ЕТ БАҒАСЫН АУЫЗДЫҚТАЙ АЛАМЫЗ БА?

374 көрілім

Базарда сиыр мен жылқы еті бірдей бағада сатылып, бұл өңір тұрғындары үшін күтпеген тосын жаңалыққа айналды. Соңғы уақытта сиыр етінің бағасы айтарлықтай қымбаттап, тұтынушылар үшін таңдау жасау едәуір қиындық туғызған. Бұл қымбатшылық, өз кезегінде, қасапшылардың да саудасына әсерін тигізген сыңайлы. «Түркістан» қалалық газетінің тілшілері осы мәселені жан-жақты саралап, базардағы ет бағасын зерделеп қайтты.

«Қуаныш» базарының ет сататын бөлігінде Баһадүр есімді қасапшы бар. Ол 30 жылдан бері сиыр етін сату арқылы нәпақасын тауып келеді. Алайда соңғы жылдары сиыр еті тапшылыққа ұшырап, оның бағасы да айтарлықтай көтерілген. Осылайша, ұзақ жылдар бойы өз ісіне адал болған қасапшы биыл алғаш рет кәсібінде өзгеріс жасап, жылқы етін қосуға мәжбүр болған. Баһадүр бұл шешімін Түркістан қаласында сиыр етінің жетіспеушілігімен байланыстырғанын айтады.

“Алдыңызда тұрған бұзау еті. Соның өзін зорға тауып келдім. Сиыр еті қазір тапшы. Амал жоқ, жанына жылқы етін қостым. Жағдай қиындап кетті, не істейтінімді білмеймін. Осы уақытқа дейін «Қарабұлақ» ауылынан етті тасымалдап келдім. Сиыр еті тапшылығы салдарынан баға да қымбаттады. Мысалы сиыр етін 2800 теңгеден сатып жатырмын. Ол жылқы еті бағасымен теңесті” – дейді, қасапшы.

Баһадүр қасапшы бұрын сиыр етін 2400 теңгеден сатса, соңғы екі аптада бағаны көтеруге мәжбүр болғанын айтады. Сиыр етінің қымбаттауы жылқы етін тұтынушылар санын көбейткен. Қасапшы еттің бағасын одан әрі көбейте алмайтынын айтады.

“Қазір 150 теңге үсінен қойып отырмын. Оның ішінде, бордақылау, жеткізу, тасымалдау ақысы кіреді. Былай ойлап қарасаңыз, пайдасы аз. Бірақ одан артық қоса алмаймыз. Себебі тұтынушылардан айрыламыз. Онсыз да сиыр етінің қымбаттау салдарынан жылқы етін тұтынушылар көбейіп кетті. Әрине, енді жылқы мен сиыр еті бірдей бағада сатылып жатса, өзіңіз қайсысын аласыз? Дәл осы қатарда 5-6 сиыр етін сататын дүкен бар. Барлығының айтатын уәжі бір” – дейді ол.

Базар ішінде жылқы етін сататын Олжас есімді қасапшымен де тілдесіп көрдік. Оның пікірінше, сиыр етінің тапшылығы, көршілес елдерге экспортталуынан туындап отырған көрінеді. Себебі сиыр етіне сұраныс артқан екен.

“Сиыр еті тапшылығы экспорт-тан туындап отыр. Оны барлығы біледі. Шекараны ашып жіберген. Салдарынан бұқалар қымбат бағада Өзбекстанға тасымалданып жатыр. Одан әрі, Қырғызстанға, Тәжікстанға кетіп жатыр дейді. Мысалы күнде Қарабұлақтан шамамен 10 тонна ет шығады. Екі айдың ішінде осындай тапшылыққа ұшырады. 5 ай бұрын еттің бағасы 2300 теңгеден еді. Қазір 3000 теңгеге көтерілді” – дейді, қасапшы.

Сиыр етінен бөлек қошқар еті де көтерілді дейді Олжас. Түркістанда қой мен ірі қараға сұраныс едәуір артқан. Салдарынан ет таппай, әбігерге түскен.

“Жылқы еті сол күйі өзгеріссіз. Бірақ сиыр мен қой тапшы. Мәселен, бұрын қошқардың құйрық майы 2500 теңгеден болса, қазір 3500 теңгеге дейін көтерілді. Соңғы екі айдың ішін-дегі жағдай осындай. Сиыр еті қабырғасымен 2800-3000 теңге. Сүйексіз ет 4000 теңгеге дейін барады. Сиыр еті қымбаттағаннан кейін жылқы етіне сұраныс көбейгені рас” – дейді, жылқы етін сататын қасапшы.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Абзал Қасымханұлының айтуы бойынша етті экспорттаудан Түркістан облысы 1 орында екен. Нәтижесінде 2024 жылы жалпы сиыр еті 19,8 мың тонна, қой еті 13,3 мың тонна экспортталған. Сиыр еті бойынша Түркістан облысының республикадағы үлесі 85 пайызды, қой еті 80 пайызды құрайды екен. Сиыр етінің қымбаттау салдарын ауыл шаруашылығы басқармасы да экспортқа сұраныстың артуынан екенін растап отыр. Себебі көршілес мемлекетке етті тасымалдау бағасы әлдеқайда жоғары болғандықтан, көбісі етті сонда өткізуде дейді сала мамандары. Қазіргі таңда облыс бойынша бағаны тұрақтандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Дегенмен бұл кешенді шара тұтынушылар сұранысын 100 пайыз реттей алмасы анық. Осы тұрғыда, Президент жақында өткен үкімет отырысында нақты тапсырмалар беріп, алдын алу шараларын жүргізуді тапсырды. Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз еместігін айтып, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылуда дегенді айтқан болатын. Президент тапсырма берді, енді әліптің артын бағып, мәселенің түйіні қалай тарқатылатынын бағамдап көрелік. Алайда, өзге елге жоғары бағамен етті экспорттаймыз деп, қымбатшы-лықты қолдан жасап алмасақ болғаны.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы