ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУДЫҢ ТИІМДІ ТҰСТАРЫ КӨП

1  102 көрілім

Қазіргі таңда жиі сөз болып, талқылауға түсіп жүрген тақырыптардың бірі – әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі. Бұл тақырып қоғамда қайта-қайта көтеріліп, әңгіме болып жүргені де жасырын емес. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Түркістанға келген сапарында да халықпен кездесуде осы маңызды мәселеге байланысты арнайы тоқталған болатын.

«Ең бастысы, халықты медициналық қызметпен қамту. Себебі, бүгінгі күні Қазақстан бойынша өздеріңізге белгілі, медициналық сақтандыру жүйесіне кіру үшін он бес осал топтар мемлекет тарапынан қамтылып отыр. Ол он екі миллионға жуық халық. Сонымен қатар, экономикалық белсенді халықтың ішінен бүгінгі күні үш жарым миллионға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесіне енбей отыр. Яғни, бұл дегеніміз, біз бұл азаматтарға тиісті деңгейде жоспарлы көмек көрсете алмай отырмыз. Тиісті скринингтерді толығымен жүргізуге ол да өз кедергісін келтіріп отыр», – деп алаңдаушылық білдірген еді.

Сондай-ақ, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде де сақтандырылмаған адамдар мәртебесін бекітуге байланысты түрлі категорияға бөлінген. Мәселен, «А» категориясы өзіне-өзі қолжетімді айлығы бар кісілер. «Е» категориясы жұмыссыз болып еш жерде тіркелмеген, табыс көзі де жоқ адамдар. Міне, осындай топтағылар өзін-өзі әлеуметтік медициналық сақтандыруға тиіс.

Еліміздің бас дәрігері айтса айтқандай, мен бүгін әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімді тұстары туралы қысқаша айтып өтсем деймін.

Мысалы, Жедел жәрдем қызметі, қант диабеті, туберкулез, қан қысымы, оқыстан құлап жарақат алса, тамақтан улану сияқты кенеттен болатын жағдайларға байланысты аурулардың сақтандырылған-сақтандырылмаған мәртебенің қатысы жоқ. Олардың бәріне бірдей шұғыл жағдайда келгенде көмек көрсетіледі. Ал, мерзімі келгенде скринингтен өту, тексерілу, жоғары мамандандырылған көмек алу, тәулік бойы стационарға жату, белгілі бір отаны жасату үшін әрбір адамның сақтандырылған мәртебесі болуы шарт. Көпшілікке белгілі, әрбір жасалған медициналық көмектің өзінің бекітілген құны бар. Нарықтық экономика кезінде олай болуы заңды да.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы емдеу орындарында, соның ішінде өзім еңбек етіп жүрген қалалық орталық ауруханасында да бұрын жергілікті халықтың қолы жете бермейтін, тек қана ірі қалаларда жасалып келген күрделі оталар жасалуда. Мысалы, тізе, жамбас, буын ауруларына оталар, импланттар, кардиостимулятор оталары сәтті жасалып жүр. Міне, осындай оталар өте қымбат, жеке азаматтардың өзі төлеуге шамасы келе бермейтін оталарға да әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметі арқылы қол жеткізуге болады. Сондықтан да, әлеуметтік медициналық сақтандырудың осындай тиімді тұстарын дер кезінде пайдалана білейік дегім келеді. Ең бастысы, ауырмайық! Ауырмай тұрып, тексеруден өтіп, аурудың алдын алу үшін де әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңызы зор.

Ләззат Бименова,

Түркістан қалалық орталық ауруханасының кардиолог-дәрігері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы