НАРТҰЛҒА – НҰРТАС

100 көрілім

Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде қазақтың біртуар азаматы, ұлтымыздың аса көрнекті қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Қазақстан және Нұртас Оңдасынов құбылысы: Мәдени талдау аспектісі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы конференция өтті.

Конференцияны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан облысы әкімдігі мен «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырды. Ғылыми жиынды университет ректоры Жанар Темірбекова жүргізіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Басты мақсат – Нұртас Оңдасыновтың қазақ ғылымы мен білімі, мәдениетінің қалыптасуы мен дамуындағы орасан зор еңбектерін жас ұрпаққа таныту, ұрпақ санасында жаңғыртып, дәріптеу. «Нұртас Оңдасыновтану» мәселелерін, тұлғалық ерекшеліктерін, азаматтық ұстанымдарын айқындау. Сондай-ақ, ЖОО, мектеп білім беру мен тәрбие үдерісінде тарихи тұлғаларымыздың есімі арқылы елжандылыққа баулудың мүмкіндіктері бойынша диалог құру.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, қайраткердің экономиканы, ғылымды дамыту үшін атқарған өлшеусіз қызметіне тоқталып, ұлтқа еңбегі сіңген ұлы тұлғалардың мұрасын насихаттау игі іс екенін жеткізді.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл ұлтымыздың аса көрнекті қайраткері, ел басына күн туған шақта, аса қиын кезде ел басқарған, қайраткерлік танытқан Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осы айтулы сәтте Нұртас Дәндібайұлының туған жері, Түркі әлемінің төрі – Түркістанда сіздермен жүздесіп тұрғаныма қуаныштымын. Түркістанның ойшылы, Түркі әлеміне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауидің «Халқыңа қызмет ет, Ізгілерге ізет ет, Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет!» деген қанатты сөзі бар. Нұртас Дәндібайұлы осы құрметке барынша сай тұлға. Киелі Түркістан өңірінде ел азаматының есімі ұлықта-лып келеді. Тұлғаның атында музей бар, білім ұясына, көшеге есімі берілген. Қайраткердің еңбегі мәңгі ел есінде қалады. Бүгінгі конференцияда ғалым-дарымыз, зиялы қауым өкілдері тұлға-ның саяси, рухани, тарихи болмысын ашып, тың деректер айтылады деп сенемін! – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

Конференция пленарлық отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Қазыбек Иса, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, ҚР Мемлекет қайраткері Нұрбах Рүстемов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Серік Таукебаев, қоғам қайраткері Асылы Осман сөз сөйледі. Жазушы, Оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалиева, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы әсерлі естеліктерін айтып, жұртшылықты тағлымды сөздерімен тәнті етті. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының Төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов «Қазақтың биік тұлғасы – ел мойындаған кемеңгер» тақырыбында, Тұран-Иран ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей «Нұртас Оңдасынов сөздігінің қазақ тілінің дамуындағы орны» тақырыбында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мұхамади Құралай «Нұртас Оңдасыновтың тіл ғылымына қосқан үлесі» тақырыбында баяндамаларын жасады.

Тағлымды ғылыми жиынға жиналған көпшілік алдында Нұртас Оңдасыновтың құрметіне шынар ағашын отырғызу рәсімі болды. Конференция түскі үзілістен кейін 4 секция бойынша өз жұмысын жалғастырып, онда 90-ға жуық ғалым баяндама жасады.

«Нұртас Оңдасынов өмірі мен шы-ғармашылығы», «Нұртас Оңдасынов – біртума қоғам қайраткері», «Нұртас Оңдасыновтың тіл білімі ғылымына қосқан үлесі», «Нұртас Оңдасынов және білім беру ісі» секцияларында ғалымдар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы уақытта университеттер мен зерттеу институттары, мектеп арасындағы интеграцияның бағыттарын талқылады.

Конференциядағы талқылаулар нәтижесінде: Н.Оңдасыновтың «Арабша-қазақша» түсіндірме сөздігін лексикографиялық тұрғыдан тереңірек танытып, лексикографиялық ғылымда жұмсалымдық, әдіснамалық қолданысын кеңейту; Н.Оңдасыновтың өмірі, қызметі, қайраткерлігі, ғалымдығы тұрғысынан жаңаша танып, насихаттау ісін заман талабына сай жаңғырту; Ғалым жасаған ғылыми нәтижелері танымдық, әдістемелік, практикалық тұрғыдан жасампаз, ғылыми мұраларының мән-мазмұнын мемлекеттік деңгейде танытуға ықпал ету және өзге де маңызды мәселелер қарастырылды.

Серік Тәукебаев, «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы:

– Бүгін керемет жиынның куәсі болып отырмыз, бұған дейін де еліміздің бірнеше қаласында конференциялар ұйымдастырдық. Мұны ұйымдастырудағы мақсатымыз – кейінгі буын жастарға Нұртастай нар тұлғаны таныту, тағлым ету. Мемлекеттік ереже бойынша мұндай тұлғаларды белгілі мерейтой даталарында ғана атап өтеді. Мысалы, қоғам қайраткеріне 100 жыл, 125 жыл деген секілді дөңгелек даталарда ғана рұқсат етіледі. Елімізге еңбегі сіңген мемлекет және қоғам қайраткерлері үшін бұл жеткіліксіз. Нұртас атамыз және сол деңгейдегі қайраткерлерді ұлықтау жыл сайын аталып өтсе артық емес. Бүгін, жарыссөзге шыққан шешендер тарапынан түрлі ұсыныстар айтылуда. Расында да, ол кісіге көше, мектеп, ауыл аттарын беру аздық ететін болар. Жалпы, жас ұрпақтың санасына осындай елге еңбегі сіңген ерен тұлғаларды сіңіру үшін мектептің оқу бағдарламаларына «Тұлғатану» атты пән енгізу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, ЖОО-ларда да «Тұлғатану» курсын енгізіп, студенттердің санасына осындай қайраткерлерімізді тұлғалық болмысын танытсақ біз ұтылмаймыз. Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен еңбек жолы, ұлтжандылығы, еңбекқорлығы, халқына деген адалдығы, ол кісінің ерлігі бүгінгі мемлекеттік қызметшілер үшін дайын эталон, нағыз үлгі деп есептеймін. Оған дейін Үкіметті басқарған 7-8 қайраткердің түгел репрессия құрбаны болғанына қарамастан, Нұртастың 34 жасында тәуекел етіп, тас жұтып басшылыққа келуінің өзі батылдығы емес пе? Өте күрделі кезеңде Үкіметті басқарды, Сталиннің тұсында, одан кейін ұрда жық Хрущевпен текетіресіп Маңғыстаудың мұнайлы аймағын түркімендерге беруге қарсы болуы, Оңтүстіктің аудандарын Өзбекстанға бермей, тың игеруге қарсы тұруы, оның биліктен биік тұлға, қашанда ұлт мүддесін бірінші кезекке қойған қайраткер екенін көрсетеді. Нұртас Оңдасынов мұндай қайраткерлікті, ұлтына деген адалдықты Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтай Алаш арыстарынан, Ғани Мұратбаев, Садуқас Оспанов, Әмин Жүсіптей ұстаздарынан тағлым алып, сабақтастықта жетілуінде еді. Ал, енді Қордың жұмысына келсек, қоғамдық қор жүйелі жұмыс істеп келеді. Жарылқасын ағамыз бас болып, Гүлсім Оразалиева апамыздың іздеуімен 1994 жылы 90 жылдығын, 2004 жылы 100, 110 жылдығын да абыроймен өткізіп жүрміз. Ал, биылғы жылы еліміздің 7 қаласында, оның ішінде 3 мегаполисте, 4 облыс орталығында 10 ЖОО-да (3 Ұлттық, 7 өңірлік университетте) конференциялар ұйымдастырылды. Артында ұрпақтары, іздеушісі, жанашыры болмаса тұлға да тұл. Мектеп пен білім ордаларының бағдарламасына анайы пән енгізсек деген ниет осыдан туындайды. Қордың мұрындық болуымен және өткізіліп жатқан конференция қарарлары негізінде Нұртас Оңдасыновтың тұлғалық болмысы ғылыми мұрасына қатысты дипломдық, магистрлік, докторлық жұмыстарға тақырыптар ұсыну жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсыныс жасап, бекітілді. Еліміздің 5 қаласында үлкен ас берілді, Н.Оңдасыновтың кесенесі жаңартылды. «Нұртас Оңдасынов» ғылыми-танымдық басылымы жарық көрді, Республика көлемінде БАҚ-тарда ақпараттық насихаттау жұмыстары кешенді түрді жүріп жатыр. «Хабар» агенттігі, қолдауымен қордың ұсынысымен жаңадан деректі фильм түсірілді. «Қазақстан» мен «Абай» телеарналарында «Таңшолпан», «Сарасөз», «Ұмытпаймыз» бағдарламаларында арнайы хабарларлар түсірілді. «Қазақ» радиосында, «Шалқар» радиосында арнайы хабарларға оңдасыновтанушылар эфир қонағы болды. Республикалық бірқатар басылымдарда Н.Оңдасынов туралы жүйелі түрде мақалалар, арнайы беттер, айқарма беттер жарық көруде. Нұртас нар тұлғаны ұлықтау бір бүгінмен бітпейді. Ерен еңбегімен елге еңбегі сіңген Нұртас атамыздың есімі мәңгілікке қалуы керек, қор соған қызмет етпек.

Жарылқасын Әзіретбергенұлы:

– Мен Нұртас Оңдасыновпен ауылдас болсам да ол кісі зейнеткерлікке шыққанға дейін сырттай білгенім болмаса көрмеген едім. Бірақ өмірінің соңғы жылдарында 17 жылдай жақын жүріп араластым. Оның да себебі бар.

1972 жылы біздің «Амангелді» колхозы ( Нұртас ауылы) таратылатын болды. Басты себеп – су тапшылығы. «Қарашықтан» келетін су тоқтады. Аудан басшылығының шешімі колхозды таратып, бөлімше етіп қалдырмақ болды. Мен бұл мәселені Мәскеудегі Нұртас ағамызға жеткіздім. Ол кісі мән-жайды ұғып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхаметрасул Исақовқа мені ертіп кіріп, сұрап алды. Колхоздың тағдырын шешеміз деді. Үкімет басшысы Сағидолла Құбашевке кірдік, Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болдық. Мәселе Үкімет деңгейінде қаралды: Сырдариядан канал тартып, колхозды суландыру керек деп шешілді. Бірақ ол өте қымбатқа түскен жоба еді. Сметасын есептегенде 10 млн рубль қаржы керек! Тәртіп бойынша соның 3 млн сомасын ғана республикадан, қалғаны Одақтық бюджеттен қаралуы керек. Мәскеуге Республика үкіметінің қаулы –қарарлары мен ұсыныс хаттар жолданды. Бес жылдай Түркістан –Алматы –Мәскеу арасында жиі қатынап, екі ортаны жол қылдым, арасында Нұрекеңе соғып мән-жайды баяндап отырамын, кеңесемін. Сырдария трансшекаралық маңызды су ресурсы, ол өзенде 19 түрлі «Қызыл кітапқа» енген балықтың түрі кездеседі. Бұл өзеннен 1 тамшы да су тартуға болмайды, өзенді бұруға болмайды деп үзілді-кесілді қарсы уәж айтылып Мәскеу шенеуніктері құжаттарымды лақтырып жібереді. Қайтадан әрекеттенеміз. Ақыры, Нұрекеңнің табандылығы мен абыройының арқасында КСРО Қаржы министрі Горбуновтың қабылдауына кіріп, «рұқсат» деген бұрыштама соқтырып, мәселені оң шешіп, елге алақайлап қуанып қайттым. Колхозға канал тартылды, 1 мың метр тереңдіктегі 4 жер асты скважині қазылды. Түркістан мен колхоз арасына асфальт жол төселіп, жаңа мектеп салынды. Тіршілік жанданып, шаруашылық қалпына келіп, айналасы 4-5 жылдың ішінде ауыл гүлденіп сала берді. Тағы да 1 мың гектар жер игеріліп, мақталыққа дайындадық, колхозды( бүгінгі Нұртас ауылын) осылай сақтап қалған едік. Міне, осындай елдік мәселе бізді Нұрекеңмен таныстырды, табыстырды. Ол кісі 1989 жылы 4 қарашада өмірден озды. Ол кісінің мүрдесін елден жырақ Мәскеуде қалдырмай, туған жеріне жерлеуге күш салдым. Бұл іске сол кездегі Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілі Серікболсын Әбділдин, Алматыдан С.Құбашев, Шымкент обкомының бірінші хатшысы В.Темірбаев, журналист Г.Оразалиевалар көп көмектесті.

1994 жылы Нұртас Оңдасыновтың 90 жылдығын өткіздік. Елде 90-жылдың тоқырауы белең алған қиын кез еді. Соған қарамастан, абыроймен өткіздік. 2004 жылы 100 жылдығы мемлекеттік регламентке сәйкес, арнайы мерейтойды ұйымдастыру комиссиясын құру туралы Үкімет қаулысымен бекітіліп ел деңгейінде атап өтілген болатын. Мерейтой қарсаңында Түркістандағы Кентау көшесі Н.Оңдасыновтың атына берілді. Бұрынғы Теміржолшылар паркі күрделі жөндеуден өтіп, Н.Оңдасынов атындағы мемориалық кешен ашылды. Кешен аумағында «Дарын» мектебінің ғимараты соғылды, музейі, аллеясы ашылып, ескерткіш (бюст) қойылды. Одан бөлек Астана, Алматы, Атырау, Ақтау сынды ірі қалаларда бір – бір көше аттары, мектеп аттары берілді. Сол тұстағы қала әкімі Ө.Әметұлы, облыс әкімі Б.Сапарбаев бастамаларымды қолдап, бірқатар іскер азаматтар қостап мерейтойды ел деңгейінде өткізген едік. Міне, биыл 120 жылдығын атап отырмыз, бұл мерейтойды Серік Тәукебаев бас болып атқаруда. Серік інімізге ерекше ілтипат білдіріп, алғысымды айтамын. Нұртастай ер есімі мәңгілік ел есінде деп білемін.

Әтіргүл ТӘШІМ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы