Өткеннен сыр шертер тарих қатпарлары жас ұрпақтың тағылым алар жолсерігі іспетті. Кешегі күннің жаңғырығы болған оқиға желісін баяндайтын құнды мұрағат – әр кезеңдегі замана көшінің тыныс-тіршілігін, өткені мен жеткені хақында жазады. Азаттық таңы арайлап атқан берекелі күнімізге дейін қазақ халқы талай нәубет жылдардың куәгеріне айналды.

XX ғасырдың орта тұсында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан шебінде жан алысып, жан берісе төгілген қан мен тылдағы маңдай термен келген еңбек өскелең ұрпақтың жадында. Осы орайда тылдағы күйбең тіршіліктің бейнетін көрген абыз ана жайлы үзік сыр айтуды жөн көрдік. Жеті перзентінен 32 немере, 84 шөбере, 7 шөпшек сүйген Бозша Жакенова әулетінің қазыналы қартына айналған ақ самайлы әжей.
Өмірдерегіне үңілсек, бейнеткеш ана 1923 жылы қаң-тар айының 1-жұлдызында Түркістан өңірінде дүниеге келген. Әкесінің қарындасы перзенті болмаған соң асы-рап алғанды. Ашаршылық заманында ел ауғанда Өзбек-стандағы Әндіжанға қоныс аударып, туған елге оралған-да отбасы Түркістандағы мақта зауыты маңына тұрақ-таған. Әжей ол уақытта небәрі 7-8 жаста болған көрінеді.

Бойжеткен соң 18 жасында Қойшығара Жүргенбаевқа тұрмысқа шығады. Жары шаңырақ көтергеніне небәрі 6 ай өткен соң 1941-жылы соғысқа аттанады. Көрер жарығы болып, сұрапыл соғыстан аман-есен оралады. Бозша апа бүгінде 96 жаста. Қарттықтың салдарынан көз жанары сыр беріп, жүріп-тұруы ауырлаған. Бүгінде қарашаңырақта қалған кенже ұлы Кенжебай мен Жаңагүл келінінің қолында тұрады. Ұрпақтарының айтуынша, абыз ана ұзақ жасауының себебі әкесінің «Иман бермесең иман берме, жиған бермесең жиған берме, Жаратқан ием Бозшама өмір бер» – деген тілегінің қабыл болғанынан шығар деп отырады екен.
«Аласапыран заманда анамыз Сыр өңіріне жақын Күйкібасар елді мекенінен нар түйемен Түркістандағы наубайханаға отын тасыған. Бір ғана бөз көйлекті жуып, кептіріп қайта киетінбіз, діттеген межелі жерге келемін дегенше түйе үстінде ұйықтап та қалатынбыз деген естеліктерін еске түсіріп отырады. Ұлы Отан соғысында әкеміз аяғынан жараланып, ауруханада ұзақ уақыт төсек тартып жатады. Дәрігерлерге аяғын кесуге келісім бермейді. Өзі көкпаршы, той-жиынның, көпшіліктің адамы еді жарықтық.
Анамыз әкеміздің жағдайын жасап, өзімен бірге ерте келген қонақтарға қабақ шытпай, әрдайым жылы шыраймен қарсы алып, қонақ күтуден шаршаған емес. Шағын шаруашылығымыз болды, құрт-май, ірімшік жасап ұл-қыздарының қарыны тоқ, киімі бүтін болуы үшін талай еңбек етті.
Осы жасқа келуінің сыры табиғи өнімдерді тұтынғанынан деп топшылаймыз»,- деді қызы Рахима Шораева.

Тұтас бір әулетке айналған жанұяның мәуелі бәйтерегі болып отырған әжей шынында құрметке лайықты. Міне, сол бір қилы замандағы қиын кезеңде тылдағы күйбең тіршіліктің бейнетін көріп отыр. Осыдан «Бейнет түбі – зейнет» деген мағыналы ойдың түпкі мағынасын ұғынуға болады. Ғұмыры ғибратқа, өмірі өнегеге толы қарияның өсіп-өнген ұл-қыздарының ортасында болуы ұрпақтарының баға жетпес байлығы.
«Жолдыбай есімді ағам болған. Шамамен 45 шақырымды құрайтын жолда отын тасып жүріп, жол үстінде босанған екен. Дегенмен тұңғышы бір жасында шетінеген. Ұлдан үлкені мен. Әке-шешемізден – мен, Рахима, Құттыбай, Орынкүл, Төлеген, Райхан, Кенжебай іні-қарындастарымыз өрбідік. Барлығымыз үйлі-жайлымыз шүкір. Ел қатарлы күн кешіп жатырмыз. Осы күнге жетуіміз әуелі Алла, содан кейін ата-анамыздың арқасы» -деді ұлы Айтжан Жүргенбаев.
P.S. Бейбіт күндегі берекелі тірлігіміз ғасырға жуық жасаған кейіпкеріміздей ел данасы атанған көреген қарияларымыздың арқасы. Тәуелсіз мемлекетіміздегі тұрақтылыққа тілеулес жандардың арманы мен мақсаты осы күнге жету еді. Тәңір нәсіп етіп, ұрпақтарының амандығы, тыныштық пен бірлік тұтастығының баянды болуын шын пейілмен тілейтін қарт ана үшін бұдан асқан бақыт жоқ екені айтпасада белгілі.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».