«ЕНДІ БАЛАЛАР АЛЫС ЖАҚТАН ДӘРІГЕР ІЗДЕП ЖҮРМЕЙДІ»

511 көрілім

Медицина саласы бірнеше бағытқа бөлінетіні белгілі. Соның ішінде балалар дәрігерінің, яғни, педиатрдың мақсаты бала денсаулығын сақтау. Сау ұлт қалыптастыру. «Ұлт болашағы – дені сау ұрпақ» десек, бала денсаулығын жақсартуда аянбай тер төгіп жүрген Түркістан қалалық балалар ауруханасы қызметкерлерінің еңбегі ерен. Осы орайда, аурухана басшысы, білікті кардиохирург Байсалов Алмат Мейірбекұлымен өрбіген сұхбатымызды назарға ұсынамыз.

– Алмат Мейірбекұлы, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз.

– Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін бітірдім. 2006 жылдан бастап еңбек жолын бастадым. 2007 жылы Шымкент қаласы №1 клиникалық ауруханада еңбек ете жүріп, сол жылы Израиль мемлекетіне кардиохирургия мамандығы бойынша білім алдым. Израильде 1,5 жыл озық дәрігер мамандардың дәрісін тыңдап, Польшаға тәжірибе жинақтауға бардым. Облыстық кардиология орталығында жұмыс бастағаннан кейін, 2009 жылы ашылған ересектер кардиохирургиясында жұмысымды жалғастырдым.

Содан соң бүгінгі таңдағы өзекті мәселе – балалардың туа пайда болған ақауларын зерттеу, мәселені шешу жолдарына ойысып, аталмыш орталықта 2011-2014 жылдары жұмыс істеп, жылына 250-ге дейін операция жасауға атсалыстық. 2014 жылы Облыстық балалар ауруханасы Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқардым. 2019-2020 жылдары коронавирустық өршіген тұсында «Денсаулық сақтау менеджменті» бойынша оқуымды сәтті аяқтап, басшы орынбасарлығына тағайындалдым. Сол бөлімде осы жылға дейін қызмет атқарып, биыл Түркістан қалалық балалар ауруханасының басшысы болып жұмысқа кірістім.

– Түркістан қалалық балалар ауруханасының тыныс-тіршілігін баяндап берсеңіз. Қанша бөлім жұмыс істейді? Қандай жетістіктеріңіз бар?

– Қазіргі таңда Түркістан қаласы балалар ауруханасын ІІІ деңгейге, медициналық қызмет сапасын жаңа сатыға, яғни, халықаралық талаптарға сай жоғары деңгейге көтеру мақсатында жоспарға сай жұмыстарымызды бастадық. Алдағы уақытта медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға, инновациялық технологияларды тәжірибеде пайдалануға, бірқатар жоғары медициналық қызметтерді енгізуге қатысты көптеген жоспарларды жүзеге асырсақ дейміз. Қазіргі таңда балалар ауруханасындағы 261 төсек-орнын 307 төсек-орнына көтердік. Сондай-ақ, ауруханада тек 30 хирургиялық төсек-орын қаралған, демек, қалған науқас балаларға орын жетіспейді. Енді алдағы мәселе, хирургиялық көмекті жақсарту, жаңа әдістерді енгізу ретінде екі бөлім: нейротравма және лор бет-жақ хирургиясы бөлімшесін ашпақпыз. Мұнда Түркістан қаласын қоса алғанда Отырар, Созақ, Кентау, Сауран аудандарының халқына ІІІ деңгейдегі қызмет көрсетеді деп жоспарлап отырмыз.

Бүгінде күрделі оталар – эхинококк, бауыр эхинокогы, жаңа туған нәрестелердің ішек жолындағы ақаулар сияқты ауруларға оталар сәтті жасалып жүр. Дәрігер-мамандарымыз Астана, Алматы, Шымкент қалаларында біліктіліктерін жетілдіріп тұрады. Мұндай қолдау дәрігерлердің беделін арттырып, ісін алға бастырады деген ойдамыз.

