ӨНДІРІСКЕ ТЫҢ СЕРПІН БЕРГЕН ЖОБАЛАР

643 көрілім

Түркістан қаласының индустриалды аймағының бірінші кезеңінде 40 га жер берілген болатын. Кейін 2019 жылы Turkistan индустриалды аймағының жалпы алаңы 310 га кеңейтілді. Индустриалды аймағында жалпы құны 17,0 млрд теңге болатын 1 496 жұмыс орнымен 32 жоба орналасқан. Оның ішінде 8,3 млрд теңгенің 1 141 жұмыс орнымен 22 жоба жүзеге асырылды. Жобалардың сәтті жүзеге асып, қарқын алып дамып кеткендері де бар, түрлі себептермен тоқтап тұрғандары да бар.

– Иә, қазіргі таңда индустриалды аймақта нақты 22 жоба жұмыс істеп тұр. Менің мұнда басшылыққа келгеніме жарты жылдан асты. Ал, енді жобалар түрлі себептен жабылады. Бизнес болған соң түрлі жағдай болады. Ол кәсіпорынның қаржысына байланысты болуы мүмкін. Оның үстіне нарық деген өте құбылмалы дүние: нарық қатысушылар, тендерлердің жайы, баға, сұраныс, шикізат, энергия көздері мен шығындары т.б. Сонымен қатар, кейбір кәсіпорындар тек маусымдық жұмыстармен айналысады. Белгілі бір маусымдық жобаларды жүзеге асырады да бір уақыт тоқтап тұрады. Жалпы өндірістің жүруі не тоқтап-тоқырауы кәсіпкердің іскерлігіне, қарым-қабілетіне тағы да басқа көп факторларға байланысты дүние. Біздің міндетіміз кәсіпкерлерге қолайлы орын, инфрақұрылым мәселесін шешіп, кәсібін дамытуға жағдай жасау. Бұл жағынан бізде орналасқан кәсіпкерлерден әзірге шағым болған емес. Маусым айының 22-не Үкімет басшысының индустриалды аймақтардағы кәсіпорындар үшін электр энергиясы тарифын төмендету туралы хаты келді. Осы хатпен тиісті мекемелерге шығып мәселені шешіп бердік. Тамыздан бастап бізде орналасқан кәсіпорындар үшін электр энергиясының құны 42 теңгеден 25 теңгеге түсті. Электр қуатына айына миллиондап қаржы төлейтін мекемелер үшін бұл үлкен жеңілдік болды. Мысалы, «Жанасыл» компаниясы айтты 30 млн-ға дейін төлейтінбіз, қазір көп жеңілдік болды деп отыр-дейді Түркістан облысы Индустриалды аймағы Басқарушы компаниясының басшысы Бекжан Нұрманов бізбен әңгімесінде.

Басшының айтуынша, «Grand miks» ЖШС-не ерекше тоқталуға тұрарлық сәтті жоба. Жиһаз өндірісмен айналысатын компанияның жұмыстары жүйелі. Бүгінде 300 адамға тұрақты жұмыс беріп отырған компания жиһаздарын ел аумағынан тыс Ресейге, Беларуське экспорттайды. Алда көрші Өзбекстанға экспорттауға ниетті. Фабриканың менеджерлері жүйелі жұмыс жасауда. Фабрикадан шығарылатын өнімнің сапасы басты назарда. Сапаның жоғары болуы – бизнесті дамытудың ұзақ жылдарға арналған стратегиялық жетілуінің кепілі болып саналады. Қазіргі таңда кәсіпорын сапалы өнімді шығарып қана қоймайды, тұтынушының қалаған жеріне жеткізіп береді. Құрастырып та береді. Жиһазшылар халыққа қызмет көрсетуде барынша ізетті және жылдам жасайды. Фабриканың тағы бір артықшылығы тұтынушыларға қызмет көрсету кезінде оның талаптарын мұқият тыңдап, өнімді бағалауда да жеңілдіктер қарастырады. Көтерме бағамен көптеп сатып алушыларға мүлдем ерекше жеңілдіктер жасайды. Соның арқасында қазіргі таңда сапалы өнім шығарушы ғана емес, сенімді жеткізуші ретінде де елге танымал.

Сонымен қатар қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны «Қазақстан 2030 – Қытай» ЖШС қарасты Шұлық цехінің жұмысы жақсы жүріп жатыр екен. Жалпы құны 1,0 млрд. теңгені құрап, қуаттылығы күніне 32 000 жұп шұлық шығаруға жетеді. Алдағы уақытта, цехтың толық потенциалы қосылғаннан кейін, жалпы құны 0,8 млрд теңгені құрайтын, қуаты күніне 500 костюм шығаратын жобаны қолға алмақ. Нарықтан екі есе арзан костюмдер шығарып, арзан бағамен сатуды және мектеп оқушыларының сөмкесі мен спорт костюмдерін шығаруды жоспарлауда. Әзірге цехта 30 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, облыс басшылығы индустриалды аймақ жұмыстарын бірінші кезекке қойып, жіті бақылауда ұстап отыр. Жуықта тағы да 4 ауданда индустриалды аймақтар құрылды. Солардың бірі іргедегі Сауран индустриалды аймағынан өндірістік парк ашылды. Өндірістік паркке қаралған 30 га жерге биыл тағы да 70 гектар қосып ұлғайтылды. Осы 100 гектар жердің аумағында әрқайсысы 1584 шаршы метрлік 112 бронфильд орналасатын болады. Бронфильд деген инфрақұрылымы тартылған (жол, жарық, су, газбен жабдықталған) офисі бар, дайын орын. Индустриалды аймақ әкімшілігі сол бизнеске, өндіріске қолайлы дайын орынды инвесторларға ұсынады. Қазірге 11 бронфильді жұмыс жасап тұр. Өндіріс паркінде жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару қуаттылығы бар «BNK Group LTD» зауыты орналасқан. Жалпы, инвестиция құны 11,1 млрд. теңгені құрайтын бұл зауыт бүгінгі таңда 100 адамға жұмыс беріп отыр. Сондай-ақ, мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» ЖШС (инвестиция құны 3,1 млрд. тг, 100 жұмыс орны) кәсіпорыны, Украиналық өнеркәсіптік тоңазытқыштар өндіретін «UBC Group» компаниясы («Жасыл сұйық») (инвестиция құны 10 млрд.тг, 350 жаңа жұмыс орнымен) осы парк аумағында өз жұмыстарын жүргізуде. Мұнда орналасқан «Тұран мебель» ЖШС мектеп және кеңсе жиһаздарын шығарады. Цехтің қуаттылығы күніне 600 комплект жиһаз шығаруға жетеді. Бұл өндірістік мекемесі де биыл ірі тендерлер алып қарқынды жұмыс істеген. Әсіресе, тамыз-қыркүйек айларында жаңа білім ошақтарының тапсырыстарын орындау үшін жұмысшылары 2 ауысымда жұмыс істеп, табысты еңбек еткен. «Golden Camel» түйе сүтін өңдеп, (жылына 2500 тонна өнім өндіруге қауқарлы) құрғақ сүт шығаратын зауытта жүйелі жұмыс бар. Пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан қытайлық кәсіпорын биылдан бастап қарқынды жұмыс істеп жатыр екен. Мұнда да жергілікті 30 шақты адам жұмыс істеп отыр. Олар түйе сүтін құрғатып, құрғақ сүт, таблетка түрінде әзірлеп әлемдік нарыққа шығаруда. Әрине бұл шетелдік компания.

– Кәсіпорындарда неге жұмысшы саны аз? Бұрын (кеңес кезі) бір кәсіпорын ашылса сол жер кішігірім қалашыққа айналатын. Бір зауытта 10-20 мыңға дейін адам жұмыс істеуші еді, дегенбіз Бекжан мырзаға мәселенің мәнін білмекке талпынып. «Мақсатымыз – жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа жұмыс беру, экономиканы дамытуға үлес қосу, әрине. Ал, жұмысшы санына келсек, ол кезде қазіргідей нарық заманы емес, жоспарлы экономика. Қазіргі кезде кәсіпкер аз шығын жұмсап, көп пайда тапқысы келеді. Көп адамға айлық төлеуге мүдделі емес, әрине, егер де ол пайда бермесе. Сонымен қатар, қазір технология дамыған кезде бұрынғы 10 адамның не 100 адамның жұмысын 1 адам атқаруы мүмкін»,- деп уәж айтқандай болды. Бекжан Нұрмановтың баяндауынша өңірде жақсы, жағымды дүниелер қазірде де бар. Мысалы, Саурандағы Өндірістік паркте орналасқан украиндық UBS BG(«Жасыл сұйық») компаниясы аумағы 1584 ш\м 6 бронфильдті алып қосып жіберген. Үлкен бір зауыт аумағы құрылып жатыр екен. «Кіріп көрсеңіз кәдімгідей көңіліңіз көтеріледі. Нарықты әбден зертеп келген, жұмыстарын енді бастап жатқан украиндық кәсіпкерлер алдағы уақытта бұдан да дамытамыз деп отыр. «BNK Group LTD» мекемесінің де болашағы зор. Мекеме басшысы Ниязалы мырзаның айтуынша әзірге елде оның баламасы жоқ. «BNK» компаниясы америкалық «Nelson irrigation» компаниясымен бірігіп «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронталды қозғалатын жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты. Бұл өңір өндірісі саласындағы ірі жаңалықтың бірі болды.

Өндіріске, ауыл шаруашылығы үшін және аулалар мен ғимараттарды қоршауға арналған қоршауға арналған торларды өндіріп нарыққа шығарып жатқан «Kaztor LTD» мекемесінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Өндірістік мекеме үлкен көлемде тапсырыстар алып жүйелі жұмыс жасап жатыр. «Kaztor LTD» мекемесі 2015 жылдан бастап, өндіріске, ауыл шаруашылығы, аулалар мен ғимараттарды қоршауға арналған торларды өндіріп, нарыққа шығаруда. Тор шығарумен көп жылдан айналысып жүрген компания 2019 жылы Индустриалды аймаққа келіп орналасты. Түрлі тор өнімдерін шығарып келген мекеме соңғы кезде негізінен тордың 2 түрін шығаруда. Бірі – 3D тор деп аталады, ол – мекемелерді, көпқабатты үйлердің аулаларында спорт алаңшаларын, түрлі ғимараттарды, жалпы қалалық нысандарға қоршауға арналған торлар. Екіншісі – егінжай, бау-бақша, қора-қопсы, фермерлік, жалпы ауылшаруашылығына пайдаланылатын, жол бойларын қоршауға арналған торлар. Өнімдері сұранысқа ие: торларды елдің түкпір-түкпіріне жөнелтуде.

«Алем Бетон-1» компаниясын да айтуға болады: асфальт-бетон өнімдерін шығаратын бұл кәсіпорын биыл өндірістің 2-ші кезеңіне өтті. Олар тағы да 2,7 гектар жерге ұлғаюда. Қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Жол құрылысы мекемелер үшін сапалы өнімдер шығарып, сенімді серіктеске айналу басты миссиясына айналған компанияның Түркістанның, өңірдің сапалы жолдармен қамтылуына үлес қосып жатыр деп айтуға болады.

Turkistan индустриалды аймағының құрамына тек ірі компаниялар ғана кірмейді, газаблок, кірпіш т.б. құрылыс материалдарын шығаратын бірқатар шағын мекемелер де бар. Бекжан Тәңірбергенұлы жаңа кәсіпорындарды мейлінше қолдауға тырысатынын айтты. Жаңа өндіріс орнын ашып, кәсіп бастаймыз деп келіп жатса, қуана қарсы алатындықтарын айта келіп дайын инфрақұрылыммен жер ұсынамыз, қаржылық қолдау көрсетуге әзірміз, дейді. «Тек бизнесті қолдауға қаржы бөлетін, БРК (Қазақстанды дамыту банк) ФРП( Фонд развитея предпринимателей) секілді қорларға шығып, біз кепілдік берсек олардан жеңілдетілген несие, қолдау қаражат алуға болады.

Біз бұған дейін «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының құрамында едік, қазіргі кезде облыстық Кәсіпкерлік басқармасы құрамына өтіп жатырмыз. Осы процестер, құжаттама жағы біршама уақыт алып жатыр. Жалпы мәселені түпкілікті шешіп, бюджетімізді бекітіп алсақ, ойда біраз жоспар бар. Алдағы уақытта индустриалды аймақтарды дамытуға барынша күш саламыз деп ойлаймын» деп түйіндеді ол бізбен әңгімесін.

Әтіргүл ТӘШІМ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы