- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Естеріңізге сала кетейік, газетіміздің өткен санында «Азық-түлік тауарларын тұрақтандыру жұмыстары бақылауда» атты ақпарат шыққан болатын. Сол ақпаратта азық-түлік өнімдерін арзан бағаға сатып алуға болатын әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда орындарының тізімін ұсынғанбыз. Уәде еткендей, азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылап, редакциялық зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Өткен санда көрсетілген нысандарды аралап, бағалардың тұрақты екеніне көз жеткіздік. Сонымен қатар, енді қала тұрғындары «Алтын бұлақ» базарынан әр аптаның дүйсенбі күні картопты 100 теңгеге сатып ала алады. Ал «Қуаныш» базарында сиыр етін 2000 теңгеге және картопты 100 теңгеге сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері алуға болатынын хабарлаймыз.
Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеров көкөніс сақтау қоймаларын аралап, жауапты басшыларға азық-түлік тауар бағаларының шекті межеден аспауын жіті бақылауды, өңір тұрғындарын арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды жүктеген болатын. Қазіргі таңда көкөніс сақтау қоймасында 460 тонна картоп, 150 тонна сәбіз, 100 тонна пияз, 25 тонна қырыққабат, 200 тонна бакалеялық өнімдер, 62 мың дана жұмыртқа сақтаулы тұр.
Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарын «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қоры үйлестіреді. Тұрақтандыру қорының мәліметінше, жалпы қорда 3500 тонна картоп, 2500 тонна сәбіз, 1700 тонна қырыққабат және 2200 тонна пияз бар. Ішкі нарықта картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында базарлар, ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкен сөрелері және жәрмеңкелерде 100 теңгеден ұсынылуда. Жалпы картоп қоры 3 айға қажетті деңгейде қамтамасыз етілетінін айтады жауапты сала өкілдері. Ал, ҚР Сауда және интеграция министрлігіне Пәкістан Республикасынан тасымалдауға ерте пісетін картоп өніміне ақпан айынан бастап әр айға 500 тоннадан өтінім берілген.
Сондай-ақ, қала аумағында апта сайын өткізіліп жатқан азық-түлік тауарлары жәрмеңкесінде тұрғындар картоп пен сәбізді 100 теңгеден сатып алса, пияз – 77 теңге, қырыққабат – 55 теңгеден, І сұрыпты бидай ұны – 190 теңге, қарақұмық жармасы – 220 теңге, сүт – 260 теңге, күнбағыс майы – 520 теңгеден саудалануда. Ал нан бөлкесі – 70 теңге, ас тұзы – 45 теңге, жұмыртқа данасы – 40 теңгеден сатылуда. Жәрмеңкеге барған тұрғындар күнделікті тұрмысқа қажет өнімдерді тиімді бағада алғандары үшін ризашылығын білдіруде. Көшпелі жәрмеңкеде көкөністерден бөлек бакалеялық өнімдер де халыққа тиімді бағада қойылды. Аталған корпорацияның өкілі Лаура Жанасбаеваның айтуынша, қазіргі таңда ішкі нарықта картоп бағасының қымбаттауы өзекті мәселе болып тұр. Дегенмен Түркістан өңірінің азық-түлік тұрақтандыру қорында көкөністер де, бакалеялық өнімдер де жеткілікті. Бағасы шарықтап тұрған картоп 3 есе арзан бағада халыққа ұсынылуда. Сөрелерді бос қалдырмау мақсатында қордағы өнімдер базар мен ірі сауда орындары, әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарға тұрақты түрде жеткізіліп, арнайы бекітілген бағада сатылуда. Қалада мұндай әлеуметтік қолдау шаралары тоқтамайды дейді сала өкілі.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында, 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Осыған орай, Түркістан облысының барлық кеден бекеттеріндегі карантин инспекторларына және аудандық инспекция қызметкерлеріне картоп экспортына енгізілген шектеулер ескертіліп, бақылау күшейтілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірде штаб құрылып, шекара аймақтары бақылауға алынды. Сонымен қатар картоп экспортына енгізілген шектеулер жөнінде Мемлекеттік кірістер департаментінің шекара қызметіне және «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның жергілікті бөлімшелеріне хабарланды.
Айта кетейік, биылғы жылы болжам бойынша өңірімізде ерте пісетін картоп (мамыр, маусым, шілде) 6 844,4 га орналастырылып, одан 186,3 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде мамыр айынан бастап өңір тұрғындары мен басқа облыс халқын ерте пісетін картоппен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ерте пісетін картоптың өсірілуі ауыл шаруашылығының маңызды саласы ретінде аймақтағы азық-түлік тауарларын қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Жоспарланған өнімділік нарықта сұранысқа ие картопты уақытында ұсынуға мүмкіндік беріп, баға тұрақтылығын сақтауға да ықпал етеді. Осылайша, өңірдің ауыл шаруашылығы секторындағы кірістердің өсуі мен тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.
Азамат ӘЛІБЕК.