Сондай-ақ, осы жылдың жаз айында үлкен клиника-диагностикалық орталық ашылды. Енді балалар алыс жақтың дәрігерлерін іздеп жүрмейді. Орталықта жоғарыда айтылған 4 аумақтың балаларына енді педиатр ғана емес, белгілі бір саланың мамандары, яғни пульмонолог, аллерголог, эндокринолог, неонотолог, кардиолог, травматолог мамандары өз саласы бойынша қызмет көрсетуін бастады. Диагностиканың нақты нәтижесінің арқасында, диагноз дұрыс қойылып және емдеу курсы дұрыс таңдалатынына толық сенім бар. Сондай-ақ күндізгі емделу бөлімі, сервистік палата қызмет етеді, бұл жайлы айта кетсек, күндізгі емделу бөлімінде бір мезгіл емделуі қажет науқас бала күнімен емделіп, бақылауда болып, кешкісін үйіне қайтуға мүмкіндігі бар. Ал сервистік палатада ақылы түрде емделуге болады. Мысалы, байқайсыздар ма, кейде педиатр дәрігерлердің жетіс-пеушілігінен балаларды басқа сала дәрігерлерінің емдеуіне тура келеді, сондықтан орталық аурухана болған-нан кейін, мұнда керекті құрал-жабдықтары да жетерлік, емделуге толық мүмкіндік болғаннан кейін осындай бөлім түрі қызмет етеді.

– Балалар ауруханасында тағы қандай бөлімдер ашылады?

– Бүгінде травматология және ортопедиялық, нейрохирургиялық оталарды енгізу, оған қажетті құрал-жабдықтарға сұраныс жіберу үстіндеміз, яғни, мұндай оталар барысында жарақаттарды, сондай-ақ, тірек-қимыл аппараты ауруларын: ірі және ұсақ буындар артрозы (коксартроз, гонартроз), асептикалық некроз, жамбас буындарының дисплазиясы, жарақаттар салдарын емдеудің кешенді жұмыстары қолға алынбақ. Оған міндетті түрде өзім тереңдетіп оқыған кардиохирургиялық оталарды енгізу ойда бар. Бұл дегеніміз, халық бұрынғыдай үлкен қалаларға, қала берді Шымкентке сабылмай өзіміздің қаладағы жоғары деңгейлі медициналық көмекке жүгіне алады деген сөз.

Сондай-ақ, қандай бөлімдердің жұмыс істеп жатқанын сұрағаныңызға орай, БЖАБЖ (бала жастағы ауруларды біріктіріп жүргізу) стратегиясы – ауруханамызда дәрігерлерді оқыту орталығы бар. БЖАБЖ стратегиясы – бұл 0 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға, баланың денсаулығын жақсартуға, балалардың өлім-жітімін, ауру-сырқаудың жиілігі мен ауырлығын және мүгедектігін азайтуға, баланың өсуі мен дамуын жақсартуға бағытталған негізгі стратегия.

Оның басым бағыты – бастапқы санитариялық-медициналық көмек. БЖАБЖ ауру баланың мақсатты бағалауға негізделген. Бұл медицина қызметкерінің осы ауру кезінде қайтыс болу қаупін болдырмауға және баланың өліміне алып келетін зиян келтірмеу үшін әрекет етудің нақты реттілігі (тексеру және шешім қабылдау алгоритмі).

– Жаңадан енгізілген емдеу жүйелері жайлы толығырақ тоқталсаңыз.

– Осы ретте өздеріңізге белгілі болар «Қамқорлық» ерте араласу орталығы жайлы айта кетейін. Орталық сал ауруы, аутизм, ортопедиялық ахаулары бар науқастарды оңалту, операциядан кейінгі жағдайды реттеу қызметін көрсетеді және баланың дамуындағы ауытқушылықтарды ерте анықтау және бағалау, баланың ата-анасының қатысуы және оларды қолдау, көрсетілетін қызметтерді үйлестіру, бақылау және де оның жеке қажеттіліктеріне сәйкес қолдауды түзету принциптеріне негізделген.

Бағдарламаның бірегейлігі – ол баланың өмірінің ең маңызды жылдарын – дүниеге келген кезінен бастап үш жасқа дейінгі физикалық, когнитивті, эмоционалды және әлеуметтік даму үшін маңызды кезеңді қамтиды. Дәл осы жылдардағы араласу баланың қалыпты жұмыс істеуін және оның қоғамға қосылуын қамтамасыз ете отырып, ауытқушылықтың салдарын азайтуға немесе толығымен жоюға мүмкіндік береді. Бағдарлама сонымен қатар ата-анамен және қамқоршымен жұмыс істеуге бағытталған. Оларға дамуында ауытқулары бар балаларды тәрбиелеудегі құзыреттерді дамытуға көмектеседі.

Сонымен бірге ауруханада жағдайдың ауырлығына байланысты науқастарға медициналық көмек көрсетудің басымдылығын анықтау процессі триаж жүйесі қарастырылған. Бұл медициналық ұйымның қабылдау бөлімінде қажетті шаралардың (емдік, профилактикалық, эвакуациялау) жеделдігі мен біртектілігіне негізделіп, келіп түскен пациенттерді топтарға бөлу. Медициналық триаж төтенше жағдайларда пациенттердің ең көп санына оңтайлы көлемде уақ-тылы көмек көрсетуге бағытталған.

Балалар клиникалық ауруханасының базасында «Госпи-тальдық фармация» бөлімшесі жұмыс істейді. Бөлімшенің мақсаты – науқастарға препараттарды жеткізу жүйесін цифрландыру, дәрілік заттардың дербестендірілген есебін жүргізу болып табылады.

– Ауруханада бұрын болмаған күрделі отаны қалай өткізгендеріңіз туралы айтсаңыз.

– Кішкентай бүлдіршіндеріміздің түрлі жағдайға, ойламаған жерден қауіп-қатерге тап болуы әрине бәрімізді қынжылтады. Баламен қоса шырылдап ата-ана қалады. Абайсызда құлап қалу, күйіп қалу сынды түрлі апаттардан кейінгі жағдайлардың жиі орын алатыны өкінішті. Сондықтан басты байлығымыз – бала болғандықтан, барынша балаларымызға мұқият болуды, көзден таса қылмауды сұрар едім.

Дегенмен, апат айтып келмейді. Сондай ауыр жағдайлардың бірі 3 жасар балақайдың 11 айлығында қайнаған суға күйіп, оң қолдың алақанының 1 және 5 саусақтың ішкі аймағы және сол алақанның 1 саусақ пен білезік аймағының күйіктен кейінгі тартылған тыртықтарына, оң саусақтары толық жазылмай, екі қолының термиялық күйіктен кейінгі тыртығына шағымданған ата-ана келген болатын жақында. Анасына емханада пластикалық ота тек Шымкент қаласында жасайды деген соң, кейінге қалдырып жүре берген. Екі алақан және шынтақ термиялық күйігі 3 А,Б дәрежелі. Түркістан қалалық балалар ауруханасында пластикалық ота жасалатынын естіген соң келіп қаралып, портал арқылы жатты. Білікті дәрігер-хирург Б.Кожахметовтің араласуымен науқастың күйіктен кейінгі тыртықтары толық алынды. Оң алақан саусақтарына босатылмаған жергілікті тіндермен Z-пластика отасы жасалды. Отадан кейін баланың қол функциясы толық қалпына келтірілді. Осылайша күрделі ота сәтті аяқталып, анасының қуанышында шек жоқ.

– Иә, шүкір дейік, бұл сәтті аяқталған ота еді, ал керісінше соңы қайғымен бітетін жағдайларда дереу дәрігерлерді кінәлап, қол көтеруге дейінгі жағдайлардың кездесетіні де жасырын емес…

– Өкінішке қарай, мұндай жағдайларға жиі ұшыраймыз. Бірақ, ойлап қарасаңыз, баланың түрлі қайғылы жағдайларға тап болуына неге дәрігер кінәлі болу керек? Неге ата-ана кінәлі емес? Дәрігер халыққа аянбай қызмет етемін, қолымнан келгенше жедел жәрдемімді тигіземін деп 10-14 жыл оқығанда неге ол адамдардан жәбір көруі тиіс? Дәрігер кінәлі деген сөзді жиі еститініміз өкінішті. Біздің ауруханада осындай жәйттардың салдарынан арнайы күзет қызметін жалдауға тура келді. Мұны халықтың түсінетін кезі жетті.

Медицина мамандарына дөрекілік танытып, қызметіне кедергі жасамақ болғандар енді жауапқа тартылады. Президент тиісті заңға қол қойды. Құжат ақ халаттылардың мәртебесін көтеруге бағытталған. Дәрігерлер басы артық есеп беру ісінен де босатылады. Дәрігерлердің құқығы бұзылған жайттар көп тіркелгендіктен, енді медицицина мамандары кәсіби қызметінде заңмен қорғалатын болады.

– Расында, дәрігер мен халық арасында өзара түсіністік орнасын, халқымыздың дені сау болсын дейміз. Осыншама қарбалас ісіңізден уақыт бөліп, аурухана жағдайымен егжей-тегжейлі таныстырғаныңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан:

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы