ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ САУРАНДЫҚ ҚОС ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

825 көрілім

Қазіргі таңда қоғамда қайырымдылық жасап, игі істер атқаратын азаматтар қатары көбейіп келеді. Осы орайда Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Шорнақ БПҰ төрағасы, меценат Сүлейменов Баймахан Тоймаханұлы өз қаржысы есебінен 2 отбасыға баспана кілтін табыстады.

Отбасы мүшелеріне жаңа үйдің кілтін табыс ету рәсімінде облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреқызы арнайы келіп, игілікті іске атсалысқандарға алғыс білдіріп қана қоймай, қоныс той иелерін құттықтады. Бұл күні қуанышқа ортақтасып бірқатар облыстық мәслихат депутаттары және бұқаралық ақпарат өкілдерімен қоса тұрғындар да келді.

Сонымен қатар, аталған отбасының қуанышымен бөлісуге Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байспаев және аудан әкімдігінің қызметкерлері арнайы барып, жомарттық жасаған облыстық мәслихат депутатына ізгі тілектерін білдірді. Отбасы мүшелеріне сый-құрметін көрсетті. Бүгінгі таңда тұрғын үйлер толығымен аяқталған. Баспана іші қазіргі заман талабына сай жабдықталып, жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Ас үй мен қонақ бөлмесі де ерекше безендірілген. Сонымен қатар үй қажетті жиһаздармен толық қамтамасыз етілген.

– Жалпы, жұртқа қайырымдылық жасау – мұсылмандық әрі азаматтық борыш. Мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Ауданда жүрегі мейірім мен шапағатқа толы азаматтарымыз көп. Бүгінгі жаңа баспананы тұрғызып, екі бірдей отбасыға үлкен қуаныш сыйлағаныңыз үшін Баймахан Тоймаханұлы сізге алғысым шексіз, – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, аудан көлемінде тұрғын үйге тәуелділікті азайтып, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталығынан 24 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қосымша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы