Жақында ғана «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры болып Қазанқапов Абзал Даулетәліұлы тағайындалған болатын. Еңбек нарығының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Абзал Даулетәліұлы өзінің кәсіби жолында түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, мол тәжірибе жинақтаған екен. 1990 жылы 2 тамызда Түркістан облысында дүниеге келген ол Қазақ ұлттық аграрлық университетінің магистрі және құқық саласының маманы ретінде білімін шыңдап, еңбек жолын 2012 жылы Шымкент өңірлік мемлекеттік мұрағатында бастаған. Содан бері еліміздің көлік және инфрақұрылымдық даму, халықты жұмыспен қамту салаларында қызмет етіп, Түркістан облысының еңбек нарығының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Сайрам аудандық мәслихатының VIII шақырылымдағы депутаты, Абзал Даулетәліұлы бүгінгі таңда жаңа лауазымда жұмыссыздықты азайту, еңбек нарығын жетілдіру және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында маңызды міндеттерді жүзеге асыруда. Бүгінгі сұхбатымызда ол атқарылып жатқан жұмысы мен алдағы жоспары туралы толығырақ бөлісетін болады.
– Абзал Даулетәліұлы, еңбек нарығын дамыту бойынша қандай маңызды шаралар қолға алынуда?
– 2024 жылы Қазақстанның еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында 1 793 грант беру жоспарланды. Екі кезеңде жүзеге асқан бұл жобаға 5 388 өтініш түсіп, нәтижесінде 1 779 азаматтың жобалары мақұлданды. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда өтініштер санының едәуір артқанын көрсетеді. Грант иегерлері қаржыларын өндіріс, техникалық қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, қолөнер бұйымдары және тамақ өндірісі бағыттарында іске асырып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Бір ескеретін мәселе, грант үйлестіру барысындағы комиссия отырыстары әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілім арқылы, ашық форматта өтті. Осы бағытта грант қаражатымен 40 атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 1243 көп балалы отбасы, 283 мүгедектігі бар азамат, 161 мүгедектігі бар бала тәрбиелеушілері және 52 асыраушысынан айрылғандар санатындағы азаматтар қамтылды. Бұл менің ойымша, әлеуметтік ортадаға үлкен серпін беретін жаңа бастамалар деп ойлаймын.
– Ал Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы қалай жүзеге асуда?
– Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асуы туралы айтсам, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №961 қаулысымен бекітілген көші-қон саясатының 2023-2027 жылдар-ға арналған тұжырымдамасы аясында 2024 жылы республика бойынша 7050 квота бөлінді. Мемлекеттік қолдау Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарына бағытталған. Түркістан облысында бұл бағдарлама аясында дәстүрлі «Қоныс аудару» жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Биылғы іс-шараларға солтүстік өңірлерден 7 облыстың өкілдері қатысып, 3 600 мекемеден 11 657 бос жұмыс орны ұсынылды. 2015 жылдан бері солтүстік өңірлерге қоныс аударғандардың саны 3 851 отбасыны, яғни 14 834 адамды құрап отыр. Биылғы жылдың тоғыз айының ішінде Түркістан облысынан 288 отбасы, немесе 1116 адам солтүстікке көшті. Бұл көрсеткіш республика бойынша қоныс аударғандардың 32%-ын құрайды, яғни Түркістан облысы көшбасшы өңірлердің бірі саналады. Бұл бағдарламаның мақсаты – солтүстік аймақтардағы демографиялық және экономикалық теңгерімді қамтамасыз ету, жұмыс күшінің тапшылығын жою және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Біздің өңірде бұл бағыттағы жұмыс-тар әлі де қарқынды жалғасуда.
– Жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында атқарылған шараларға тоқталып өтсеңіз. Мысалы кәсіптік оқыту бағдарламасына қатысқан азаматтар қандай мамандықтарды игерді?
– Кәсіптік оқыту бойынша биыл 1 595 адамды жолдау жоспарланған болатын. Алайда Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жүргізген талдау жұмыстары барысында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыс бойынша жүргізген тексерістері нәтижесінде кәсіптік оқыту бағдарламасының кейбір ұйымдастыру және қаржыландыру шарттарына сәйкессіздіктер анықталды. Осыған байланысты, аудан және қала деңгейіндегі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі комиссия ережелеріне өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер тарапынан мансап орталықтарына кәсіптік оқыту бойынша өтінімдер түспеген. Алайда, Skils.enbek.kz платформасы арқылы онлайн оқытуға 3 700 адамды тарту жоспарланса да, нақты 3 846 адам қажетті мамандықтар бойынша оқуды аяқтап, сертификаттарын алды. Бұл көрсеткіш жоспардың 104%-ын құрады. Жыл бойы облыс көлемінде 100-ден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл шаралар нәтижесінде 6 000-ға жуық адам қатысып, 2 300 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты.
– Түркістанда кәсіпкерлікті дамыту бойынша қандай нақты шаралар жүзеге асырылды? Жоспарланған жұмыс орындары мен гранттар туралы айтып берсеңіз?
– Түркістан облысында 2024 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының» аясында маңызды қадамдар атқарылды. Жұмыс орындарын құруға бағытталған бірқатар бастамалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, облыс бойынша жалпы 118889 жұмыс орны ашу жоспарланды, оның ішінде жаңа жұмыс орындары – 3671, бос жұмыс орындары – 43250, және мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын ашу» тапсырмасы негізінде 22595 жұмыс орнын ашу көзделді. Бұл шаралар жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және өңірдің экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 101185 жұмыс орны ашылды, соның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 34 621 азамат жолданды. Мемлекеттік гранттар арқылы 1779 азаматқа қайтарымсыз қаржы берілді, ал «Ауыл – ел аманаты» жобасы бойынша шағын несиелер беру күтілуде. Инфрақұрылымдық жобалар аясында 360 жоба басталып, 3078 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен 118 жоба арқылы 3 188 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 2987 тұрақты жұмыс орындары. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтар мен бас бостандығынан айырылған азаматтар үшін де жұмыс орындары ұсынылды, бұл бағытта да қолданыстағы квоталар бойынша жұмыс орындары ашылуда. Жалпы, бұл шаралар Түркістан облысында жұмыссыздықтың төмендеуіне және халықты жұмыспен қамтуға үлкен үлес қосып, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашты.
– Алға қойып отырған мақсаттарыңыз қандай? Алдағы уақытта қандай жаңашылдықтар күтеміз?
– Қазіргі таңда ең басты міндетіміз – жұмыссыздық деңгейін төмендету. Сонымен қатар, аз қамтылған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қолдау шараларын күшейту жоспарымызда бар. Инвестициялық жобалар арқылы тұрақты жұмыс орындарын арттыру және облысымыздың еңбек нарығын дамытуға бағытталған барлық кешенді шараларды нәтижелі іске асыру – біздің басты ұстанымымыз. Біріншіден, жұмыспен қамту мәселелері айтарлықтай назарға алынған. Облыс бойынша 128,5 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдауды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар халықтың экономикалық белсенділігін арттырып, жұмыссыздық деңгейін 4,9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жұмыспен қамтудың негізгі бағыты – инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу. Бұл, өз кезегінде, облыстың жұмыссыздық проблемасын шешуге зор ықпал етеді. Екінші маңызды міндет – аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғау. Бұл шаралар облыс бойынша кедейлік деңгейін 5,5%-ға дейін төмендетуді көздейді. Әлеуметтік қолдау көрсету, аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек көрсету арқылы кедейлік деңгейін төмендету жұмыстары жанданады. Үшіншіден, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылға дейін мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған жеке бағдарламаның орындалуын 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға интеграциялануын, олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етеді.
Жалпы, 2024 жылға белгіленген міндеттер облыстың әлеуметтік және экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Осы шаралардың жүзеге асуы қоғамның әрбір мүшесіне оң әсерін тигізіп, халықтың әл-ауқатын артты-руға көмектеседі деген сенімдеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз.
Дәурен ТІЛЕУХАН.