Әлеуметтік желіде Заречное кен орнындағы зиянды қалдықтың далаға төгіліп жатқаны туралы видео тараған болатын. Онда дәл сол кен орнында жұмыс істейтін қызметкер арнайы түсіріп, заңсыздықтар орын алып жатқанын айтқан. Желіде тараған видеода Көксарайға жақын орналасқан уран өндіретін компанияның зиянды ерітіндісі арнайы орынға емес, жерге төгілетіні көрсетілген. Әрине бұл ақпараттан соң әлеуметтік желі қолданушылары мен Көксарай халқынан маза кетті. Одан кейін, Көксарай ауылындағы 118 тұрғыннан «лишманиоз» ауруының белгілері анықталған. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары бұл аурудың себебін кәсіпорын жұмысымен байланыстыруда. Осы мәселенің анық-қанығына жету мақсатында Заречное кен орнына барып, кәсіпорын басшыларымен тілдесіп қайттық. Сонымен өндіріс орнының жауапты басшылары не дейді? Радиоактивтік қалдықтарды игеру барысында қандай қателіктер орын алды? Бүгін осы сұрақ төңірегінде толық тарқататын боламыз.
ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ ЖАУАПТЫ БАСШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстанның уран өндірісінің алдыңғы қатарлы нысандарының бірі — Отырар ауданындағы Заречное кен орны. Бұл кәсіпорын «ҚазАтомөнеркәсіп» АҚ компаниясының еншісінде және Қазақстанның атом энергетикасы саласына үлкен үлес қосып келеді. Дегенмен, соңғы кездері әлеуметтік желілерде кен орнындағы радиоактивтік қалдықтарды игеру мәселесі көпшіліктің назарын аударды. Осыған байланысты, Заречное кен орнының басшылары кәсіпорынның өндірістік процесі мен экологиялық қауіпсіздік шаралары жөнінде толық ақпарат берді. Кәсіпорын қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында радиоактивтік қалдықтарды өңдеу әдістерін және оларды қауіпсіз сақтау шараларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Олар қоршаған ортаға зиян тигізбеу мақсатында барлық жұмысты қатаң бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Әлеуметтік желілерде тараған кейбір мәліметтерге қатысты «ҚазАтомөнеркәсіп» АҚ басшылығы ақталуға тырыспады. Керісінше, олар журналистерге радиоактивтік қалдықтардың қалай сақталатынын және жұмыс процесінің қатаң қауіпсіздік талаптарына сай жүзеге асырылатынын көрсету арқылы жауап берді. Сондай-ақ, желіде тараған видеоға қатысты кәсіпорын басшылығы «экологияға зардап келтіруде» деген сөзбен келіспейтіндіктерін жеткізді.
«Біз экологияға зардап келтіріп жатқан жоқпыз. Компания әрдайым өндіріс талаптарына сай жұмыс істеп келеді. Зардап келтірген жағдайда да қышқыл түскен аймақты залалсыздандыру міндетіміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, компания барлық сауалдарға ашық. Біздің жасыратынымыз жоқ, себебі барлығы заң талаптарына сай іске асуда» – дейді, Қанат Нұржанов Заречное кен орнының директоры. Ал әлеуметтік желіде зиянды қалдықтың далаға төгілгені туралы видеоға қатысты мекеме директоры өз жауабын берді.
«Видеода жұмыс процессі толық көрсетілмеген. Байқсаңыз әр процесстің тек басын ғана түсіріп, кесіп алынған. Видеода жұмысшы қалдықтарды тастап, көміп кетеміз деп көрсеткен. Ол жұмысшы сол іспен айналысатын маман. Негізі видеода көрсетілгендей жұрт шошитын қауіп жоқ. Қышқылды төгіп, көміп кетеміз деген жалған ақпарат» – дейді, мекеме директоры.
Ал әлеуметтік желіге резонансты ақпарат таратқан жұмысшы Заречное кен орнында 10 жылдан бері жұмыс істейді екен. Тіпті оның әкесі де осы өндіріс орнынан зейнетке шыққан. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, жұмысшының мұндай әрекетке баруын кикілжің салдарынан дейді. Кек алмақ ниетте, жалған ақпарат таратты деген қорытындыға келіп отыр. Ал Заречное кен орнындағы өндірістік процесс барысында радиациялық қауіпсіздікке үлкен мән беріледі дейді басшылық құрам. Кәсіпорын үнемі радиациялық мониторинг жүргізіп, ауа, су және топырақ құрамын тексеріп отырады. Олардың айтуынша, қалдықтарды қауіпсіз сақтау мен қайта өңдеу шаралары әрдайым бақылауда, және радиоактивті қалдықтардың қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында барлық қажетті талаптар сақталады. Басшылар уран өндірісі саласындағы экологиялық қауіпсіздікке және қоршаған ортаны қорғауға зор жауапкершілікпен қарайтынын мәлімдеді. Олар бұл бағытта қосымша технологиялар енгізу мен жаңа әдістерді қолдану үшін зерттеулер жүргізіп жатқанын айтты. Десек те, Заречное кен орнында радиоактивтік қалдықтарды игеру мәселесі қоғамның назарында тұрған өзекті тақырыптардың бірі. Қалдықтарды игеру барысында кездесетін техникалық қиындықтарға қарамастан, Заречное кен орны басшылығы экологиялық қауіпсіздік шараларын күшейтуге және жаңа технологияларды енгізуге мүдделі екенін көрсетті. Себебі баспасөз жиынында сөз алған мекеме директоры экологиялық сынаманы күтуде екендерін айтып, қажет болған жағдайда олқылықтарды орнына келтіретіндіктерін жеткізді. Ал әлеуметтік желіде видео таратқан жұмысшыға қатысты мекеме тарапынан ешқандай қысым немесе сотқа шағымдану болмайтынын мәлімдеді.
ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ НЕ ДЕЙДІ?
Отырар ауданындағы Заречное уран кен орнындағы мәселе салдарынан экологиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп, Түркістан облысы Экология департаменті бұған қатысты зерттеу бастаған. Нәтижесін білмек ниетте, Түркістан облысы Экология департаментімен байланысқа шықтық. Экология департаментінің бөлім басшысы Мәди Қожатайұлы тексеру барысында күкірт қышқылының төгілу фактісі анықталғанын жеткізді.
«Алынған сынамалардың алғашқы нәтижелері өндіріс аймағында күкірт қышқылының төгілгенін көрсетті. Сынама нәтижесі Отырар аудандық құзырлы органдарға жолданды. Алдағы уақытта қылмыстық немесе әкімшілік іс қозғалауы мүмкін. Біз өз сынамамызды растап, жіберіп қойдық” – деп жауап берді, Экология департаменті.
Күкірт қышқылы уран өндіру саласында пайдаланылатын негізгі реагенттердің бірі болғанымен, оның дұрыс сақталмауы немесе төгілуі қоршаған ортаға елеулі қауіп төндіреді. Бұл химиялық заттың топырақ пен суға сіңуі экожүйенің құнарлылығын төмендетіп, өсімдік пен жануарлар әлеміне зиян келтіруі мүмкін. Экология департаментінің тексеруі барысында анықталған бұл жағдай қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр. Заречное кен орнында күкірт қышқылының төгілуі тұрғындар мен табиғатқа қауіп төндіруі мүмкін екендігін ескерсек, экология департаментінің зерттеулерінің нәтижесі өндіріс саласына қатысты қатаң шаралар қолдануға негіз болуы ықтимал. Кен орнындағы экологиялық жағдайдың анық-қанығына жету және болашақта мұндай қателіктерге жол бермеу үшін жауапты органдардың қатаң шаралар қабылдауы маңызды болмақ. Кәсіпорын басшылығы экологиялық талаптарды сақтау үшін қатаң шараларды қолданып жатқанын мәлімдегенімен, тұрғындардың және табиғаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өндіріс процесіне қатысты қосымша бақылау орнату қажет екені байқалады. Сонымен қатар, Көксарай тұрғындары «лишманиоз» ауруын дәл осы кәсіпорын жұмысымен байланыстырып отырғанын жоғарыда айттық. Алайда дәрігерлердің пікірінше, «лишманиоз» ауруының таралуына табиғи факторлар ықпал еткен болуы мүмкін. Яғни бұл жараның уран өндірісіне қатысы жотығын айтады. Себебі, «лишманиоз» тышқан, саршұнақ сияқты кеміргештерден жұғады екен. Дей тұрғанмен, Заречное кен орнына қатысты дау үлкен зерттеу жұмыстарына жол ашқан мәселеге айналғаны анық.
Ғалия БИСЕЙІТ.