Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс», – деген болатын.
Шілденің басында қазір әлемнің нөмірі бірінші экономикасына айналған Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Мәртебелі қонақты салтанатпен қарсы алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп тұрды. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Балалар төраға Си Цзиньпин бастаған ҚХР делегациясына ілтипат білдіріп, қытай тілінде ән шырқады. Си Цзиньпин қазақ балаларын Қытайға оқуға шақырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин достық рәуіште кездесу өткізді. Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік, экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отырғанын баса айтқан еді.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан көлік саласында Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді. Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқарады. Орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе артуы мүмкін. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруымыз қажет.
«Бақты» өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтаудағы контейнер хабының құрылысын тездету және Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліздің бойында тұрған айлақ әлеуеттерін арттыру керек. Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларында өз терминалдарымыздың құрылысы басталды. Бұл – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы біздің ұлттық бастамаларымызбен тоғысқанының нақты көрінісі.
Іргелес елдердің бәрімен, оның ішінде Ресей, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азиядағы тату көршілерімізбен сындарлы әрі достық қарым-қатынаста болсақ, еліміздің көлік әлеуетін тиімді пайдалана аламыз»,-деген болатын.
Қос қапталымыздағы екі алып көршінің Қазақстан экономикасын алға сүйреуіне мол мүмкіндіктер бар екені айдан анық. Осыған орай жақында сарапшылар мен журналистер Қытай төрағасының Қазақстанға сапарын талқылады. Қорғас халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланысты нығайтуға арналған дөңгелек үстел өтті. Оған Қазақстан, Қытай және Тәжікстан елдерінің БАҚ өкілдері, сондай-ақ саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты. Іле Қазақ автономия аймағының билігі ұйымдастырған шара Қорғас аумағындағы Қытай мәдени орталығында өтті.
Кездесу барысында қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастық, туризмді ілгерілету, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы инфрақұрылым жобаларын дамыту, сондай-ақ Си Цзиньпиннің Астанада өткен ШЫҰ саммитіне қатысуын сөз етті.
Сарапшылар мен журналистер Қытай Халық Республикасы төрағасының сапары екіжақты қарым-қатынастың беріктігін және екі ел арасындағы саяси сенімнің жоғары деңгейіне ерекше мән беретінін ерекше атап өтті.
Қазақстандық саясаттанушы Мурад Шамилов өз сөзінде Си Цзиньпин Қытай Халық Республикасының төрағасы қызметіне кіріскен 2013 жылдан бері Қазақстанға бес рет келгенін тілге тиек етті.
«Бұл факт осы жылдар ішінде елдер мен мемлекет басшылары арасында теңдік пен сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диалогқа жағдай жасалғанын көрсетеді. Біз Си Цзиньпиннің шетелдік сапарлары туралы хаттаманың қаншалықты мұқият қабылданғанын білеміз. Сонау 2022 жылы Қазақстан пандемиядан кейін барған алғашқы ел болды. Сонымен қатар, Си Цзиньпиннің бір елге жиі баруы сирек кездеседі. ҚХР басшысы сапарларының жиілігі Қазақстанның аспан асты империясының серіктесі ретіндегі ерекше орнын көрсетеді», — деді ол.
Оның айтуынша, Қытай Қазақстанның стратегиялық серіктестері арасында маңызды орын алады.
Әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі ретінде Қытай технология жағынан да, инновация жағынан да үлкен қызығушылық тудырады.
Энергетика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді.
Шағын және орта бизнесте жобалар әзірленіп жатыр, сондай-ақ сауда, кедендік реттеу, көлік, ғылым және қоршаған ортаны қорғау салаларында ынтымақтастық орнаған.
Қазақстандық журналист-сарапшы Әлібек Бегалинов ШЫҰ-ның аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуде, саяси және экономикалық жүйесі әртүрлі елдерді біріктіруде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Бұл олардың халықаралық құқық пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген проблемаларды шешудің өзара тиімді жолдарын іздеуге кедергі келтірмейді.
Сондай-ақ ол Астанада өткен ШЫҰ саммитіндегі ҚХР-дың рөліне тоқталды.
«Сапар барысында тараптар жақын арада екіжақты тауар айналымын екі есе арттыру, экономика және сауда, инвестиция, өндірістік қуат, энергетика сияқты әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, сондай-ақ негізгі салаларда өсудің жаңа бағыттарын дамыту, пайдалы қазбалар, жаңартылатын энергия көздері, ғылыми-техникалық инновациялар, авиация және ғарыш, цифрлық экономика, сондай-ақ халықтар арасындағы байланысты нығайту жөнінде келісті», — деді спикер.
Тәжікстанның БАҚ өкілі Азамат Әлібековтың сөзінше, Қытай мен Орталық Азияның өзара іс-қимылының бай тарихы бар.
«Бір белдеу, бір жол» сияқты интеграциялық бастаманың арқасында бұл қарым-қатынасқа жаңашылдық енді.
Бұл бастама Орталық Азия елдерінің экономикасы мен халқы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын инфрақұрылымды, сауда және мәдени алыс-берісті дамытуды ынталандырады.
Қазақстандық саясаттанушы Фархад Қасенов Қазақстан ШЫҰ-ға 2023 жылдың шілдесінен бастап төрағалық еткенін атап өтті.
«Осы жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан кейін саммит «ШЫҰ плюс» форматында өтті. Оған Түркия мен Әзербайжан кіреді. Бұл елдер Қытайдан Еуропаға маңызды көлік дәлізін құрудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұл формат ШЫҰ жұмысына қатысуды кеңейтіп қана қоймай, ынтымақтастыққа мүдделі, бірақ толыққанды мүше бола алмайтын елдерге жол ашады», — деді ол.
ТҮРКІ ТӨРІ МЕН ҚЫТАЙ
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
Облыс әкімі қызметіне кіріскен бойда Дархан Сатыбалды өзіне де биліктің барлық тармақтарына да зор талап қойып, алдымен әкімдердің жұмысы өңірге инвестиция тартуымен бағаланатындығын алға тартты. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде үлкен ауқымдағы кездесуге қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұл кездесудің ғасырлық жобаларға жол ашқандығын жан-тәнімен түсінді. Қытаймен қарым-қатынасқа аса зор мән бере бастады.
Түркістан облысында мәдениет пен туризм салаларын дамытуға күш салынған. Бұл бағытта шетел тәжірибесін пайдаланып, инвесторлар тартуға да басымдық берілген. Өңір экономикасын қарқынды дамыту үшін ұзақ мерзімді инвестиция құятындарға қолайлы жағдай жасалады.
Өнеркәсіпті дамыту – ортақ міндет. Түркістан облысында жаңа инновациялық кәсіпорындар пайда болуы қажет. Еліміздің экономикасына инвестиция салу үшін шетелдік капиталды тарту маңызды, содан кейін өнім экспортқа кетеді. Осыны мақсат еткен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапарын Чжэнчжоу қаласында жалғастырды. Айта кетейік, былтыр Түркістан қаласы пен Чжэнчжоу қалалары арасындағы әріптестікті, байланысты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылған.
Хэнань өлкесіне қарайтын бұл аймақ қытай ұлтының алтын бесігі, тарихи және мәдени ошағы саналады. Бұл – елдің тарихи әрі экономикалық орталықтарының бірі. Өндірісі дамыған Чжэнчжоу қаласында Түркістан өңірін жан-жақты дамытуға бағытталған маңызды келіссөздер жүргізілді.
Хэнань – тұрғындарының саны 100 миллионнан асқан ең бірінші өлке. Бұл қала алғашқы ақшаның, кун-фудың Отаны саналады. Құрлық, теңіз, әуе жолдарында да сауда-экономикалық мүмкіндігі жоғары. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, машина жасау және өзге де салалар қарқынды дамыған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының Қытайдағы аялдамасы Чжэнчжоудан басталады.
Түркістанда туризм саласын жан-жақты дамыту үшін өңір басшысының басқаруымен Түркістан облысының делегациясы қытайлық жұмыс тобымен кездесті. Сонымен бірге облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған ресми және іскерлік делегациясы Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен өткен екі ел кәсіпкерлерінің сауда-экономикалық форумына қатысты. Бизнес-форумға екі елдің 100-ге жуық кәсіпорын өкілдері арасында B2B форматында екіжақты кездесулер өткізілді. Бұл кездесулерге Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов та қатысып, инвесторлармен келіссөз жүргізді.
Дархан Сатыбалды екіжақты байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және өзге де мәселелер бойынша әріптестік орнатуға дайын екенін айтты. Бизнес-делегациясының құрамында білім, денсаулық сақтау, IT, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, білім беру, денсаулық сақтау салаларының өкілдері болды. Бетпе-бет жүздесіп, бизнес бастауға арнайы жиналған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Дархан Амангелдіұлы әр инвестормен жеке жұмыс істейтінін жеткізді.
Облыс әкімі инвесторлар үшін қолайлы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Сауда қатынастарын орнатып, инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді. Мәдениет, туризм, білім салаларын дамыту тетіктерінің қарастырылатынын айтты. Өңір басшысы Түркістан облысының қазақ және түркі әлемі тарихындағы маңызына тоқталып, экономикалық әлеуетімен таныстырды. Инвестиция тартуға, өндіріс орындарын көбейтуге мүдделі екенін жеткізді.
– Сіздермен кездескеніме қуаныштымын! Бүгінгі кездесу өзара тиімді ынтымақтастық нығайтуға бірегей мүмкіндік. Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан транспорттық-логистикалық әлеуеті жоғары өңір. Өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы тұста, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында, Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді және маңызды сипатқа ие. Атап айтқанда, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы Азия, Африка, Еуропаны құрлық және теңіз бағыттары бойынша байланыстыратын негізгі бастама. Бүгінгі таңда елдеріміздің шекарасы арқылы 5 тұрақты пункт, 5 трансшекаралық мұнай және газ құбырлары, 2 теміржол желілері және халықаралық ынтымақтастық орталығы жұмыс істейді. Екіжақты сауда, экономикалық, гуманитарлық және туристік қарым қатынастарды одан әрі нығайтуға күш салып, жаңа бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ сапар аясында облыс әкімі инвесторлармен кездесіп, олармен маңызды келіссөздер жүргізді. Экологиялық мәселелерге үлкен мән беретін елдегі тәжірибені меңгеру, тың жобаларды бастау, озық технология шығару, оны меңгеру және басқа да жобаларды талқылады. Кез келген мемлекет экономиканың барлық салаларын қолдайды және бұл тұрғыда өңдеу өнеркәсібіне негізгі басымдық берілетіні түсінікті.
Инвесторлар жұмысқа қолайлы Түркістан өңірінде жаңа жоба бастауды қуана қолдайтындарын жеткізді. Өңір халқының еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту, табиғи тыңайтқыш түрлерін көбейту, құрылыс сапасына озық технология ендіру, өндірісті дамытуға қызығушылық танытуда. Сондай-ақ жаңа технологияларды меңгеруде маман дайындауға ерекше назар аударуда. Кен, өңдеу саласы, фармацевтика салалары бойынша ұсыныстар жан-жақты талқыланды. Жаңа жобаларды жүзеге асыру жолдары қарастырылды.
БЕЙЖІҢДЕГІ БЕЙБІТ БАСҚОСУЛАР
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапары аясында 20-дан астам меморандумға қол қойылып, маңызды келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Бейжің қаласының іскер топтарының өкілдерімен G2B форматта маңызды кездесулер өткізді. Онда құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс, жиһаз өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық талқыланды. Кездесудің негізгі мақсаты – Түркістан өңірінде өндірісті дамытуға жеке инвестициялар тартуға, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын сапалы және заманауи техникамен қамтамасыз етуге және отандық өндірісті дамыту саласында сындарлы өзара іс-әрекетті жолға қоюға ықпал ету.
Бүгінгі күндегі отбасылық бизнес – бүкіл әлемге таралған кәсіпкерліктің түрі. Отбасылық бизнес құруға Түркістан өңірі де ден қойды. Отбасылық (туыстық) бизнес үлесі тамырын кеңге жайып келеді. Әлемнің дамыған елдерінде атадан балаға мұра болып қалатын кәсіп экономиканың негізгі қозғаушы күші болып есептеледі.
Облыс әкімі жүздескен компаниялардың басым бөлігі осы отбасылық бизнес өкілдері. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін егуден бастап, тері өңдеп, әлемдік нарыққа шығарған. Жоғары технология, компьютерлік жүйе, экологиялық таза өнім сатуды мықтап қолға алған кәсіпкерлер Түркістан облысына инвестиция құюға, жергілікті шаруалармен тәжірибелерімен бөлісуге дайын.
ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТ ӘКІМ НАЗАРЫНДА
Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Сондай-ақ 2024 жыл «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» екеніне тоқталып, бұл отандық туристік компанияларға, сондай-ақ туризм нысандарын кеңірек насихаттауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Облыс әкімі атап өткендей, туристік әлеуетті жоғарылату арқылы экономиканың да әлеуетін көтеруге мүмкіндік бар. Визасыз режим екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді. Бұл әсіресе, алдағы «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында өте өзекті.
Ең үлкен аймақ саналатын Түркістан өңірінде өндірісті дамытуға күш салынған. Облыс орталығында жиһаз өндірісінде өсім бар. Бұл салада көш бастаған Қытай кәсіпкерлері өз тәжірибесімен бөлісіп, қолдау білдіруге ниетті.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – жалпы аумағы 540 га 10 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 га алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан және инфрақұрылымы бар жер учаскелерінен өтеусіз негізде босатуды қамтитын ерекше құқықтық режимді ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Аталған өндірістік ғимараттарды бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен жалдау және сатып алу құқығымен беріледі.
ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ
ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУДА
Түркістан облысының делегациясын басқарған өңір басшысы Дархан Сатыбалды Қытай еліне жұмыс сапары аясында Хэнань провинциясының вице-губернаторы Чжан Миньмен кездесіп, достық меморандумына қол қойды. Құжат өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты қамтиды.
Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы ҚХР-ға жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген қонақжайлылық пен жылы қабылдаулар үшін Хэнань провинциясының басшылығына алғыс айтып, өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңызына тоқталды. Тараптар екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.
– Түркістан облысы үлкен инвестициялық, сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Облыс арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар сауданы дамытудың мүмкіндігі өте зор. Индустриалды және арнайы экономикалық аймағында инвесторларға дайын инфрақұрылымы ұсынылады. Екіншіден, агроөнеркәсіптік кешені саласында мүмкіндігіміз өте жоғары. Туризм саласында да саяхатшыларды қызықтырар орындар көп. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамалары бойынша әріптестік орнатуға дайынбыз. Ең бастысы, өңірімізде еңбекқор халық бар, – деді Дархан Сатыбалды.
Сапар аясында делегация жергілікті индустриалды аймақта болып, оның жұмысымен танысты. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Сондай-ақ өңір басшысы ҚХР Хэнань провинциясы, Чжэнчжоу қаласының партия комитетінің хатшысы Ань Вэймен кездесіп, өзара ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізді. Аймақтар арасында «Жібек жолын» дамыту жолдары талқыланды.
– Чжэнчжоу ішкі өнеркәсіп көлемі соңғы уақытта еселеп артты. Азық-түлік өңдеу кәсібі бойынша біз көш бастап тұрмыз. Чжэнчжоудың негізгі кәсібі де, артықшылығы да – осы. Бұл ерекшелігіміз Түркістан облысымен ұқсас келеді. Болашақта арамыздағы ынтымақтастық беки түседі деп ойлаймын. Бұдан тыс, тарихи ошақтарымызды сол қалпында сақтап қалуға бар күшімізді саламыз. Бұл тұрғыда да өздеріңізбен бірлескен шараларға дайынбыз. Жалпы, біздің төрт қақпамыз ашық. Әуе жолы, әлемдік ғаламтор, теміржол және құрлық. Біздің импорт пен экспорт 500 миллиард юаньға жетті. Ұлттық технологиялар мен дарындылар базасы атандық. Қаланы халықаралық қала етіп құру жолындамыз. Заманауи қаланың үлгісі етуге күш салып жатырмыз. Түркістанның тарихын жақсы білеміз. Бізге көрші болу бұйырған. Ендеше бірге дамуға атсалысайық. Бір бағытта серіктес болуға, жаңа технология, мәдениет, сауда мен ауыл шаруашылығы бойынша ынтымастастығымызды бірге күшейтуге дайынбыз, – деді Чжэнчжоу қаласының партия комитетінің хатшысы Ань Вэй.
Бүгінгі екі ел шекарасы арқылы 5 тұрақты пункт, 5 трансшекаралық мұнай және газ құбыры, 2 теміржол желісі және халықаралық ынтымақтастық орталығы жұмыс істейді.
– Қытайды жаңа қырынан танып жатырмыз. Түркістан – Ұлы жібек жолы бойында орналасқан ежелгі өркениет орталығы. Киелі шаһарымызда ислам ғұламасы Қожа Ахмет Ясауидың кесенесі орналасқан. 2021 жылы Түркістан түркі тілдес елдердің рухани астанасы болып танылды. Түркістан өңірі тарихы тереңде. Түркі елдерінің тарихи ордасы және қасиетті мекен. Қазақ хандығының алғашқы ордасы болған, батырлар мен билер мекені. Өңірді ірі өндіріс орталығына айналдыру мақсатымыз бар. Өндірісті дамытып, жұмыс қолын арттыру аса маңызды. Осы ретте өткен жылы Чжэнчжоу қаласы мен Түркістан қаласының арасында достық қарым-қатынасты орнату туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған меморандум аясында Түркістан облысының кәсіпкерлері Чжэнчжоу қаласында іссапармен болып, өзара байланысты нығайтты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойды. Біздің міндет – өңірлер арасында экономика, мадениет, туризм салаларында тығыз байланыс орнату. Түркістан облысы мен Хэнань провинциясы арасында екіжақты достық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойдық. Бұл келісім өңірлеріміздің түрлі салаларының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдіремін, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Чжэнчжоу қаласы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, электроника, машина жасау, текстиль саласында дамыған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының Қытайдағы аялдамасы Чжэнчжоудан басталады.
ҚЫТАЙ КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ ҚҰШАҒЫМЫЗ АШЫҚ
Жақында Түркістанға Қытайдың Шаньдун провинциясынан делегация келді. Шаньдун Қытайдың барлық аймақтары арасында ШҰАР мен Пекиннен кейінгі Қазақстанның үшінші сауда серіктесі. Аталған провинция мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы жыл басынан бері 1 млрд долларды құрады. Бұл сапар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр.
Қытай Халық Республикасы делегациясымен Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды кездесті. CETRON Financial Holdings – Жібек жолының жаһандық экономикалық және сауда делегациясы Қытайдың мәдениет және туризм министрлігінің Қаржылық капиталы және Қытайдың мемлекеттік акционерлік әкімшілігінің кәсіпорны. Бұл – индустрияландыруға және жаңа энергетиканы, жаңа технологияларды, жаңа материалдарды, жоғары деңгейлі жабдықтарды, сондай-ақ трансшекаралық экономика мен сауданы көп өлшемді дамытуға маманданған кешенді өнеркәсіптік инвестициялық платформа.
– Бізде Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы (ҚХР) арасындағы екіжақты қарым-қатынастың дамуына қатысты пікір алмасуға жақсы мүмкіндік туып отыр. Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі саналатын Түркістан облысы – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Халық тығыз орналасқан біздің өңірімізде ауа-райы өте қолайлы, ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Өңірімізде өндірісті дамытуға басымдық береміз. Түркістанда туризм саласын дамыту Мемлекет басшысы қойған басты міндеттердің бірі екендігін атап өткім келеді. Түркістан облысында бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытуға болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай достығын, тату көршілік пен өзара сыйластықты нығайтуда жаңа табыстарға қол жеткізуде тығыз ынтымақтастықта. Барлық деңгейдегі тұрақты байланыстар екі елдің берік достығы мен берік қарым-қатынасының жарқын үлгісі болып табылады. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп сенеміз, – деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.
Ең алдымен жеңіл өнеркәсіп саласында иірілген жіп, мата және кілем өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. пластмассадан жасалған бұйымдар өндірісін дамытуға болады. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриялық аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы. Онда дайын инфрақұрылымы бар жер телімдерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады.
Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен саласында облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жобалар құпталады. Түркістан облысында мақта өндірісінің жылдық көлемі 316 мың тоннаны құрайды. Өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу – басым бағыттардың бірі. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және логистика салаларына бағытталды.
Қытай делегациясы тарапынан да бірнеше жобалар ұсынылды. Ең алдымен халық сұранысына сай салаларға бет бұратындарын атап өтті. Атап айтқанда, мақта шаруашылығы және ауыл шаруашылығы техникасы, сондай-ақ баламалы энергетика және күн энергетикасы саласына басымдық берілген. Жаңа технология – желден электр энергиясын өндіру, күн сәулесі арқылы тоқ өндіру, жеңіл өнеркәсіп салаларына инвестиция құюға дайын.
2027 жылға дейін аймақ экономикасына 300-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру есебінен шамамен 6,7 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланған. Қазақстан тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілетін Еуразиялық экономикалық одақтың (халқы-200 млн.адам) мүшесі. Бұл тұста Түркістан облысында бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар, оларды іске асыруға қазақстандық және қытайлық компаниялар тартылуда. Бұл өз кезегінде әлемдегі алдыңғы қатарлы экономика атанған алып Қытайдың елімізге берер іс-тәжірибесі мен қомақты инвестициясы түркінің төрінің шарықтап дамуына серпін берері, бастысы еркін тауар алмасу мен өзара сенімге негізделген достық пен ынтымақтастықтың жарқын көрінісі болмақ.
Ескендір ЕРТАЙ.