БИЛІКТІҢ БЕДЕЛІН  КӨТЕРГЕН БЕРДІБЕК

338 көрілім

«Түркістан» қалалық газетінің 2023 жылғы 10-ақпандағы санында мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың 70 жас мерейтойы тұсында жөнінде арнайы мақала жарияланған болатын. Қазақ елінің маңдайына біткен біртуар азамат көзі тірі болғанда 9-ақпанда 72 жасқа толар еді. Өткен күннен бір белгі ретінде аталған мақаланы ақпараттық порталымыз арқылы оқырман назарына қайта ұсынып отырмыз. Редакциядан. 

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқандардың қатарында шоқтығы биік елге мәшүр тұлға Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев десек еш қателеспейміз. Мемлекет басшысы шаруасына мығым, тығыншықтай Бердібек Мәшбекұлын кілең аса қиын тұстарға салды. Өзіне қандай қызмет тапсырылса да, таптұйнақтай етіп орындап, бүкіл өзекті мәселені ретіне келтіріп, өңірді енді дамытуға кіріскенде, тағы бір осал тұсқа аттандырады. Сондықтан халық оны сыртынан «Жедел жәрдем» деп атап кеткен екен.

ХАЛЫҚТЫҢ МҮДДЕСІН БІРІНШІ КЕЗЕККЕ ҚОЙҒАН

Бердібек Мәшбекұлының атқарған қызметтерін тізбелесек, атан түйеге жүк боларлықтай. Ол Тәуелсіз мемлекетіміздің соңғы 30 жылдан астам мерзімінде Премьер-министрдің орынбасары, Үкімет кеңсесі бастығы, Еңбек министрі, Кеден комитеті төрағасы қызметтерін айтпағанның өзінде жиырма жылға жуық Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімі қызметтерін атқарыпты.

Барлық өңірлерде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, шаруашылықтарды ширата түсіп, әкімдер жұмысына рейтингтік баға беретін әртүрлі институттардың, бұқаралық ақпарат құралдарының әр жылдардағы қорытындысы бойынша дауыс беру арқылы жинақтап жариялаған көрсеткіштері де дәлел. Көп жылдар әкім Сапарбаев үздік топтың қатарында аталып жүрді. Бекең республика Президенті қай орынға қойса да, сонда табысты еңбек етіп, елге де, билікке де адалдығын таныта білді.

Комсомолда шыңдалған мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов Бердібек Мәшбекұлы туралы былайша толғайды. «Халқымыздың ел басқару дәстүрінде, тарихында ежелден ел алдына шыққан адамға талап та, тілек те ең жоғары тұрғыдан қаралатыны қоғам санасында орныққан. Сондықтан да мейлі, ауыл, аудан, қала болсын немесе облыс, республика көлеміндегі болсын, билік басына келген адамның көпшілік көңілінен шығуы да оңай емес. Сол қиынға шыдас беріп, халық қамын қамтуға адал еңбек ететін адамдарды да ел таниды. Ондайда олар билік басындағы адамға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетеді. Қандай да бастық, лауазымды қызметкер болса-дағы ел кейбір жағдайдың бір күнде шешілмейтінін, мысалы егістік суаратын арна бір күнде өзен болмайтынын немесе мектеп бір күнде тұрғызылмайтынын жақсы біледі. Сол проблемаларды шешу жолдары, қаржыландыру көздері анықталып, жоба-жоспарлар жасалып, орындаушылары белгіленіп, жауапкершілік тұрақталып жатқаны ел сенімін орнықтырады.

«Ел басқарар жігіттің етек-жеңі кең болар» дейді халқымыздың ғибратты сөздерінің бірі. «…Етек-жеңі кең болар» дегенде оның атымтай жомарттығы немесе кең қолтық дарқандығы ғана емес, алдымен мінез-құлқы, білімі, ақыл-ойы, адамдарға, қоғамға, қоғамның ыстық-суығына төзімділігі, іскерлігі, қайраткерлігі сияқты қасиеттері ескерілсе керек».

Бердібек Мәшбекұлы жоғары оқу орнын бітірген 24 жасынан бері Қаржы-экономика министрлігінің экономисінен бастап, аға экономист, бас экономист, қаржы-жоспарлау басқармасының бастығы, министрдің осы сала бойынша орынбасары сияқты барлық сатылардан өтіп, ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, Үкімет кеңсесі, облыс әкімі, Премьердің орынбасары дәрежесіндегі жоғары лауазымды қызметтері түгелдей экономика теориясы мен тәжірибесімен байланысты болды.

Билік өкілдеріне сыни көзбен қарап, олардың сыңаржақ тірліктерін дер кезінде түйреп алатын халық ақыны Фариза Оңғарсынова «Сыр-сұхбат» кітабында былай деп жазды:

«…Бердібек Сапарбаев мырзаны Білім министрлігінде қаржы бөлімін, кейін Министрлер кабинетінің қаржы саласын басқарған кезінен жақсы білемін. Қазақ мектептерінің, балаларға арналған басылымдардың күрделі мәселелерін шешуде ұлтқа жанашыр, ұяты, мейірімі кетпеген азамат екенін көргенбіз. Креслоның биіктеуіне көтерілсе болды, көкіректеріне нан пісіп шыға келетін басшылардан емес. Қай салада, қай өңірде қызмет етсе де күн-түн демей елдің мерейін өсірем деп дамыл көрмейтін жан. Азаматты ру мен жүзге жіліктеп кінә артуға тырысу негізсіз және елге абырой бермейтін жай. Сапарбаев Өскеменге барып, қаланың жолдары мен жолөрнектерін салдыра бастағанда, қаланың орыс-қазағы оған «Бардюрбек» деп ат қойыпты дегенді еститінбіз. Бұл күнде қала тұрғындары да, облыс аудандарының еңбеккерлері де облыс басшысына бір шақырым жерден бас киімдерін алып сәлем береді.

Міне, ел-жұртқа жұғымды, қара басының қамынан халықтың мүддесін биік қоятын басшы осындай болады!»

Жамбыл облысының Қордай ауданында болған дағдарыс тұсында да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев адамдар арасындағы ушығып тұрған келіспеушіліктің аптығын сабырға, сабасына түсіріп, тіршілікке жүгіндіреді деп Бердібек Мәшбекұлын вице-премьер қызметінен шұғыл түрде Жамбыл облысының әкімі етіп тағайындаған. Бұл дер кезінде қабылданған ұтқыр шешім болды. Және мұндай шешімнің маңыздылығын ел де түсініп, қысқа мерзімде қоғамдық келісім орнықтырылды.

Кейбір мәнсап иелерін қызмет көтереді. Ал Бердібек Мәшбекұлы өзінің еңбекқорлығымен, мемлекет ісіне адалдығымен министр, әкім деген лауазымдардың беделін көтерді. Жас әкімдерге, әсіресе аудан, қала дәрежесіндегі қызметкерлерге жақсы үлгі бола білді. Қай өңірге, қай салаға барса да Сапарбаевтың өзіне тән жұмысының ізі, нәтижесі бар. Олар мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар болсын немесе спорттық, өнер кешендері, жол құрылысы, кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары болсын ел-жұрттың тұрмыс жағдайын жақсартуға қосылған қоғамдық, елдік қор, қазына.

Қарапайым халық кейбір жағдайда билік адамдарына ашық сенім көрсетпейді, іштей наразылығын білдірмей, тіксініп тұрады. Өйткені өсіп алған кейбір биліктегілер тез арада өзінің қайдан шыққанын ұмытып, жәй адамдармен мансап тұрғысынан «жоғарыдан» сөйлеседі. Қысқасы – сөйлесе алмайды. Бердібектің ең мықты жері де, көп шенеуніктен артықшылығы да кез келген әлеуметтік топпен олардың «өз тілінде» сөйлеседі. Өзін-өзі бақылау тетігі өте сезімтал. Айтқанын, берген уәдесінің орындалуын қатаң қадағалайды.

Қаңтар қасіретінің зардабын да Бекең елмен бірге көтерді. Әрине, қиналады, қынжылады. Оның ескі досы, әріптесі, өзі де Ақтөбе облысының әкімі, сенатор болған белгілі мемлекет қайраткері Елеусін Сағындықов «Шынның жүзі» атты ғұмырбаяндық эссесінде: «… Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең танымал саясаткерлердің бірі Бердібек Мәшбекұлы ылғи алдыңғы шепте жүреді… …Қоғамның «қызуы» көтерілсе – басады, төтенше жағдай туа қалса – шешімін табады…», -дейді.

ЕҢБЕК ЖОЛЫН

16 ЖАСЫНАН БАСТАҒАН

Бердібек Мәшбекұлының балалық шағы қайда өтті, бойындағы асыл қасиеттер қайдан, кімнен дарыды, қалайша шыңдалды деген сұрақтарға келер болсақ, ол Сырдың суына шомылып, құмында жалаңаяқ жүгірген ауылдың қара домалақ баласы.

Бердібек Сапарбаевтың еңбек жолын 16 жасында Жаңақорған ауданындағы «Задарьинский» кеңшарында қатардағы жұмысшыдан бастағаны бәріне мәлім. Оның еңбек жолына жолдаманы әкесі Мәшбектің досы, әріптесі Әбдіғаппар Нұртазаев берген болатын. Осы кеңшарды құрысуға өз үлесін қосқан, оны құрғандардың бірі – сол кезде мақта бригадасының бригадирі, ел ағасы, сөзі дуалы Мәшбек Сапарбаев болғаны қазір бәріне аян. Кейіпкерімізді бала күнінен білетіндердің бірі, оның туған ауылының тұрғыны Балташ Алтынбеков сексеннен асса да, әлі де тың, көкірегі ояу, ортасына сыйлы, көпке ақылшы ақсақал.

– Мен Бердібектің әкесі Мәшбектің туыс інілерінің бірі боламын, – дейді де ол, біз небір қиын-қыстау, қилы заманда әркез бірге болдық. Аталарымыз тегін адам болмаған ғой, аштық жылдары Өзбекстан, Тәжікстан жақтарына асып кеткен ауқаттылар қатарынан көрінген. Қоныс аудара алмай қалған қара жаяу кедейлердің қаншасы туған жерде қырылып қалды, өкінішке орай?!

Сөйтіп, елден безген ағайындар шет елде де жерде қалған жоқ, ата-әкелеріміз Ташкент пен Тәжікстан арасында түйемен тұз тасыған керуенші де болған. Бердібек екеумізді керуеншілер ұрпағы деуге әбден болады. Шет өлкеде басымыз бір болды, еңбегімізге ел таң қалатын, бау-бақша да салдық, күріш пен мақта егуді де игердік. Соның бәрі 60-шы жылдары Мәшбек Нәлібаев бастап елге оралғанда да игілігімізге айналды. Солайша, Мәшбек еңбек еткен «Алғабас» колхозы гүлдеп қоя берді. Ол күріш бригадасын басқарды, оның қол астында 28 жыл еңбек еттім. Мәкең асыл дақылдың «Ақмаржан», «Кубань», «Узрис» сорттарын өндіріп, әр гектарынан 25-30 центнерден күріш жинаған бар өнімді алып кететін, өзімізге ештеңе қалдырмайтын. Сондай да заман өтті ғой. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің, бірнеше медальдардың иегерімін. Бердібекті бала күнінен білеміз ғой, ата-тегінің асыл қасиеттерін бойына сіңірген нағыз көшбасшылар қатарынан көрініп жүреді, біздің мақтанышымыз,- деп көтеріліп қалды ақсақал. Мәшбектен Бердібек, Әлібек, Батырбек, Пәзілбек және Нұрлыбек туды. Бәрі елдің бетке ұстар азаматтары. Бердібектен Бауыржан, Жансұлтан. Ал, Әлібектен Бақытжан өрбиді. Қазір өсіп-өнген ұрпағының қолдауымен «Мәшбек ауылы» Жаңақорған ауданының ғана емес, облыстағы маңдайалды құтты мекендердің бірі.

САПАРБАЕВТАН ҚАЛҒАН САН ТАРАП ІЗ САЙРАП ЖАТЫР

2000 жылы сол кезеңдегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ретінде Бердібек Машбекұлы ЮНЕСКО көлемінде мойындалған Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде, екі президенттің және басқа мәртебелі шетелдік қонақтардың қатысуымен, жоғары дәрежеде аталып өтуіне ерекше еңбек сіңірді.

Халықаралық «Парыз» қоры құрылып, қомақты қаржы жинақталған. Театр салынып, тарихи жәдігерлер жаңғыртылып, музей мен жаңа алаң ашылған. Кесене аумағы абаттандырылып, көшелер кеңейтілген болатын. Темір жолдан кедергісіз өтуге аспалы көпір салынып, халық «Жолдың асты» атап кеткен «Бекзат» мөлтек ауданының мұң-мұқтажы, маңызды мәселе жол қатынасы шешілген еді. Отандық және шетелдік кәсіпкерлердің қаржысына кесене жаңғыртылған, 20-дан астам нысан салынып, қала мерейтойға дайындалған. Нәтижесінде бұл мерейтой көне Түркістанның қайта түлеуіне, киелі шаһардың тарихи орны мен рөлін дәріптеуге үлкен ықпал етті. «Парыз» қорына түскен қаржының ұзын-саны 2 млрд. 300 млн. теңгеге жетті. Облыс-облыстың қомақты жәрдемі болмаса, бір «Парыз» тұтас той шығынын қайдан тартып шықсын?! Арнайы «Парыз» қорына қаржы аударғаны өз алдына, облыс-облыс Түркістанға делегация болып келіп, алаңдар, аяқжолдар салып, шаһарды абаттандыруға кірісіп кетіп еді. Қалаға үлкен құрылыстар, күрделі жөндеулер қажет. Басқасын былай қойып, ертең тойға келетін қонақтарды қабылдап, Түркістанда түсіретін қонақүй де жоқ. Той жақындаған сайын қонақ үй салу бәсекеге айналды. Қалада жекеменшік қонақүй салушылар көбейді. Түркістанда оншақты қонақ үй шаңырақ көтерді. Әлі де аз. Қонақ үй – Түркістан құрылысының бір парасы ғана. Мәдениет сарайы, театр, актерлер үйі, музей, кітапхана, достық каналы, стадион, сауықтыру кешені секілді құрылыстар жүріп берді. Бұрын бар құрылыстар қайта жаңғырта жөнделді. Ауыз су мәселесі де күн тәртібінде болды,-деп еске алады Құлбек Ергөбек.

Түркістанның 1500 жылдығы кезінде Б. Сапарбаевтың ықпалымен қаланы қақ жарып өтетін магистральды жол жабылып, 15 шақырым шамасында қала сыртын айналып өтетін айналма жол салынды. (Себебі, кесененің жарылу себебі ауыр жүк тиеген автокөліктің іргеден өтуіне байланысты еді). Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры да Б.Сапарбаевтың қолдауымен ашылған еді. Айта берсек, Бердібек Машбекұлының жәдігер шаһарамызға жасаған жақсылығы, қаланың дамуына қосқан үлесі аз емес.

Бұл жөнінде профессор Қ.Ергөбек: «Түркістандай көне қаласы бар ел – рухани байлықты ел. Түркістанның 1500 жылдығы айтыла беріп басылып қала береді. Біз қалай болғанда да, көне қаланы қайта оятамыз… Президент тілегі де міне, осы!» Ол келе сала Түркістан қаласына әкім етіп Өмірзақ Әметұлын тағайындады. Өмірзақ іскер азамат болып шықты. Келген күннен тыным таппай, Түркістанды түлетудің жолына түсті сабазың. Құттықтай кірген бетім. Қолымды алып тұрып, заматында қызметке шақырды. Сол жылдары аудан-ауданның әкімі орынбасары «Руханият мәселелері жөніндегі орынбасар…» аталып, кабинеттері сыртындағы анықтама қайта жазылып жатты. Мен де солардың біріне айналдым. Содан Түркістан дүрілдеп өсті. Жоқ, оны менің орынбасарлығымнан басталады дегелі отырғаным жоқ. Тіпті де олай емес. Себебі мен Өмірзақ Әметұлы сынды күні-түні ұйықтамайтын «дию-әкімнің» іс-қимылына ілесе алмай, аз уақыт қана жұмыс істеп, облысқа ауысып кеттім. Өмірзақ іскер азамат еді! Айтқалы отырғаным, облыс әкімі Сапарбаев қолын байламай, қала әкіміне ерік берді. Ол Түркістанды дүрілдетіп ала жөнелді. Осы екі азаматтың арқасында Түркістанның тұңғыш түлеуі – 1999 жыл! Келер жылы Түркістанның 1500 жылдық тойын халықаралық өреде тойладық. Түркістан өз биігіне жаңарған, жаны марқайған күйде көтеріліп келе жатты», – деп жазды. Әлбетте, дөп сөз, қосып-алары жоқ ақиқат пікір. Туған жерді түлеткен Бердібек Мәшбекұлының еңбегі еліміздің көз алдында атқарылды. Осылайша мемлекет қайраткері атағын абыроймен атқарып, биліктің беделін көтерген Бердібек Мәшбекұлы еді.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы