Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанына төрт-ақ ай өтсе де, қалада ауқымды өзгерістер мен даму жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл туралы әкім бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап өткізген баспасөз-конференциясында Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, атқарылған істер мен алдағы жоспарларды ортаға салды. Жиында қаладағы инфрақұрылым, әлеуметтік бағдарлама және мәдени даму бағытындағы маңызды жобалар таныстырылды. Әкімнің айтуынша, бұл жұмыстар қаланың тұрақты дамуына жол ашып, тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған. Толығырақ төменде тарқатамыз.
Түркістан қаласы – түркі дүниесінің рухани және туристік астанасы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа орталығы болып қалыптасып келеді. Қаланың халық саны соңғы үш жылда 23,9%-ға артып, 2024 жылдың 1 желтоқсанына қарай 236 954 адамға жетті. Түркістанның даму қарқыны тұрғындар санының ғана емес, сондай-ақ экономикалық көрсеткіштердің де өсіп келе жатқанын айғақтайды. Қаланың жалпы өңірлік өнім көлемі облыс орталығы болғалы бері 4,5 есе ұлғайып, 2023 жылы 370,8 миллиард теңгені құраса, 2024 жылы оның өсімі 14,4%-ға артты, нәтижесінде 452,6 миллиард теңгені құрады. Қала экономикасының негізгі өсім драйвері ретінде инвестициялық тартымдылық ерекше орын алады. Түркістанға тартылған инвестиция көлемі соңғы 4 жылда 1,3 триллион теңгені құрады, оның жартысынан астамы жеке инвестициялар арқылы келген. 2024 жылы инвестиция көлемі 400,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 20,3%-ға артқан. Осылайша, жеке инвесторлардың қала экономикасына деген қызығушылығы жоғары, бұл Түркістанның болашағына деген сенімділікті арттырады. Қаланың индустриалды дамуында да маңызды өзгерістер байқалады. Жалпы аумағы 310 гектарды құрайтын екі өндірістік аймақ қаланың экономикасын дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Бірінші аймақ – арнайы экономикалық аймақ, оның аумағы 180 гектарды құрайды. Бұл жерде жалпы құны 126 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылып, 3050 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Екінші индустриалды аймақтың аумағы 190 гектарды алып жатыр, оның жалпы құны 10,5 миллиард теңге болатын 21 жобасы іске асырылған. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында да айтарлықтай өсім байқалады. Өткен үш жылда осы саладағы белсенді субъектілер саны екі есе артып, 22,2 мыңға жеткен. Бұл кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында өнім шығарылымы 149,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 167,7%-ға өскен. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 65%-ды құрайды. Бұл сала Түркістанның экономикалық дамуында маңызды орын алады.
Халықты жұмыспен қамту шаралары қалай?
Түркістан қаласында жұмыссыздық деңгейін төмендету және еңбек нарығын дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар өз нәтижесін бере бастаған. Қазіргі таңда жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрап, бұл көрсеткіштің төмендеуі қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарып келе жатқанын дәлелдейді. 2024 жылы қалада еңбекпен қамту саласында белсенді шаралар атқарып, 10 096 азаматты жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы бағдарламалар жүзеге асырылған. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, көптеген тұрғынның тұрақты табыс көздеріне ие болуына мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласында да үлкен жетістіктер бар. 143 азаматқа мемлекеттік гранттар беріліп, олар өз ісін бастауға қолдау алды. «Бастау бизнес» жобасы аясында 746 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, сертификат алды. Ал сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқыту бағдарламасы арқылы 369 азамат білімін жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл шаралар Түркістанның кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға және еңбек нарығын кеңейтуге зор ықпалын тигізуде. Қалада еңбек нарығын дамыту мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, қаланың экономикалық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді дейді қала әкімі.
Әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда

Түркістан қаласында әлеуметтік саладағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, әсіресе аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету бағытында айтарлықтай қадамдар жасалды. Өткен жылы 2242 отбасыға (12984 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, кедейшілік деңгейі 5,6%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға азайғанын көрсетіп отыр, яғни қалада әлеуметтік қорғау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік көмек те тұрақты түрде көрсетіліп келеді. 2024 жылы 2,2 миллиард теңгеге 8179 құрал-жабдық алынып, қолдау көрсетілді. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,5 миллиард теңгеге жетіп, 9357 адамға қажетті құралдармен қамтамасыз ету жоспарланған. Зейнет жасындағы адамдарға да қолдау көрсетіліп, олардың салауатты өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында арнайы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылды. Бұл орталық өткен жылы 4883 адамға қызмет көрсетіп, қызмет алушылар саны 49%-ға артты. Сонымен қатар, 2024 жылы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сәйкес жаңа «Отбасын қолдау орталығы» КММ ашылып, әлеуметтік көмек көрсету жүйесі жаңа деңгейге көтерілді.
Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру шаралары жүруде
Сондай-ақ, «Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және халыққа қолжетімді ету үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы 26 әлеуметтік дүкен мен 3 ірі сауда нүктелеріне 19 түрлі азық-түлік тауарлары тұрақты түрде жеткізіліп, тұрғындарға арзан әрі сапалы өнімдер ұсынылады. Сонымен қатар, өткен жылы халық көп шоғырланатын аумақтарда 23 рет азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылып, бағаларды тұрақтандыру мақсатында жәрмеңкелер өткізіліп, тұрғындар арзан бағада өнімдер ала алды. Әлеуметтік азық-түлік бағаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қалада күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде» – дейді қала әкімі. Бұл жұмыстар көтерме сауда базарларында, ірі супермаркеттер мен жеке дүкендерде тұрақты түрде бақылауға алынып, бағаның шектен тыс көтерілуіне жол бермейтінін ескертеді. Осы шаралар қала тұрғындарының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Білім саласындағы жетістіктер мен жоспарлар қорытындыланды
Түркістан қаласында білім беру саласында тұрақты даму байқалады. Мәселен қалада жалпы 85 мектеп бар, оның 38-і мемлекеттік және 47-і жекеменшік. Өткен жылы 12 жаңа мектеп ашылып, 4 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үшін қаржы бөлінген екен. 2024 жылы 7 мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүрсе, ал 2025 жылға қарай тағы 10 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізу көзделуде. Білім беру жүйесіне алдын ала назар аударылып, мектепке дейінгі білім беру саласында да оң өзгерістер байқалады. Қалада 148 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар, оларда 1-6 жас аралығындағы 17 420 бала тәрбиеленуде. Өткен жылы 984 орындық 11 жеке меншік балабақша ашылды, ал 10 мемлекеттік балабақша ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы екі балабақша ғимаратын күрделі жөндеу жоспарланып, тағы 5 балабақшаға ағымдағы жөндеу жүргізілу жоспарда екен. Түркістан қаласының білім саласы тек ғимараттарды жаңарту мен жөндеумен шектелмей, балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына барынша жағдай жасап, болашақ ұрпаққа жоғары деңгейде білім беруді мақсат етіп отыр.
Биыл мәдениет үй қолданысқа беріледі
Түркістан қаласы мәдениет саласында да бірқатар маңызды жетістіктерге жетіп, тұрғындарға сапалы мәдени қызмет көрсету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда қалада 4 мәдени нысан, 12 кітапхана, 3 театр және 5 музей халыққа қызмет көрсетіп, мәдени өмірдің орталығына айналған. Бұл мекемелер тұрғындарға рухани азық беріп, мәдениеттің дамуына ықпал етуде. Сонымен қатар, қалада атауы жоқ көшелерге атау беру жұмыстары да қолға алынған. Бүгінгі күні екі көшеге республикалық ономастикалық комиссиясына атау беру туралы ұсыныс енгізілді. Алдағы уақытта тағы 10 көшеге атау берілетін болады, бұл қала көркін арттырып, оның тарихын әрі қарай қастерлеуге септігін тигізеді дейді қала әкімі. Түркістан қаласында мәдениет саласын одан әрі дамыту үшін жаңа жобалар да іске асырылуда. Қазіргі уақытта 500 орындық Мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде екен. 2025 жылы бұл мәдениет ошағы пайдалануға берілмек. Мәдениет үйі қала тұрғындарының мәдени іс-шараларға қатысуын жеңілдетіп, өнер мен шығармашылықты қолдауға маңызды алаң болмақ.
Денсаулық сақтау саласындағы қарқынды инфрақұрылым
Түркістан қаласында медициналық көмек көрсететін 17 мекеме тұрғындарға қызмет көрсетіп, қаладағы барлық емханалар 100% 4-санатты жедел жәрдем бекеттерімен қамтылған. 2024 жылы 6478 бала дүниеге келіп, 808 өлім жағдайы тіркелді, оның ішінде нәресте өлімі 29 жағдайды құрады. Қаланың денсаулық сақтау инфрақұрылымы үнемі жаңаруда, мысалы, Бекзат мөлтек ауданында жеке инвестор есебінен 500 млн. теңгеге 27 мың тұрғынға қызмет көрсетуге арналған жаңа емхана құрылысын аяқтау жоспарлануда. Емхана ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Туризм саласындағы жаңа мүмкіндіктер

Түркістан қаласы үшін туризм – стратегиялық маңызы бар сала, алдағы уақытта экономикалық дамудың негізгі бағыттарының бірі болмақ. Соңғы екі жылда салаға 74,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, ал 2024 жылы 61,9 миллиард теңге инвестицияланды. Туристер мен зияратшылар саны да айтарлықтай өсті: 2024 жылы Түркістанға келген туристердің саны 1,1 миллионға жетіп, оның 23,2 мыңын шетелдік қонақтар құрады. Қаланың туристік инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Қазіргі таңда Түркістанда 3048 төсек-орыны бар 68 қонақүй мен орналастыру орындары бар. Сонымен қатар, қалада Күлтөбе қалашығын абаттандыру, қолөнершілер қалашығын құру және ескек есу каналының құрылысын жүргізу жобалары қолға алынған. Бұл жобалардың іске асуы қалаға келетін туристер санын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Туризмді одан әрі дамыту мақсатында 2024 жылы Түркістанға әлемнің халықаралық қолөнер қалалары ұйымының басшылары келіп, қаладағы қолөнер саласының даму әлеуетімен танысты. Ал 2025 жылы «WCC International» ұйымының жетекшілері бас қосып, Түркістанға халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін алу үшін іс-шаралар ұйымдастырылады. Туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында «Визит орталығы» ашылып, онда үш тілді меңгерген мамандар қызмет көрсетеді. Әуежай мен темір жол вокзалдарында да ақпарат беру орталықтары ашылмақ. Алдағы жылдары 145 миллиард теңге құрайтын 13 жоба іске асырылып, 955 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Түркістан қаласы болашақта тек зияратшылар мен туристердің орталығы ғана емес, қолөнер мен мәдениет аймағы ретінде де әлемдік деңгейде танылатын болады.
Тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік қолдау қай деңгейде?

2024 жылы Түркістан қаласында 534 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 124,9 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш қаланың тұрғын үй инфрақұрылымын дамытудағы қарқынды жұмысты көрсетеді. Қазіргі уақытта қалада 16 579 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген, ал соңғы 3 жылда 7136 адам тұрғын үй кезегіне тіркеліп, 3686 азамат кезектен шығарылды. 2024 жылы 961 пәтер, ал 2025 жылы 944 пәтер берілуі жоспарлануда. Сонымен қатар, «Отбасы банк» арқылы 58 тұрғын үйдің 3076 пәтері сатылып, халықтың баспанамен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік жасалды. 2025 жылы тағы 30 жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі, оның жалпы саны 2127 пәтерді құрайды. Тұрғын үйлерді жекешелендіру бойынша жаңадан қабылданған Заң 2025 жылдың 21 қаңтарында күшіне енді. Бұл Заң бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан өз үйлерін меншігіне алу мүмкіндігі бірқатар санаттағы азаматтарға берілді. Түркістан қаласы тұрғындарының баспаналы болуына жаңа мүмкіндіктер ашылуда, бұл қаладағы әлеуметтік қолдаудың маңызды қадамы болып табылады.
Түркістан қаласының инженерлік инфрақұрылымы
Түркістан қаласының инженерлік инфрақұрылымы үздіксіз жаңартылып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бірқатар жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда қала толықтай электр қуатымен қамтамасыз етілген. Жаңа өндіріс орындарын және тұрғындарды сапалы электрмен қамту үшін 2 нысанның құрылысы жүргізілуде, ал бір нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі де жақсы деңгейде шешілген. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының 98%-ы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Жаңадан қоныстанған аумақтарды газбен қамту үшін жаңа жобалар қолға алынуда. Қала тұрғындары толық ауыз сумен қамтамасыз етілген, ал кәріз жүйесімен қамтамасыз ету деңгейі 36,5%-ды құрайды. 13 жоба іске асырылып жатқанда, қосымша 3 нысанға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобалардың іске асуы қала аумағын 87%-ға кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді. Жылумен қамтамасыз ету мәселесі де қадағалауда. Қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесі 367 нысанға қызмет көрсетеді, ал 2025 жылы жылу құбырларын жаңарту жұмыстары жоспарланып, тозу деңгейін 10%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Түркістан қаласында атқарылып жатқан осы жұмыстар қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік жасайды.
Жол және қоғамдық көлік жүйесіндегі жаңалықтар
Түркістан қаласының жол инфрақұрылымы және қоғамдық көлік жүйесі жыл сайын жаңартылып, тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы қала бойынша 47,1 шақырым көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 45,4%-дан 50,3%-ға артты. Алдағы жылдары 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, асфальт жабындысы бар жолдардың ұзындығы 569,7 шақырымға жетіп, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 67,4%-ға жеткізу көзделуде. Қалада екі жол мен екі көпірдің құрылыс жұмыстары жүріп жатса, қосымша төрт жол мен бір көпірдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. ЖСҚ әзірленіп жатқан үш жолдың құрылысы да алдағы уақытта басталмақ. Қоғамдық көліктерге қатысты 2024 жылы 38 жаңа автобус алынып, №4, №2, №9, №9А, №6 және №6А бағыттары бойынша қызмет көрсетуге қосылды. Нәтижесінде қаладағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылып, автобустардың жағдайы 100%-ға дейін жақсарды. Түнгі жарықтандыру да қалада маңызды бағыттардың бірі болып табылады. 2018 жылы 18,3%-ды құраған басты 161 көшенің жарықтандыру жүйесі, 2024 жылы 757 көшені (938,4 шақырым) жарықтандырумен қамтып, жалпы қаладағы жарықтандырылған көшелердің үлесін 87,4%-ға жеткізді. 2025 жылы тағы 58 көшеге жарықтандыру жүргізіліп, бұл көрсеткіш 99,2%-ға жетпек. Сонымен қатар, қаладағы 574 аялдаманың 374-і жаңартылып, алдағы уақытта 200 аялдама кезең-кезеңімен жаңартылатын болады. Бұл барлық шаралар қаланың инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.
Бас жоспар мен көгалдандыру бағытындағы жұмыстар
Түркістан қаласының бас жоспарына енгізілген өзгерістер қала аумағының ұлғаюына мүмкіндік беруде. Жер аумағы 22,370 гектарды құраса, тұрғын аймақтың көлемі 4148 гектардан 6996 гектарға дейін артатын болады. Қоғамдық аумақ, өндірістік аймақ және рекреациялық аймақтардың да көлемі көбейіп, қаладағы инфрақұрылымның кеңеюіне негіз болмақ. Жаңа нысандардың қатарында Көрме орталығы, Этно-мұражай орталығы, Филармония және Балалар мен жасөспірімдер орталығы сияқты маңызды жобалар тұр. Қаладағы тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында бүгінгі таңда 86,404 азамат тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр. Осы мәселені шешу үшін жалпы құны 16,9 млрд теңге болатын 300 гектар және 180 гектар аумаққа инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде. Бұл 2000-ға жуық азаматқа жер телімдерін алу мүмкіндігін береді. Қаланың көгалдандыру жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда 258 нысанда 626 гектар аумақ көгалдандырылып, жыл бойы күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылы «Парасат» саябағының реконструкциясы аяқталып, Айналма жол бойында бірнеше абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Түркістанның жасыл қорын көбейту мақсатында 2025 жылы қаланың негізгі аумақтарына 85,750 түп ағаш егу жоспарлануда. Қаладағы тазалық жұмыстары да маңызды мәселелердің бірі болып табылады. 875 көшеде тазалық жұмыстарымен қамтылған, оның ішінде күнделікті тазартылатын 112 көше, аптасына 2-3 рет тазаланатын 342 көше, аптасына 1 рет тазартылатын 421 көше бар. Алдағы уақытта, 2025 жылы тазалық жұмыстарын жетілдіру үшін 1,3 млрд теңгеге 25 арнайы техника сатып алынатын болады, ал тазалық қызметкерлерінің саны 600 адамға дейін көбейтіледі. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қала тұрғындары 20 мың тонна қоқыс шығарып, 150 мың түп ағаш отырғызды. Бұл шаралар Түркістан қаласын дамытудың жаңа кезеңіне бастап, қаланың инфрақұрылымын, экологиясын және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға үлкен үлес қосады.
Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері тек бүгінгі күннің жетістіктерін ғана емес, сондай-ақ қаланың болашақтағы өсуіне деген айқын сенімді білдіреді. Инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өндірістік инфрақұрылымдарды дамыту сияқты шаралар Түркістанды тек түркі әлемінің рухани астанасы ғана емес, экономикалық орталығы да ететін деңгейге жеткізуде. Алдағы уақытта осы жетістіктердің жалғасы мен жаңа мүмкіндіктердің іске асуы қаланың дамуын жаңа белестерге көтеретіні сөзсіз.
Дайындаған: Ғ.ДҮЙСЕНАЛЫҚЫЗЫ.