі сатылады. Алайда дәл қазіргі көктем мезгілінде 39 өлшемге де сұраныс айтарлықтай артқанын байқап жүрмін. Осыны ескере отырып, келетін тауар ассортиментімізді үнемі жаңартып, тұтынушы талабына сай жұмыс жүргізуге машықтандық. Біздің басты мақсатымыз – сапалы әрі сәнді аяқ киімді қолжетімді бағада ұсынып, әрбір клиенттің көңілінен шығу, – дейді ол.

Кәсібіне сергек көзбен қарайтын кәсіпкер үшін әр маусым – жаңа мүмкіндік. Аяқ киім саудасында да сән мен ыңғайлылық қатар жүретінін кейіпкеріміз сұхбат барысында жиі атап өтті. Осы бағытта Құндызай ха-ным тұтынушы сұранысына сай жұмыс жүргізіп, тауар таңдау кезінде нені басшылыққа алатынын айтып берді:

– Аяқ киімдерді Алматы қаласынан арнайы алдырамыз. Әдетте сенбі және жексенбі күндері келушілер көп болады. Бұдан бөлек әлеуметтік желілер арқылы онлайн сауданы да қолға алып жатырмыз. Қала ішінде клиенттерге қалаған етіктерді жеткізу қызметі де қарастырылған. Тіпті, аяқ киімдерге алыс-жақын қалалардан да сұраныс түсіп жатады. Шымкент, Қызылорда, Ақтау секілді қалаларға да тауарларымызды жөнелтетін кездер жиі болып тұрады. Әрине, кейбір күндері сауда аз боп қалған кезде көңіл-күйіміз түсіп жатады. Бірақ 20 жылдан аса уақытта осы саудадан түйгеніміз көп. Әсіресе, ішкі тәртіп пен халықтың көңілін табуды жақсы меңгердік. Таң атқаннан бала-шағамызды жайғастырып болып, күнделікті кәсіпті бастаймыз. Әртүрлі келушілердің көңілінен шығу үшін жарнаманы жоғары деңгейде жасауға тырысамыз. Оның ішінде барлық аяқ киімдердің сапасы мен ерекшелігін толық түсіндіріп, әр тұтынушының ерекшелігіне қарай жұмыс жасаймыз. Мәселен, біреулерге жұмсақ, жайлы аяқ киімдер ұнаса, енді біреулерге сыртқа қайырылып тұратын табаны бар, өкшедегі проблемаларды қоздырмайтын айрықша ортопедиялық аяқ киімдер қажет. Біз ортопедиялық аяқ киімнің өндірушілерімен тығыз байланыс жасап, клиенттеріміздің талғамдарына байланысты сән үрдісіне және өмір стиліне қарай әртүрлі деңгейде аяқ киімдер әкелеміз. Мәселен, қазір түркістандық әйелдер аласа өкшелі немесе мүлдем өкшесіз аяқ киімге қызыға бастады. Сонымен қатар, табанының жанында кішкене сүйекшесі бар әйелдер өте көп кездеседі. Осы санаттағылар үшін біздің дүкенімізде жұмсақ былғарыдан тігілген, ұлғайтылған үлгілер бар, – дейді кәсіпкер. Сонымен қатар, кәсіп-кер артқа шегініс жасап, сауда сала-сында орын алған елеулі қиындықтар мен қызықты оқиғаларын баяндады.

– Бұрын өзіміз алыс жолға шығып, саудаға қажетті заттарды алатын кезіміз қызық еді. Карантин кезеңінен бері бәрі онлайн болып кетті. Затты алдыру да, жөнелту де оңай жұмысқа айналды. Карантин кезіндегі сауда қиынға соқты. Барлық аяқ киімдерді үйден сатуға мәжбүр болдық. Одан бөлек ағамның дүкені бар еді. Сонда да сатумен айналыстық… – деп еске алады.

Құндызай апайдың сауда сөресінде тек аяқ-киім ғана емес, 22 жылдық тәжірибенің, төгілген маңдай тер мен халыққа деген құрметтің иісі бар. Ол – қарапайым базар сатушысы емес, өмірін адал еңбекпен өрген, қалың жұртшылыққа қалтқысыз қызмет ете білген еңбек адамы. Қажырлы жаннан өзінен кейінгі қыз-келіншектерге қандай кеңес беретінін де сұрадық.

– Сауда – сырт көзге жеңіл көрінгенімен, өзіне тән қыр-сыры, ережелері бар сала. Бұл кәсіппен айналысқысы келетін қыз-келіншектерге берер кеңесім – ең алдымен өз ісіңе деген сүйіспеншілік пен табандылық қажет. Жақсы табысқа қол жеткізген сайын адам өз ортасын да өзгертеді. Табысты, мақсатшыл жандармен араласады. Бұл – адамды жаңа мүмкіндіктерге жетелейтін мотивация десем артық айтқаным емес. Жақсы жерде демалып, жақсы жерде тамақтанып, өзіңе жайлы өмір сүруге мүмкіндік туғызу адал еңбектің арқасында ғана келеді.

Шыны керек, сауданың бір ғана құпиясы бар деп кесіп айту қиын. Алайда менің тәжірибемнен түйгенім – ең бастысы, келген әрбір клиентпен дұрыс байланыс орната білу. Ұсынатын өніміңді шын ықыласпен, шынайы сеніммен таныстыру қажет. Әр аяқ киімнің ерекшелігін, сапасын, жайлы-лығын түсіндіре білсең, тұтынушы мін-детті түрде қызығушылық танытады. Ал егер ол сенің қызметіңе риза болып шықса, ертең тағы да келіп, тіпті айналасына да жарнама жасап береді. Бүгінде Түркістан халқы сапаға ерекше мән беретінін байқаймын. Өнімнің сыртқы келбетімен қатар, оның ұзақ мерзімге жарамды болуы да олар үшін маңызды. Түркістан қаласының ауа райы жазда не көктемде қандай болатынын баршасы біледі. Сондай жағдайда төзімді етіктер керек боп жатады. Мәселен, біздің дүкен «Әмір» сауда орталығының екінші қабатында орналасқанына қарамастан, арнайы іздеп келетін тұрақты клиенттеріміз бар. Бұл үлкен мәртебе. Сонымен қатар, Түркістанға қонақ болып келген басқа қала тұрғындары мен облыстағы аудан, ауылдардан келетін қыз-келіншектер де бізден сауда жасап кетіп жатады. Әрине, елдің сеніміне ие болу да үлкен жауапкершілік екенін ескеріп, сол сенімнен шыға білуді де ешқашан ұмытқан емеспін. Кейінгі қыз-келіншектер сауда – тек табыс көзі емес, өзіңді дамытуға, ортаңды кеңейтуге жол ашатын мүмкіндік екенін ұмытпаса деймін. Тек әр істі адал ниетпен жасаса ғана, адамның жолы кеңейеді деп ойлаймын, – дейді Құндызай Керімбекова.

Бүгінгі мақаламызға арқау болған кейіпкеріміздің өмір жолы – кәсіптің де, тіршіліктің де шынайы үлгісі. Қарапайым сауда сөресінен басталған Құндызай апайдың еңбек жолы адалдық пен табандылықтың бейнесіне айналғандай әсер қалдырды. Жылдар бойы Түркістан қаласының тұрғындарының сенімін арқалап, олардың үдесінен шыққан кәсіпкердің жүзінен жылылық пен жанашырлықты аңғару қиын емес. Әсіресе, «Қуаныш» базарындағы 77 нөмірлі дүкенге келіп жатқан тұрақты тұтынушылардың жүзіндегі риясыз алғыс – Құндызай Керімбекованың еңбегіне берілген әділ баға деп түйдік. Біз баян еткен қарапайым да қажырлы еңбек адамының бір күндік берекелі тіршілігі осындай болды. Қоғамда елеусіз ғана ерен еңбек атқарып жүрген түрлі кейіпкерлер туралы тұрақты түрде «Түркістан» газетінде баяндайтын боламыз, мәртебелі оқырман!..

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы